Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа ҮНДЕУІ - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа ҮНДЕУІ

 

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті отандастар!
Баршаңызға қасиетті Рамазан айының қарсаңында жыл сайынғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын!
Өздеріңізге белгілі, еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отандастарымыз айтып келмейтін табиғи су тасқынынан едәуір зардап шекті. Қаншама бауырларымыздың үйі су астында қалып, материалдық шығынға ұшырады. Осыған орай, жомарт жандар мен қайырымды кәсіпкерлер табиғи апаттан үй-күйсіз шарасыз қалған тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмегін аямауда.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жанашыр жамағаттың демеушілігімен «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізді. Кәсіпкер азаматтарды осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамын.
Қадірлі бауырлар!
Асыл дініміз Исламда «садақа жария» деген қасиетті ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді, атап айтқанда, мешіт-медресе, аурухана, балабақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауыз суы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздырту, т.б игі амалдарды «садақа жария» деп атаймыз. Міне, бұл ізгі іс-шаралар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты амалдар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстарда «Қайырымдылық мекемесін» ашып, жергілікті жас буынға діни һәм зайырлы білім беріп, имандылыққа тәрбиелеумен қатар тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетуде.
Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұртшылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұмысына белсене араласып, жанашырлық танытуға шақырамын. Өйткені, Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.
Құрметті қазақстандықтар!
Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қатыгездік жағдайлар, арақ-шарапқа тәуелділік, отбасындағы келіспеушілік, террорлық оқиғалар сынды жалпы адамгершілік құндылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұрғыдан аздырып, елдің тыныштығын бұзып, қоршаған орта мен бүкіл қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман әрекеттерге жұрт болып жұмылып қарсы күресуіміз керек. Бүгінгідей бірлігіміздің арқасында мұндай жағымсыз, жаман оқиғалардың жолын кесе аламыз.
Ардақты ағайын!
Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.
Зекет беру – жағдайы келген мұсылманға парыз. Ал, зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.  
Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Осынау жақсы амалдар кейінгі айларда да жалғасын тапса нұр үстіне нұр.
Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті айда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, әрбір игі бастамаларымыз баянды болғай! Әумин!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар