Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әке жолы ұрпағына өнеге - АРҚА АЖАРЫ

Әке жолы ұрпағына өнеге

 Осы бір ер тұлғалы, адамгершілігі мол, жаны жомарт  азаматты көкшетаулықтар жақсы біледі. Ал, сол жылы, қанды қасап соғыстағы Ұлы  Жеңістің үшінші көктемінде жөргектегі кішкентай нәресте еді. Көрер жарығы ғой. Қан майданда үш жыл жүріп, әкесі Кенжетай сұрапыл қырғыннан аман-есен оралған.

 

Өмір бойы туған жері – Көкшетау облысы Көкшетау ауданының Қызылтаң ауылында малшы, жылқышы болып күн кешті сол жан әке. Өзіне ыстық осы мекенде адалдықты, адамдықты ту етіп өтті, ешкімнің ине-жібін аттаған жоқ. Бар сөзі, «Ақшам болса, балаларымды оқытамын» дейтін. Бұлай көпше сөйлейтіні, құдай қосқан қосағы, үй шаруасындағы Қауқыш апа он құрсақ көтерген еді. Осы күні солардан үшеуі ғана жер басып, ата-ана өмірін, ізі мен жақсылығын алға жалғастырумен келеді.
Інісі Қалымтай Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітіріп, елде абыройлы да жемісті қызмет атқарды.  Біздің кейіпкеріміз Сағынтай аға болса, 8 сыныпты ауылында аяқтап, орта мектепті күміс медальмен іргедегі Чкалов мектеп-интернатында тәмамдады.  Әке арманы бар, өзінің де оқуға талабы бір бөлек, содан Алматы мемлекеттік медициналық институтынан бір-ақ шықты. Мектептегі  зеректігімен бір сабақтан ғана төрт, қалғаны кілең беспен 1971 жылы осы оқу орнынан тіс дәрігері мамандығын алып, жолдамамен елге оралды.
–Бірден облыстық стоматологиялық емханаға жұмысқа орналастым. Ол кезде Куйбышев көшесіндегі ескі ғимарат. Мына біз отырған жаңасы 1987 жылы ашылды ғой. Алғашқыда қатардағы дәрігер, кейін бас дәрігердің орынбасары болдым, ал, 1989 жылы бас дәрігер болып тағайындалдым. Мен жұмысымды бастағанда ол орында Геннадий Дмитриевич Остапов еді. Сол кісіден, Сталина Дмитриевна Шелепина, Күләш Мұхтиқызы Баймолдина, Елеу Рамазанов сияқты аға дәрігерлерден білмегенімді сұрап, ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, көп нәрсені үйрендім. Осы күнге дейін сол жақсылықтарын, берген тәлім-тәрбиесін ұмытқан емеспін, – деп еске алады Сағынтай аға өз еңбек жолының сол бір кезеңін  сөз арасында.
Институт қабырғасынан кейін араға 17 жыл салып, қырық екі  жасында  Сағынтай Кенжетаевты бас дәрігер лауазымына көтерген не десек, әрине, ол өз міндетіне ықияттылығы, халықпен тіл табысып жұмыс істей білгендігі, бастапқыда дәрігер-хирург, кейін тіс салатын ортопед болып қызмет атқарып, осы саланың ұңғыл-шұңғылына жетік бойлай түсуі, қолы жеңіл, шебер маман ретінде елдің алғысын арқалауы еді.
Адам өмірінде күтпеген бетбұрыстар болады. Сол сияқты, Сағынтай ағаның еңбек жолында да 1997 жыл ерекше жыл болды. Көкшетау облысы жабылып, денсаулық сақтау саласының да жағдайы қиындап, көп істің кенеуі кетіп тұрған кез. Стоматологиялық емхана бірінші болып саудаға түсіп, аукцион арқылы  жеке қолға сатылатын болды. Осы кезде Сәкең әрі ойланып, бері ойланып, «жығылсаң нардан жығыл» дегендей, үлкен тәуекелмен өз қаржысына осы емдеу орнын сатып алады. Бүкіл облыстың  халқы келіп емделетін үлкен емхана. Жұмыс істейтін жүзден астам адам. Ай сайын төлейтін коммуналдық қызмет ақысы. Оған сол тұстағы заманның қиындығын қоссақ, екінің бірі батылы жетіп  бара алмайтын-ақ қадам.
Бірақ, бұрыннан іскерлігі мығым Сағынтай Кенжетаев ә дегеннен ол кезде әлі көп қыры бейтаныс бұл істің де дұрыс арқауын тауып, емхана жұмысының  бұрынғы ырғағының бұзылуына, не ауытқуына жол бермеді. Әр нәрсені өз орнында ұстап, тиянақтап, бақылап-бағдарлап, алғашқы уақытша ауыртпалықтарды жеңе түсті. Уақытша деп отырғанымыз, соның бәрі бүгінде біртіндеп артта қалған. Жекеменшік емдеу орны  бұрынғы кеңестік кең қолтық кездегі жұмысынан тақа айырмашылығы жоқ, тіс сырқатымен келген халықтың бәріне өз қызметін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Әу бастағы бағыты  еш бұзылған жоқ. Ұжым негізінен сол күйі қалды. Қазір бері алғанда 90 адам жұмыс істейді. Олардың 28-і тіс дәрігері, 30-ы орта буын медициналық қызметкер. Күнде із суытпай келіп жатқан үлкен-кішінің  тістерін емдейді, жұлады, жоғын жаңалап салып береді. «Тісім» деп ауырсынып келетіндер Людмила Михайловна Газиева, Ұлболсын Ғазизова, Айгүл Сағитова, Сәуле Қалышева, тағы басқа да ересектер дәрігерлері мен Шырынгүл Орашова, Гүлжан Бектемірова, Венера Төленова сияқты балалар дәрігерлерінің жылы қабақ, оң көмегіне  дән риза. Тіс салушы дәрігерлер арасында Назар Бекеновтың есімі ерекше аталады.
Облыстық стоматологиялық емханаға басшылық жасап келе жатқанына 28 жылдың жүзі болған Сағынтай аға  соның жиырма жылын жекеменшік емдеу орнына жетекшілік етумен өткізіпті. Осы уақыт ішінде емхананың да, өзінің де жаман аты шығып көрген жоқ. Қайта үнемі жақсы санаттағы мекемелер қатарында. Қай сала, қай істе де керек тәртіп, дәрігерлердің өз жұмыстарын бес саусақтай жетік білуі, еңбекақыларының өзі халыққа көрсеткен қызметі, ортақ іске қосқан үлесіне қарай шешімін табуы, құрал-жабдықтар жағынан да шетелден қалыспай, уақыт талабынан шығып отыруы өз жемісін бермей қоймауда.
Мұның бәрі Сағынтай Кенжетаев сынды өз ісінің майталманының басқарушылық зор қабілеті, азаматтық келбетінен десек, артық-кемі жоқ. Ойы ұшталып,  қолы төселген жұмысын ұмытпайын деп әлі күнге  реті келгенде, емдеу жұмысына білек сыбана кірісіп кетеді. Қарамағындағы  дәрігерлерге, әсіресе, жастарға беретін мұндай тәлім-тағылымы өз алдына бір шеберлік сабағы дерсіз. Өйткені, осы тістің қамымен, соның шаруасымен 17 бірдей шет мемлекетте болған екен. Олардың қатарында АҚШ, Турция, Франция, Швеция, Сингапур сияқты тістің саулығына мемлекеттік тұрғыдан аса зор мән беретін елдер де бар. Өз саласында ізденсем, үйренсем, жаңалықтарды көңілге түйсем деп әлем стоматологтарының конгрестерінен де қалып көрген кезі жоқ. Осы әңгімеміздің барысында сол сапарлардан да суыртпақтап аз-мұз сыр тартқанбыз. Әрине, мұндағы сөз де тіс тақырыбы төңірегінде өрбіген.
Швецияда мәселен, тіс ауруларының алдын алу мәселелері өте жоғары деңгейде шешілген көрінеді. Балаға тіс шығысымен, оны бірден тазартып отыруды қолға ала бастайды. Біздегідей кариеске жеткізіп тыну мүлдем жоқ. Өйткені, тісті емдеу, жұлу өте қымбат тұрады.
Сингапурда бір тісті жұлу 800 доллар. Сондықтан, онда бала туысымен тіс пастасы мен шөткесін бірге сайлайды. Жасынан тісті дұрыс күтудің арқасында 70 жастағы қартының өзінің тісі түгел дерлік сау болады. Оның үстіне жылына бір рет тістерін тексертіп те отырады. Мұндай жағдайда ондағылардың тістерінде, ауыз қуысында біздегідей кінәрат бола ма?!   
Әрине, жоқ. Яғни, дамыған шет елдер мен біздің елдің адамдарының арасында тіс күтімі, тіске деген көзқарас алшақтығы жер мен көктей. Жақсы тіс көрсең, маржандай деп сүйсінбейсің бе?! Ондай бізде ілуде бір ғана кездесіп тұратын шығар. Көбіне тісіміз нашар, қауқарсыз. Әсіресе, өз күнін әзер көріп отырған ауылдық жерлерде тіс жөндетуге, тіске күні бұрын мән беруге шама келмей қалды. Бүкіл тістері түсіп, нанның өзін малжаңдап, әзер шайнап отырғандарды жиі кездестіруге болады.
Көп жылдардан бері кешегі Көкшетау, бүгінгі Ақмола облыстарының штаттан тыс бас стоматологы деген де  лауазымы бар тәжірибелі тіс дәрігері мұның бәрін қинала отырып баяндайды. Мектептерге дейін қазір бұрын болған стоматологиялық кабинеттер жоқ. Облыс орталығында оны №11 орта  мектепте ғана көресің. Жоғарыда айтқан ауылдарда үлкендерді былай қойып, балалардың тісінің өзі өте әлжуаз. Тісі ауырып, жандарына батқанда ғана келіп жұлдырады. Бірақ, салдырмайды. Тұрмыстық ауыртпалықтардан тіпті, мұны көп ойламайды да. Аудандарда көбіне бір тіс дәрігері ғана жұмыс істейді. Кез келген басқа сала сияқты, стоматология да қазір бизнеске айналып кетті. Адам ағзасының өмірлік маңызы бар, өте қажет, жанды бір құрамдас бөлігі ретінде тісті де дәрігерлік тексерістен өткізіп отыру, оған зер салу қазір қалды. Бұл арада, өзіміздің салдыр-салақтығымыз, тісті ұсақ-түйек көріп, оған мән бермеуімізді де есептен шығаруға болмайды.
Осы мәселелерге жаны ауырып, қолы жеткен жерінде үнемі көтеріп жүретін Сағынтай Кенжетайұлы әсіресе, қазір Үкімет ерін мен таңдайдың жырығын емдеуге қаржы бөле бастағанына шүкіршілік етеді. Қазақстанда 680 балаға бір жырық ерін не таңдайдан келеді екен. Бұл – іштен туа болатын сырқат бұрын 750-800 балада бір кездесетін. Қазір көбірек ұшырасады. Қаржы бөліне бастағалы ондай балалар жоспарлы түрде операцияға жіберіліп, дертінен айығатын болды. Жақсы ауданында 17 жылдан бері осындай кемістікпен жүрген балаға ота жасалды. Қазір ол бала өзі де дәрігер мамандығын таңдап, медакадемияда оқып жүр.
Әрине, манадан бері әңгіме жекеменшік емхана туралы болған соң, онда медициналық қызмет қалай көрсетіледі деген де сауалдың бір ұшы қылтимай қоймайды. Ұлы Отан соғысы ардагерлері, аяғы ауыр әйелдер, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тістері мұнда тегін емделеді. Бұл үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отырады. Ал, қалған адамдарға көрсетілетін қызмет ақылы. Өйткені, дәрі-дәрмек, тіске қойылатын пломбы, анестезиялық керек-жарақтардың бәрі өз қаржыңа сатып алынады. Олар Қазақстанда жоқ, Ресей де шығармайды. Бір айтарлығы, Америка, Францияда жасалғандықтан, сапасымен ұтады. Әзірге облыс орталығындағы он шақты жекеменшік шағын тіс кабинеттерінің штаты бір-екі дәрігерден аспайтындықтан, бұл емханамен бәсекеге түсе алатын емдеу орны жоқ.
Дегенмен, осылай екен деп, арқаны кеңге салып қарап отыратын заман емес қазір. Келіп жатқан емделушілер көңілінен шығу үшін жұмысты соған сай ұйымдастыра да білу керек. Сағынтай Кенжетайұлы бұл жағынан да, өз туған ауылы Қызылтаңның арқа сүйер бір белді азаматы тұрғысынан да сенім биігінен көрініп жүрген жан. Міне, он бес жылдан бері жыл сайын көктем келсе, туған елді мекенін қысқы көң-қоқыстан тазартып беру өз мойнында. Мұндайда жалғыз өзінің ауылы емес, бір округке қарайтын Ортақ ауылына да техника жіберіп, көмектесіп тұру ежелгі әдеті. Қазір «Туған жер» бағдарламасы, әркімнің кіші Отанына бет бұруы туралы айтып жатсақ, бұл Сәкеңнің тарапынан баяғыда-ақ еленіп, ескеріле түскен жайлар. Ана бір жылы соғыста кеткен боздақтар мен елге келген майдангерлердің де есімдерін түгел ескеріп, ауылдың ортасына ескерткіш те тұрғызып берген мәрттігі бар.
Жалпы, Сағынтай ағаның мұндай қайырымдылық істері осы күні бір ауылдың шеңберінен әрі асып, кеңге жайылып кеткен. Уәли ханның кесенесін тұрғызуға жарты миллион теңге қаржылай үлес қосып, Науан Хазірет мешітінің неке қию бөлмесіне де осыншама соманың жиһазын сатып әперуі, кезінде ірі мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің туған жеріндегі бейітінің басындағы ескерткішіне де өзгелермен бірге қол ұшын беруі, тағы басқа да өзі ауызға ала бермейтін жомарттығы осы сөзіміздің нақты дәлелі болса керек.
Иә, «еңбегіне қарай зейнеті» демекші, мұның бәрі адамды да абырой тұғырына көтермей қоймайтындығы белгілі. 1986 жылы осындай қасиеттерімен «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына тақса, бертін тәуелсіздік жылдары «Зеренді ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды. Мерекелік медальдар, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері де осы саладағы маңдай терінің бір өтеуі ретінде көңілінің сарайын жадыратып қоятыны бар.
Елге сыйлы Сәкең отбасында да бақытын тапқан жан. Сонау Атыраудың қызы Сара жеңгемізбен 1969 жылы институтта оқып жүрген кезінен көңілдері жарасып, отау тіккен еді. Содан үш баланың екеуі әке жолын қуып, дәрігерлік жолды таңдады. Әсіресе, Қанаты өзі сияқты тіс дәрігері. Енді мына ұрпақ сабақтастығын қараңыз, осы күні бес немересінен де Раушаны мен Ілиясы медициналық академияда оқиды. Сонда бір әулеттен өзін, екі ұл мен екі немерені қосқанда, бес бірдей дәрігер шықпай ма?!. Сағынтай Кенжетаевтың, яғни, Ақмола, Көкшетаудың денсаулық сақтау саласындағы қажымас бір қайраткерінің өзі бастаған бір үй толы дәрігер. Жетпісінде де еліне қалтқысыз қызметінен танбай келе жатқан арқалы азаматтың өзіне сүйсінгеніміздей, бұған да қалай сүйсінбессің.
«Әке жолы ұрпағына өнеге» деген осы емес пе ?!.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар