Көп жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Жанар Жусабекованың азық-түлік дүкендерінде сатылатын тағамдардың бағасы тұтынушылардың көңілінен шығуда.
Жеке кәсіпкер өзіне тиесілі он жыл бойы бос тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге бел буды. Осы бағытта несие алуға ықпал ету үшін облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына келіп, ғимараттың шатырын, қабырғаларын, төбесін жөндегісі келетінін, жаңа жиһаз, қондырғы және өзге де материалдар сатып алатынын айтты. Оның 5 миллион теңгеге жуық өз қаржысы бұл жұмысқа жеткіліксіз болды. Степняк қаласындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері кәсіпкерге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау шарасын ұсынып, несие алудың құжаттарын жинауға көмектесті. Сондай-ақ, Жанар
Жусабекова «Бизнес-кеңес» бойынша оқу курсынан өтіп, бизнес-жоспар жасады. Филиал директоры Әмірхан Есмағанбетовтың айтуынша, кәсіпкер үш айдың ішінде 3 миллион теңге несие алып, нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазір жүз орындық дәмханада алты адам жұмыс істейді. Мұнда жергілікті тұрғындардың әртүрлі мәдени шаралары өткізіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Еңбекшілдер ауданы.