«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, «Жолда қабылдау» республикалық акциясы аясында Көкшетау темір жол вокзалындағы көліктер тоқтайтын автотұрақта қабылдау өткізді.
Акция барысында полиция қызметкерлері жүргізушілердің жолда жүру ережелерін қаншалықты ұстанатынын және тиісті құжаттарын тексерсе, партия қызметкерлері де құқықтық кеңестер берді. Қабылдау барысында жол қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар ғана емес, сонымен қатар, зейнетақы, жұмыспен қамту, жеке тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру сияқты көптеген мәселелер талқыланды.
– Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, осындай акциялардың берері мол. Ең алдымен, ол қала тұрғындарының пікірлерін тыңдауға, қала жолдарындағы проблемаларды білуге және қарапайым адамдарға жақын болуға мүмкіндік береді. Биылғы жылы да көлік жүргізушілері мамандардан түрлі кеңестер алды. Сондықтан да, шараны өткізу барысында адам көп жиналатын орындарды таңдадық, – дейді «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің сарапшысы Аққу Дайырова.
Мұндай шаралар әрбір тоқсан сайын өткізіліп келеді. Бұл күні қоғамдық қабылдауға 12 көкшетаулық кеңес алуға келсе, облыс бойынша 378 адам өз өтініштерін білдірген.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.