2017 жылғы 20-25 маусым аралығында Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықара-лық мамандандырылған көрмесіне арналған Ақмола облысының мәдениет күндері өтеді.
Мәдениет күндері аясында Астана тұрғындары және елорда қонақтары облыстық филармонияның кәсіби ұжымдарының, ең үздік шығармашылық көркемөнерпаздар үйірмелерінің гала-концерттерін, кескіндеме суреттерінің, халық шығармашылығы сәндік-қонданбалы өнер шеберлері жұмыстарының көрме-сатылымдарын, қазақ халқының ұлттық дәстүрлері паш етілетін этноауылды және ондағы театрландырылған мәдени көпшілік іс-шаралар мен ұлттық спорт ойындарын тамашалай алады.
Бағдарламадағы басты шаралардың бірі болып табылатын Ақмола облысы шығармашылық ұжымдарының «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» гала-концерті «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің амфитеатрында 20 маусымда кешкі сағат 21.00-де басталады. Ал, Ақмола облысы мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы 21 маусымда кешкі сағат 19.00-де Астана қалалық әкімдігі алдындағы алаңда өтеді.
Сондай-ақ, 23 маусым күні сағат 11.00-17.00 аралығында «2017.EXPO.AKMOLA» әдеби саябағында өтетін («Отан қорғаушылар» монументі алдындағы «Парус» сахнасы) «Ақмола жұлдыздары» гала-концерті, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі де өз мазмұндылығымен ерекшеленетіндігі айдан анық.
22-25 маусым күндері этноауылдағы сағат 11.00-ден 20.00-ге дейін думаны бір тынбайтын театрландырылған мәдени көпшілік іс-шараларда Көкшетау қаласының, Бурабай, Шортанды және Қорғалжын аудандарының көркемсурет шеберханаларының мамандары шеберлік кластарын өткізсе, «Қазанат» ипподромында «БЛЭК» серіктестігі өзінің ұлттық нақыштағы қазақы бұйымдарын ұсынады. Осы ипподромда 22 маусымда күні бойы өтетін облыстық шығармашылық ұжымдарының «Дала сыры» атты концерті де тыңдарман қауымды бейжай қалдырмасына сенім мол.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған мәдениет күндеріне облысымыздағы қос театр да бірқатар танымал қойылымдарымен бара жатыр. Атап айтқанда, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры 23 маусым күні кешкі сағат 19.00-де Астананың талғампаз өнерсүйер қауымына белгілі драматург, жерлесіміз Ш.Құсайыновтың «Анамның ақ көйлегі» драмасын ұсынса, 24 маусымда кешкі сағат 18.00-де этноауылдағы амфитеатрда «Көкше әуендері» концерттік бағдарламасымен екінші қайтара киелі сахнаға шығады.
Ал, облыстық орыс драма театрының репертуарынан 23 маусымда кешкілік М.Горький атындағы орыс драма театрында көрсетілетін заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясы және дәл сол күні күндізгі сағат 12.00-де этноауылдағы амфитеатрда Мұхтар Шахановтың повесі бойынша қойылатын «Шыңғысхан» рок-операсын атап өтуге болады.
Сонымен, Астанадағы Ақмола облысының мәдениет күндеріне орай, таңдаулы өнер шеберлері, мәдениет, зиялы қауым өкілдері, ардагерлеріміздің алды зор ықыласпен аттың басын Елордамызға тіреп те үлгерді. Осы мерейлі де жауапкершілігі мол істе жерлестерімізге тек қана табыс тілеп, сапарларыңыз оң болсын дейміз!
(Облыстың мәдениет күндерінен арнайы дайындалған материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).