Облыста мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексі ережелерін бұзушылар қатары азаймай тұр.
Осы мәселелер Қазақстан Рес-публикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалиновтың төрағалығымен өткен кезекті әдеп кеңесінде талқыланды.
Отырыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары айтылып, мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік іс қаралды. Мәселен, Целиноград ауданында білім беру саласында бірқатар заң бұзушылықтар орын алған. Оқушылардың тамақтануына бөлінген қаражатты мектеп директорының талан-тараж етуі, басшының сағаттарды қағаз жүзінде ғана бөліп беріп, тиісті соманы өзіне алып қалуы сияқты оқиғалар орын алған. Аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев заңды бұзған тұлғалар құқықтық жауапкершілікке тартылғандығын, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары ауданда күшейтілетінін жеткізді. Сонымен қатар, кеңес барысында Бұланды ауданы әкімінің орынбасарлары Ораз Смағұлов пен Бақыт Тасылбекованың қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны белгілі болды. Оларға қатаң сөгіс жариялау жөнінде ұсыныс енгізілді. Бұдан соң отырыста өткен жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының талаптарын бұзған Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Құдайбергенов пен Бурабай кентінің әкімі Шыңғысхан Темірбековке тағайындалған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсыныс та айтылды. Алайда, жазаның аяқталуына небәрі екі апта қалғандықтан, кеңес мүшелері бұл ұсынысты қараусыз қалдырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.