Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Зейнелғабиден әл-жауаридің болмысы мен мектебі - АРҚА АЖАРЫ

Зейнелғабиден әл-жауаридің болмысы мен мектебі

 

Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи – (ол өз шығармаларына осылай арабша мәнерде қол қоятын болған) Зейнелғабиден Әміре ұлы, Жауар руынан, Омбы қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Дегенмен, шындығына келсек, көшпелі рудың жағрафиялық аумағы бұдан әлдеқайда кең еді. Яғни, тек Омбы төңірегіне ғана емес, бұрынғы Көкшетау облысының аумағына дейін ұласатындықтан, ең оңтүстігіндегі қоныстарының бірі Сиыршы ауылы болатын. Бұл ауылдың орны бұрынғы аудан орталығы Ленинград селосының іргесіндегі қазіргі Дәуіт станциясы тұрған жер, Зейнелғабиден де осында мәңгілік қоныс тапқан.

 

Ол ХХ ғасырдың басындағы ағартушы, жазушы, педагогтар арасынан Абай тұлғасына лайықты баға беріп, еңбек жариялаушылардың бірі болып табылады. Зейнелғабиден әл-Жауари Уфа қаласындағы «Ғалия» жоғары діни оқу орнында білім алады. Сол кезеңде Ресейде бұл медресе мұсылмандарға арналған ең беделді оқу орны болатын, мұнда ислам рухында тәрбиелеумен қатар, өзге дүнияуи білімге: физикаға, философияға және басқа да ғылымдарға мән беретін еді. Қазақстанның көптеген ірі қайраткерлері осы оқу орнында оқыған болатын.
Медресені бітірген соң 1916 жылы Зейнелғабиден өз қаржысына туған ауылы Сиыршыда мектеп ашады, ондағы оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізілгендіктен, казақ-орыс мектебі деп аталады. Бұл да «Ғалия» медресесін бітіруші түлектердің дәстүрі еді. Орыс тілін оқып үйренуді ол қазақтардың әлемдік өркениетке кірігу құралы деп санап, басым бағыт ретінде мән береді.
Мектеп небары төрт жыл ғана өмір сүргеніне қарамастан, осы өңірдегі халыққа білім беру ісінде айқын із қалдырды, бұл мектептің жапырақ жайып гүлдендірген өскіндері қалды. 1916 жылы осы мектептің мұғалімі кейін белгілі мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған жас Смағұл Сәдуақасовтың болуы да қызықты. Зейнелғабиден әл-Жауаридің ағартушылық ісі нағыз самғау шағында кілт үзілді, 1920 жылы шығармашылық қарымы кемелденген тұста, 37 жасында өмірден өтті. Жалғыз баласы Әнуар да Ұлы Отан соғысынан қайтпады. Осы бір зияткерлік әлеуеті мен адамгершілік ұстанымы зор адам өз Отаны үшін қаншама пайдалы іс тындырған болар еді дегенді тек өкінішпен саралауға тура келеді. Оның үстіне алда тұрған аса маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезінде мұндай адамдар елге аса қажет еді.
Зейнелғабиден әл-Жауаридің ең маңызды туындысы 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Насихат Қазақия» кітабы болып табылады. Бұл еңбегінде автор қазақ халқының идеологиялық, педагогикалық және әлеуметтік проблемаларын ашып көрсете отырып, бір жағынан өз білімінің энциклопедиялық сипатын танытады, ал, екінші жағынан әрбір баяндалатын тақырып ауқымының кәсіби білімдік маңызын да көрсетеді. Ол сонымен қатар, сол замандағы белгілі қайраткерлердің бас-
ты мінбері саналатын қазақтың алғашқы қоғамдық-саяси журналы «Айқаптың» (1911-1915 жылдары Троицк қаласында шығып тұрған) белсенді тілшілерінің бірі болды. Оның тағы бірнеше туындыларын қуғын-сүргін жылдары, туыстары темір сандыққа салып, турасын айтқанда, қабірінің жанына «жерлеген» екен, бұл заттар қазіргі күнге дейін табылмай отыр. Зейнелғабиден әл-Жауари еңбектерінің маңызы жөнінде соңғы онжылдық көлемінде Ғ.Мұсабаев, М.Мырзахметов, К.Тәшібаев, З.Тайшыбай сияқты белгілі ғалымдар бірқатар мақалалар жазды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де ағартушы, педагогтың шығармашылығын зерттеу бойынша ғалымдар С.Жәмбек, А.Есмағұловтың және магистранттардың күшімен нақты жұмыстар жүргізілуде. Алайда, оның қазақ халқының мәдени қазынасына қосқан үлесіне әлі де болсын лайықты баға берілген жоқ.
Осы адамның қалыптасуына ой жүгірту барысында көп жағдайды бірден дәлме-дәл түсіну мүмкін емес. Ол уақытта ауылда жоғары оқу орнына түсіп оқимын дейтіндей, үлгі аларлық біреулер де жоқ, болса да аз еді ғой. Патриархалдық әдет-ғұрып бойынша өмір жолын таңдауда қандай да бір еркіндік, артықшылықтарға ие бола қоймаған, үйдің тұңғышы да, кенжесі де емес, отбасындағы алтыншы ұлды неліктен аяқ астынан алыс Уфаға білім іздеуге аттандыру ойға оралды екен деген сұрақ та таңданыс тудырады. Материалдық, әлеуметтік, рулық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жағынан болсын, ешқандай мұқтаждық, мәжбүрлік болмаса да, не себепті ол кенеттен үйреншікті де жайлы өмір салтынан бас тартып, осы әлдеқандай баянсыз да ауыр миссияны мойнына алуға қалайша бекінді екен? Мұны ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бұзып-жарып жол ашатын талантты адамдарға тән ерекшелік болып табылатын шынайы патриотизм, рухани биіктік, адамгершілік пен білімге деген асқан құштарлықтан өзгемен түсіндіру мүмкін де емес шығар.
Осының бәрінің түп негізі оның әкесінде жатса керек. Зейнелғабиденнің әкесі Әміре қажы Қазақстанның солтүстік өңіріне белгілі қоғам қайраткері, болыс, әрі өз тұсындағы дәулетті адамдардың бірі болыпты, өз руының жерін басып өтетін
Батыс Сібір теміржолы құрылысын салу ісіне үлкен үлес қосқаны үшін ІІ Николай патшадан бағалы сыйлықтарға қоса шекпен алған екен. Әміре қажы өзінің Меккеге алғашқы сапарын қалай ойластырғанын ақсақалдар әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Жасы ұлғайған шағында, тірлікте татар дәмінің азайғанын сезген ол, өзінде бар байлық пен жетістіктерінің өтпелі екенін бағамдай отырып: «Енді бақилық өмір туралы ойланатын да заман келген екен», – деп ой қорытады. Әміре қажы мұсылмандар үшін қасиетті орынға екі рет сапарлайды, алайда, тағдыр оған осы екінші сапарынан аман-есен оралуды жазбаған екен. Яғни, Мекке қаласында дүниеден өтіп, сонда жерленеді. Ол туралы деректер күні бүгінге дейін сақталған. Омбы облысындағы Москален ауданында «Әміре сайы» («Балка Амре») атты жер де бар.
Зейнелғабиденнің мұрасын оқи отырып, осы бір тұлғаның ішкі еркіндігіне, тіпті, сол заманның жаһандық проблемаларын беделді тұлғалар алдында ешқандай бүгежектеп, қорқусыз жайып салуға мүмкіндік берген кейбір амбициялылығына да қайран қалудан бір танбайсың. Ондағы сараптауларының тереңдігі, ұсыныстарының барынша уақытында қойылуы, ойлау ауқымының кеңдігіне және өз халқының қайғы-қасіреті мен тағдыры үшін жауапкершілігіне разы боласың. Бұл таңданыс, егер ол жолдардың авторы әлі отызға да толмаған жас екендігін білгенде, бұрынғыдан да ұлғая түсетіні анық. Мүмкін сол кезеңдегі тұтастай бір зиялылар тобының мұндай ұстанымын тарихи қажеттіліктен деп түсінуге болатын шығар. Бірақ, қазіргі кейбір жастардың ұмтылыс-мақсаттарының тым күйкілігін бағамдай келгенде, бұл адамдардың ұстанған гуманистік бағытының өзі үлкен құрмет сезімін тудырады.
Тіпті, автордың тілі, жазу стилінің өзі сұлулығы және байлығымен, әсерлілігі және бейнелілігімен таңқалдырады, арада қаншама жылдар өтсе де осы бір біртуар адамның сұңғылалығы бәз-баяғы қалпымен жүрекке тура жететіндей. Сондықтан да, бұл еңбектің оқырманды бейжай қалдыруы, игі әсер етпеуі мүмкін емес.
Әйгілі түркітанушы М.Мырзахметов Зейнелғабиден әл-Жауаридің Абай тұлғасын заманының ұлы ойшылы ретінде танып, биікке көтеруге қандай баға жеткісіз үлес қосқанын ерекше атап көрсеткен болатын. Мұхтар Әуезовтің өзі «Насихат Қазақия» кітабына оң пікір білдірген. Ұлы адамдардың ғылым, өнер, жалпы, мәдениеттің қай саласында болмасын, қандай да бір ұлы іс тындырғанынан гөрі, әдетте, оны сондай дәрежеде мойындатуға қол жеткізудегі жолының барынша күрделі болатынына кәрі тарих куә.
Мәселен, біз ұлы адамдардың бәрі бірдей мойындалғанын да әлі күнге дейін көрген емеспіз. Осыған байланысты еске түсетін бір мысал, Нобель сыйлығының лауреаты Иосиф Бродскийдің ақын Е.А.Баратынский туралы пікірі. Ол оны Пушкин дәуіріндегі ең жарқын поэтикалық талант ретінде бағалайды, тіпті, А.С.Пушкиннің өзінен де жоғары қояды. Ал, танылмау себебі, Баратынскийді тым аз адам білетіндігінде, соған орай, қоғам өз арасынан бір ғана тұлғаны, барынша белсендісін, айналасының қолдауына ие бола білетін, шынын айтқанда пысығырағын таңдап алатындығында деп тұжырымдайды.
Зейнелғабиден әл-Жауари өз кітабында сол кезең үшін білім алуды өзекті міндет ретінде қарастыра отырып, мектепте оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға барынша көңіл бөледі. Мұнымен қатар, ол қазіргі күні көпке белгілі, ол кез үшін өзекті болған сыныптық сабақ жүйесін ұйымдастыру сияқты дидактиканың бастау-
ларын насихаттайды, оның еңбектерінде классикалық педагогикалық ұстанымдарды тиянақтап бекітетін көптеген идеялар ұшырасады және олар қазіргі күнде де өте заманауи болып көрінеді. Мысалы, ол былай деп жазады: «Бала табиғатын ескерместен, өзінің орашолақ әрекеттерімен жеті-сегіз жастағы баланың әлі жетіле қоймаған жанын іс жүзінде зорлыққа ұшыратады». Бұл біздің қазіргі білім саласындағы мектеп реформасына дөп келіп тұрған жоқ па?!. Осылайша оның тілдерді оқыту жөніндегі осы ұсынысы біздің бұл бағыттағы бүгінгі саясатымызбен қақ жарылады. Әрі ол қоғамымыз шыр-пыр болып жатқан бұл идея-
ны ХХ ғасырдың басында-ақ айтқан екен. Оның ұсыныстарындағы мұғалім оқушының дайындық деңгейіне негіздей отырып, онымен қатаң жеке жұмыс жүргізуін ұйымдастыру кезіндегі дифференциялау, жеке тұлғаландыру мен өз бетінше жұмыстар жүргізу қағидаттарын да қалай көріп-білмеуіміз мүмкін?
Мектепте білім беру ісін ұйымдастыру бойынша оның өзге де өсиеттері мен насихаттары, мұғалім тұлғасына деген көзқарасы, балаларға деген құрметіне қарап, Зейнелғабиден әл-Жауари шын мәнісінде өз заманының гуманисі, патриоты және ағартушысы болды деп айтуымызға толық негіз бар.
Педагогтың сөздері Абай мен Ы.Алтынсарин сөздерімен үндес. Бұл мүмкін олардың бір дәуірде өмір сүріп, өз дәуірінің көкейкесті мәселелеріне бірдей үн қатуларына байланысты болса керек. Оның тілді оқытуға қатысты пайымы да таңдандырады, мұнда ол осы заманғы дидактикалық жағдайды алдын ала болжап қана қоймай, сонымен бірге, бұларды этникалық сипаттағы проблемалармен қоса, интернационализм рухында қарастыра алған. Автор саяси құрылысқа және демократиялық институтқа қатысты сұрақтарға да бірегей ойларын білдіреді.
Алайда, уақыт, заман өз дегенін істейтіні бар. Қазақ даласына жеткен өркениетке іс жүзінде көмек көрсеткені үшін Әміре қажыға патша сыйлаған шекпен шын мәнісінде оның ұрпақтары үшін қара жамылғыға айналды. Қуғын-сүргін жылдары бүкіл әулеті қуғынға ұшырады. Өз халқының мұңы мен мұқтажын өзек еткен Зейнелғабиден әл-Жауаридің шығармалары туралы ұзақ уақыт бойы жақ ашпауға тура келді. Ағартушының орысша-қазақша мектебі әлдеқашан жоғалған, Сиыршы ауылы да жер бетінен өшкен, тек көне зират қана бір кезде бұл жерде ауыл болғанын еске салып тұр.
Бірақ, артында кітаптары қалды, ұрпақтан ұрпаққа толқындай ұласып, игілікті де ізгілікті істері қалды. Қазақ ССР Жұмысшы-шаруалар инспекциясының алғашқы басшыларының бірі болған, 1937 жылы жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына ұшыраған Хабиболла Әмірин, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, 2007 жылы ғасырлық мерейто-
йында қазақ сөз өнерінің тарланы деп баға берілген Ғайнетдин Мұсабаев, халыққа білім беру ісінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Сабыр Мәліков сияқты өздерінің ұлы ұстазының адамгершілігі мен игілікті ісіне деген абзал борыштарын лайықты деңгейде өтеген шәкірттері қалды.
Байқап қарасаңыз царизм, феодализм және басқа да «измдердің» баянсыз құндылықтарынан гөрі, ақылдың, мейірімнің және мәңгіліктің жаңа толқынын тудырушы, өмірге барынша бейім құндылықтар ғана мәңгілік жасайды екен. Зейнелғабиденнің мектебінде оқыған барлық оқушылар алған терең білімдерінің арқасында өмірде үлкен орындарды иеленді, олардың кейбірі Қазақстанның танымал адамдарына айналды. Мектеп басшысы ретінде ол кейін қазақтың біртуар перзенті, сол кездегі жас мұғалім Смағұл Сәдуақасовқа да игі ықпалын тигізді.
Осы мектептің көрнекті тәрбиеленушілерінің бірі – Хабиболла Әмірин жауапты партия қызметкері болды. Сөйтіп, Қаз ССР Үкіметінде қызмет атқарды. Алайда, өмірі қайғылы аяқталды. 1937 жылы ату жазасына ұшырағанының өзін біртуарлығының дәлелі ретінде бағалауға болады. Тағдырына тап келген өрескелдікке, қаталдық пен трагизмге толы өмір жолы туралы айтсақ, білім алуға құштарланды, халқының болашағы үшін бел шешпей адал жұмыс атқарды, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Ақыры, осының бәрі әділетсіз қайғылы қазаға әкеліп соқты.
Жоғарыда айтқанымдай, Зейнелғабиден мектебінің келесі бір тәрбиеленушісі Ғайнетдин Мұсабаев елімізге танымал әйгілі филолог ғалым болды. Өзінің ұлы ұстазының ісін бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданында халық ағарту ісінің негізін қалаушылардың бірі, атақты ұстаз Сабыр Мәліков жалғастырды. Сонымен қатар, осы өңірдегі түрлі жауапты қызметтерде Зейнелғабиден мектебінің шәкірттері Шамғон Байманов, Сираж Дайыров, Зияш Асқаров, Шәрәпи Дайыров және тағы басқаларының шоқтығы биік болды. Міне, ағартушы, педагог, жазушы Зейнелғабиден әл-Жауаридің және ол ашқан мектептің феномені, яғни, кереметтігі де осында ғой деп білеміз.
 Тұрсынбек МӘЛІКОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің физика және математика кафедрасының
профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар