Тәуелсіздік алаңында Көкшетау техникалық институтының 121 түлегі оқу бітіргендігі жөнінде диплом мен лейтенант шенін алды.
Салтанатты шара институттың құрылғанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Жылдағы дәстүр бойынша түлектердің ата-аналары мен қонақтар жоғары оқу орнының тарихымен танысты. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Жанболат Смаилов құттықтау сөз сөйлеп, командалық және профессорлық-оқытушы құрамға курсанттармен бірге облыстың әлеуметтік-мәдени және қоғамдық өміріне зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғысын білдірді.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор Владимир Беккер өз сөзінде түлектерді институтты бітіріп, алғашқы офицерлік шен алуларымен құттықтады. Биыл тұңғыш рет институт қабырғасынан төтенше жағдайлар саласының мамандықтары бойынша жаңа кадрлар даярланып шығарылды. Сондай-ақ, халықаралық келісімге сәйкес, Көкшетау техникалық институты Қырғызстан үшін де мамандар даярлайды.
Алдымен, оқуды үздік бітірген түлектерге дипломдар тапсырылды. Білім шаңырағындағы жақсы дәстүрлердің бірі – жауынгерлік тумен қоштасу. Биылғы жылғы 121 түлектің атынан бұл құрмет Нұрсейіт Хамитке берілді. Қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер офицерлік қоштасу вальсін биледі.
Жас лейтенанттар соңғы рет жалпы курсанттық салтанатты шерумен өтті. Бұдан әрі сала ардагері Сапарғали Асылбеков пен түлектердің ата-аналары атынан Бақыт Жиенбаев құттықтау сөз сөйлеп, оқу бітірушілер алдағы уақытта өз міндеттерін адал атқаратындарына сенім білдірді.