Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алаш және тәуелсіздік - АРҚА АЖАРЫ

Алаш және тәуелсіздік

 

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен өткен «Алаш тағылымы және тәуелсіздік» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция  осы оқу орнының Алаш қайраткерлеріне құрметі мен тағзымының жарқын көрінісі болды.

 

Конференцияға облысымыздың ғана емес, іргелес аймақтардың, Елорданың Алаш қозғалысын зерттеп жүрген белгілі ғалымдары қатысып, баяндамалар жасады. Ең бастысы, Көкше жерінде ұйымдастырылған алқалы жиында Алаш ардақтыларының өмір және еңбек жолдары, азаттық үшін күресі, халық ағарту саласындағы еңбектері жан-жақты талданып, жұртшылыққа жеткізілді. Шараны ұйымдастырып отырған оқу орнының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының  корреспондент-мүшесі  Нұртас Ахаттың айтуынша, конференцияға еліміздің әр аймақтарынан Алаш қозғалысына қатысты 90-ға тарта баяндама түскен. Олардың арасынан іріктеліп алынған үздіктері конференция қорытындысына сай жинақ болып шықпақшы.
Алқалы жиын алдымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатынан басталды. Жергілікті журналистердің алдында конференцияға Астанадан арнайы келген жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, осы оқу орнының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер Алаш  қозғалысы жайында жан-жақты әңгімелеп берді.
Алаш қозғалысы туралы көп жылдар ғылыми зерттеулер жүргізіп, танымдық еңбектер  жазған жазушы Тұрсын Жұртбай: «Алаш идеясы қазақпен бірге жасайды. Ол саусақтан сорып, қолдан жасаған қаулы емес, өмірдің өзінен алынған, халықтың арман-мұратымен үндесетін мәңгілік идея» екендігін айтып, тәуелсіздігімізді алған қазіргі заманда да Алаш көтерген ұлт мүддесі жайындағы идеялар маңызын жоймайтынын атап өтті.
– Алаш қозғалысына қатысушылардың есімдері қазір толық белгілі деп айта алмаймыз, Алаш белсенділері арасында Ақмола, Көкше жерінен шыққан тұлғалар да аз болмады, – дей келе, профессор Серік Негимов Сәуле ауылынан шыққан, 1937 жылы атылған Шәрафи Әлжанов, Әлихан Бөкейхановпен бірге Алашорда партиясы төрағалығына сайлауға түскен көкшетаулық  Айдархан Тұрлыбаев, Смағұл Сәдуақасов, Әлихан Бөкейхановтармен бірге жер аударылған Абдолла Байтасов сияқты Алаштың ардақты азаматтарының есімдері қалың көпшілікке әлі де онша таныс болмай отырғандығына тоқталды. Мәлік Ғабдуллиннің де жас шағында Алаш қозғалысына қатысқанын біреу білсе, біреу білмейді. Алаш қозғалысы көсемдерінің бәрі жоғары білімді, бірнеше шет тілдерін білетін, көкірек көзі ашық, оқыған азаматтар болды. Олар бар өмірлерін қазақ халқының азаттығы мен өркениетті елдер қатарына жету жолындағы жанкешті еңбекке арнады.
Жас ғалым Қайырбек Кемеңгер Алаштың бір жылдығына арнап «Жас азамат» газетіне «13 желтоқсан» деген мақала жазып, Алаш қозғалысының тарихи мәні жайында ой толғаған көкшетаулық Абдолла Байтасов жайында айтып берді. Соңында біраз құнды еңбектері қалған қайраткер өкінішке орай, әлі күнге дейін зерттелмей келеді.
Журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап бере келе, профессор Серік Негимов  қызылордалықтар «Сырдария», қарағандылықтар «Сарыарқа» атты жергілікті жердің тарихы мен тұлғалары жайындағы көп томдық кітаптар шығарғандығын, осы орайда «Көкшетау-Қараөткел» кітапханасы деп пе, осы өңірден шыққан тұлғаларға арналған көп томдық жинақтар шығару жөнінде ұсыныс айтты.
Жазушы Тұрсын Жұртбай жиналғандарға Науан хазірет жайында, оның орыс отаршылдарының шоқындыру саясатына қарсы күресі туралы айтып берді. Қазақ халқын күштеп шоқындыру жөніндегі саясат жүзеге асырылатыны белгілі болған соң Науан хазірет он мың адамның қолын жинап, бұған қарсы құзырлы органға шағым түсіреді. Оның бұл бастамасын Семейден Абай қолдайды. Басқа аймақтардан да қолдаушылар табылады. Осылайша он мың адам қол қойылған шағым түскенде губернатор бұдан шошынып, райынан қайтуға мәжбүр болады. Бірақ, осы шараны ұйымдастырған Науан хазірет бастаған 29 адамды соттап, жер аударады. Осы орайда, жазушы Тұрсын Жұртбай өзінің еліміздің бас мүфтиімен сөйлесіп, жылдың бір күнінде дін үшін күресіп, қуғын көрген Науан хазірет бастаған біраз дін қызметкерлеріне арнап дұға бағыштап өткізуді сұрап, бұл ұсыныс қолдау тауыпты.
Журналистермен өткен баспасөз мәслихатынан кейін ғалымдар жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Алаш қозғалысы тарихына қатысты ой бөлісті. Екінші күні конференция Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өз жұмысын жалғастырды. Шара барысында  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен және Солтүстік Қазақстан облысынан келген ғалымдар Алаш қозғалысы жайындағы баяндамаларын оқыды. Конференция үш кезең бойынша өтті: Әлихан Бөкейхан және Алаш Орда үкіметі, Көкше өңірінен шыққан Алаш қайраткерлері, Алаш қайраткерлерінің бүгінгі азаматтық қоғамды қалыптастырудағы рөлі.
Конференцияда жасалған баяндамалар жеке жинақ болып жарық көрмекші.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар