Облыс орталығындағы №5510 әскери бөлімінде былтыр Ақтөбе қаласындағы лаңкестік оқиға кезінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында «Мәңгілік сапта» акциясы өткізілді.
2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік шабуыл дүйім елдің қабырғасын қайыстырғаны анық. Оқырманның есіне сала кетейік, радикалды топ алдымен қару-жарақ сататын дүкенді тонап, қоғамдық көлікті басып алып, осы қаладағы №6655 әскери бөлімге шабуыл жасаған болатын. Қақтығыс кезінде бірнеше әскери қызметші жараланды. Ал, майор Даниэль Майлыбаев, сержант Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапар опат болды. Әскери борыштарын өтеу барысында қаза болған боздақтарды еске алу шарасында бір минут үнсіздік жарияланды.
№5510 әскери бөлімінің командирі, подполковник Руслан Темірханов өз сөзінде ер азаматтың міндеті – Отан алдындағы антына ғұмыр бойы адал болу екендігін айта келе, қаза тапқан жауынгерлер нағыз ерліктің жарқын үлгісін көрсеткенін және ел тыныштығын қорғап қалу үшін жасаған бұл ерліктері ешқашан ұмытылмайтындығын тебірене айтып өтті. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, подполковник Жанат Ережепов бүкіл елдің берекесін тосын оқиғада әскери борышын осы қалада өтеген ақмолалық өрендер Артем Авдеев пен Денис Чернышовтың шабуылға тойтарыс берген жіті іс-қимылы өзге сарбаздарға үлгі-өнеге екендігіне тоқталды.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.