Облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев меморандумға қол қойды.
Қордың атқарушы директоры сондай-ақ, №1 облыстық арнайы коррекциялық мектепке «Монтессори кабинеті» кешенін сатып алуға сертификат тапсырды.
Облыс басшысы Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты қазақтың саңлақ өнер тұлғалары шыққан астаналық облыста талантты жастардың қанаттануына қолдау көрсетіп келе жатқан Тұңғыш Президент Қорының атқарып отырған жұмыстарына ризашылығын білдіре отырып, табыс тіледі. Қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев өз кезегінде облыстағы жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарында болып, кездесулер өткізгендігін, талантты жастардың көптігін айтып, қордың қаржылық мүмкіндіктері шеңберінде қолдау көрсететіндіктерін атап өтті. Қор отандық ғылым және ақпарат технологияларын дамытуға өз үлестерін қосқысы келетін талантты жастарға арналған «Smart Zholy», «Science Slam», «Ғылым фестивалі» жобаларын жүзеге асыруда. Биылғы жылдың өзінде қор сексеннен астам іс-шараны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Екі жақты меморандумға қол қойылғаннан кейін қордың атқарушы директоры облыс әкіміне Елбасының кітабын сыйға тартты, ал, облыс басшысы өз кезегінде Бурабайдың көркем табиғаты бейнеленген картина сыйлады. Тұңғыш Президент Қорымен жасалған меморандум барысында облысымыздың талантты жастарын қолдау бағытында жақсы жұмыстар атқарылады деген сенім бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.