Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Аттестаттаудың басты мақсаты – мамандардың біліктілік деңгейін анықтау» - АРҚА АЖАРЫ

«Аттестаттаудың басты мақсаты – мамандардың біліктілік деңгейін анықтау»

 

«Б» тобындағы мемлекеттік қызметшілерге арналған бір реттік кешенді аттестаттау еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілді. Бұл шараның бұрынғыларынан ерекшелігі – мемлекеттік қызметшінің тек өз қызмет саласына сай қолданыстағы заңдарды білуін ғана емес, оның маман ретіндегі құзыреті мен міндетін орындауға қатысты толыққанды білімі мен біліктілігін айқындауға жете мән берілетіндігінде. Үш кезеңнен тұратын аттестаттау маманның білімі мен кәсіби біліктілігін, интеллектуалдық деңгейін жан-жақты айқындап беруі тиіс. Таяуда облыс соттарының аппарат қызметкерлері аттестаттаудың соңғы үшінші кезеңі – әңгімелесуден өтті. Газетіміздің тілшісі облыс соттары әкімшісінің басшысы  Данияр Сарымсақовпен осы аттестаттаудың қорытындысына орай әңгімелескен еді.

 

– Аттестаттаудан өткізу өзіңіз басқарып отырған ұжымда еңбек етіп жүрген мамандар туралы пікіріңізге қаншалықты ықпалын тигізді. Сот саласында қызмет етіп жүрген мамандардың деңгейі өзіңіз күткен ойыңыздан шықты ма?
– Тестілеу нәтижесі мен әңгімелесу әр маманның басым тұстары мен кәсіби деңгейін саралауға мүмкіндік берді. Әңгімелесу барысында мамандар әр қырынан танылды. Мамандардың өз міндеттеріне деген жауапкершілігі және тәжірибелігі көңіл толтырарлық дәрежеде екенін баса айтып кеткім келеді. Қызметкерлердің өз құзыреті шеңберінде шешім шығаруы үшін қажетті ақпаратты жинауды жақсы қалыптастыра білулері, қабылданған стандарттар мен нормалардың, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуына баса назар аударулары олар жайында жақсы пікір қалыптастыруға негіз болды.
– Қанша адам аттестаттаудан өтті және оның нәтижесі қандай болды?
– Әңгімелесуден өтуге тиісті С-О-4, С-О-5, С-О-6, С-R-1, C-R-4, C-R-5 санаттарындағы 217 қызметкердің 215-і өтті, ал, науқастануына байланысты 2 маман сұхбатқа қатыса алмады. Бес күнге созылған отырыстың нәтижесі бойынша 203 (94,4 пайыз) мемлекеттік қызметкерге қатысты өзінің лауазымдық міндетіне сәйкестігі туралы шешім қабылданса, 12 (5,6 пайыз) мемлекеттік қызметкерді жоғарылатуға ұсыныс жасалды, лауазымын төмендету бойынша шешім қабылданған жоқ. Аттестаттаудың осындай нәтижесін қызметкерлеріміздің өз міндеттерін жауапкершілікпен, сапалы атқара алатындықтарының көрсеткіші деуге болады.
– Аттестаттау комиссиясының төрағасы ретінде мамандардың кәсіби біліктілік деңгейі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Сот төрелігін жүзеге асыру барысында, сот жүйесі қызметкерлерінің жүктемесі өте ауыр екендігін екінің бірі біле бермейді және оған қоса жауапкершілік те жоғары. Сондықтан, мамандардың кәсіби біліктілігі өте жоғары деңгейде болуы тиіс. Қызметкер жұмысын жоспарлай, жүйелей білуі, жағдайды жан-жақты зерттеп, дұрыс шешім қабылдап, қалыпты емес жағдаяттар туындаған кезде уақытында жедел әрекет жасай білуге тиіс.
– Жалпы, мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік қызметкер кәсіби қызметінде жан-жақты білімді, өнер, спорт, әдебиет, мәдениет салаларында болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар болып, соған сәйкес сырт келбеті де олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен, ұқыптылықпен ерекшеленетін жоғары талаптарға сай болуы шарт.
Мемлекеттік қызметкер қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс екендігін естен шығармауы керек. Сонымен қатар, тұтынушыға ақпаратты қолжетімді түрде, құрметпен және парасаттылықпен жеткізе білуі тиіс.
– Мемлекет басшысы үш тұғырлы тіл саясатын алға қойып отыр. Осы орайда, сот саласында қызмет етіп жүргендердің қазіргі тіл саласындағы білімдері мен біліктіліктеріне көңіліңіз тола ма?
– ҚР Жоғарғы Сотының 2016 жылдың 6 мамырындағы № 6001-16-13-6/24 тапсырмасына сәйкес, Ақмола облысының 249 сот қызметкері «Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау бойынша тест тапсырған болатын. Оның ішінде 39 қызметкер жоғары, 89 қызметкер орта, 101 қызметкер базалық, 20 қызметкер қарапайым деңгейді меңгергендігі анықталды. Бұл жақсы көрсеткіш.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық сотының кеңсесі және  Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесімен 2014 жылғы 9 қыркүйектегі №4 шарт негізінде кеңсенің 10 қызметкері жаңа технология бойынша мемлекеттік тілді игеру қабілетін жоғарылатып, 2016 жылы маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік, азаматтық қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқытудың үш деңгейлік жүйесіне сәйкес «ҚАЗТЕСТ» бағдарламасының базалық деңгейін табысты аяқтады, сөйтіп, сертификат алып шықты.
Елбасының 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды» деп айтылған. Осы орайда, соттар аппаратында істейтін мамандар ағылшын тілін меңгеруге де жете мән береді. 2015-2016 оқу жылында Ақмола облыстық сотының бір судьясы және соттар әкімшісінің 6 қызметкері ағылшын тілінің бастауыш деңгейін оқып аяқтады. Биылғы оқу жылында 2 судья және соттар әкімшісінің 13 қызметкері ағылшын тілінен дәріс алуда.
– Әңгімелесу барысында аттестаттаудан өткен қызметкерлер қойылған сұрақтарға жауап беру кезінде өздерін бар қырынан ашты деп санайсыз ба немесе олқы түскен жақтары болды ма?
– Қызметкерлердің басым бөлігі қойылған сұрақтарды мұқият тыңдап, толық және нақты жауап берді. Өздерінің алға қойған мақсаттарымен бөлісіп, ойларын ашық айта білді. Мамандардың сөйлеу мәнерінің, мәдениетінің жоғары деңгейде қалыптасқаны, сөздік қорларының қанағаттанарлық деңгейде екені аңғарылды.
– Аттестаттаудың нәтижесі бойынша өзін жақсы қырынан көрсеткен жекелеген мамандарға байланысты облыстық сот аппаратының басшысы ретінде мамандарды таңдау және тағайындау жөніндегі шешім қабылдауыңызға ықпалын тигізетін жайлар болды ма?
– Әрине, аттестаттау барысында жергілікті соттарда қызмет жасап жүрген қызметкерлер арасында өз жұмысының қыр-сырын толық меңгерген, кәсіби біліктілік қабілеті жоғары мамандар да анықталды. Болашақта өзінің барлық күш-жігерін, біліктілігін кәсіби қызметін атқаруға жұмсайтын, білікті қызметкерді лайықты түрде марапаттап, оны жоғарылату біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жалпы, мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттаудағы басты мақсаттардың бірі де осы болып табылады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар