Мектеп оқушыларының бойында қазақстандық патриотизм мен азаматтық, адамгершілік қағидаларын қалыптастыру – біздің білім шаңырағының алға қойған басты мақсаттарының бірі. Халқымыздың тарихын білу, оны зерделеу мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру тұрғысында Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы №43 орта мектепте көптеген іс-шаралар қолға алынған. Таяуда ғылыми экспедиция ұйымдастырылуы да соның бір айғағы деуге болады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған «Батырлар туған бақ мекен» атты инновациялық жоба аясында облыстық мәдениет басқармасының мұрындық болуымен Мәлік Ғабдуллин мұражайы қызметкерлерімен бірлесіп өткізген іс-шаралар өскелең жас ұрпаққа тарих беттерін парақтап бергендей болды.
Мұражай директоры Құдайберлі Мырзабек Ұлы Отан соғысының қаһармандары Рақымжан Қошқарбаев, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов тағы басқа жерлес батырлар жайлы біраз деректер келтіріп, олардың жасаған ерліктерінен қызғылықты мәліметтер берді.
Қордың бас сақтаушысы, директордың орынбасары Серікжан Жүзжанова М.Ғабдуллин тұлғасын насихаттау мақсатында 8 «а» сынып оқушыларымен дәріс сабағын жүргізді. Көпшілікпен іс-шаралар бөлімінің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова ұйымдастырған «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмесі мұражайдың тыныс-тіршілігі мен шығармашылығынан сыр шертті.
Іс-шараға ауыл ақсақалы Ерден Абайұлы қатысып, жергілікті жердің тарихы, белгілі тұлғалары, Р.Қошқарбаевтың өмірі, ерліктері, жеңістері туралы тарихи деректерді айтып берді. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхтар Омаров 2007 жылы ауылға Рақымжан Қошқарбаев атының берілуі туралы әңгімеледі. Шара соңы мектеп оқушыларының батырдың өмірі мен ерлігіне арналған «Мәңгілік тағзым ерлікке!» атты концерттік бағдарламасына ұласты. Мұражай директоры мектеп қорына «Ақын халықтың батыр ұлы» атты кітап пен «Кеңес Одағының Батыры, академик жазушы, қоғам қайраткері – М.Ғабдуллин» күнтізбесін тарту етті.
Жанар ЕЛЕУКЕНОВА,
№43 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Целиноград ауданы.