Облыстық филармонияда орыс және казак әндерінің «Біздің күшіміз – бірлікте» атты II республикалық қайырымдылық фестивалі болып өтті.
Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына және «EXPO – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орайластырылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының аясында өткізілді.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова аталмыш фестивальден түскен қаржы Көкшетау қаласындағы православиелік шіркеудің құрылысын аяқтауға жұмсалатынын жеткізді. Бұдан соң орыс, казак және славян ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы Юрий Захаров:
– Өз ұлтымыздың ұлттық құндылықтары мен мәдениетін сақтауға елімізде бар мүмкіндік жасалған. Осындай фестиваль әртүрлі ұлт өкілдерін бір арнаға тоғыстырады. Себебі, музыка халықтарды жақындастыратын ұлы күш, – деп пікір білдірді.
Кеш барысында әсем әндер шырқалып, билер биленіп, достық дәнекері беки түсті.
Назгүл РАБИЛОВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.