Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Арқа ажарының» бір игі жақсысы - АРҚА АЖАРЫ

«Арқа ажарының» бір игі жақсысы

Амантай Есілбайдың қалам ұстап, шығармашылыққа ден қойғанына биыл отыз жылдың жүзі болыпты. Оның облыстық, республикалық басылымдарда жұрт сүйсініп оқитын мақалалары талай жарияланды, біраз өлең, мақала, әңгіме жинақтарын шығарды.

 

Ол сөзін жазған әдемі әуезді  әндер ел ішінде айтылып жүр. Десе де, ол өзін жарнамалап, мен сондаймын деп кеуде қаққан емес. Содан болар, бүгінде екінің біріне беріліп, қадірі қашыңқырап кеткен еңбек сіңірген дейтін атақтар оған бұйырмады, сүбелі сыйлықтар да алмады, биік мансап тізгінін қолына ұстамады. Бірақ, осы күнге дейін қолынан қаламын тастамай, көңілі қалаған, жұрт қажет ететін дүниелерді жазып келеді. Не жазса да дәмді, татымды, тұшымды жазады. Жалаң мақтау, жылтыр сөзден аулақ, шынайы, өмірдің өзінен алынған, жұрт көңілінен шығатын дүниелер жазу – оның өмірлік ұстанымы.
Мен Амантайды 1988 жылдан білемін. Білемін дегенде, етене араласып, бірге қызметтес болмасам да, оның шығармашылығымен сол кезден жақсы таныспын. 1988 жылы Қима аудандық «Дала таңы» газетіне қызметке келдім. Оқу бітірген соң бір жылдай мектепте мұғалім болып істегенмін. Жазуға аздап қабілетімнің барын көріп, журналист Жұматай Сабыржанов қоярда-қоймай газетке жұмысқа алғызған. Аптасына үш рет шығатын аудандық қазақ газетінде үш адам ғана істейміз. Жұмыс бастан асады. Материалдардың дені орыс тілінде келеді. Үлгі тұтып, басшылыққа алатынымыз облыстық «Коммунизм нұры» (бүгінгі «Арқа ажары») газеті. «Тың магистралі» деген газетте істеп жүріп, сол жылы облыстық басылымға ауысқан Амантай бұрқыратып көп жазып жүрді. Жазғандарын  үнемі оқып, үлгі тұтып, үйреніп жүрдім.
Кейінірек редакцияға бір соқанымда Амантаймен таныстым, содан кейінгі уақытта кездескенде амандасып жүрдік. Жазғандарына қарап, кексе тартқан кісі ме десем, өзім қатарлы жігіт екен. Шынын айтқанда, сол тұста «Коммунизм нұрында» өңкей мықтылар істейтін. Алдан Смайылов, Мәди Хасенов, Жомарт Әбдіхалықов, Жылқыбай Жағыпаров, Жұматай Сабыржанов, Амангелді Жұмабеков, Төлеген Ілдебаев, Мағжан Садыханов болып жалғасатын журналистердің бәрі сайдың тасындай кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін талантты қаламгерлер еді. Сондай мықтылардың арасында жүрген Амантай Есілбайдың да өз қолтаңбасы бар, жалаң журналистікпен ғана шектелмей өлең, әңгіме де жазатын жан-жақты қарым-қабілеті мол қаламгер екендігіне оның шығармашылығы дәлел.
Амантай Есілбайдың әр жылдарда жарық көрген «Асылдың сынығы», «Өнегелі ғұмыр иесі», «Аманат» сияқты жинақтары оқырман тарапынан жылы қабылданып, кезінде оң бағасын алды. Айтар ойы, толғар мәселесі бар тұшымды тілмен, тартымды сөзбен өрнектелген әңгімелері мен очерктері, публицистикалық мақалалары әрдайым жұртшылық тарапынан жылы қабылданып, жақсы бағасын алатын.
Амантайдың тағы бір қыры – ақындығы. Ерінбегеннің бәрі ақын болып кеткен заманда шынайы өлең жазып, поэзияның құдіретін жүрегімен түйсінген жандар кемде-кем. Жазған дүниелерінің бәріне талғаммен қарап, жақсы, сапалы дүние беруге ғана ынталы қаламгер өлеңді өндіртіп көп жазбаса да, қаламынан тек тартымды, дүниелер  шығады. Содан болар, оның өлеңіне жазылған «Ақ ерке», «Қарындасым – қарлығашым», «Толғанай» сияқты әндер жұрт аузында әлі күнге дейін айтылып келеді.
«Арқа ажары» газетінде біраз жыл мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, мәдениет пен өнер, білім саласына қалам тартқан Амантай  кейінірек республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында да жемісті еңбек етті. Бірнеше жыл облыстық мешіт шығарған газеттің де редакторы болып, елді имандылыққа шақырып, өзінің басшылық қабілет-қарымын да көрсетті. Кейінгі жылдарда денсаулығына байланысты қызметтен қол үзіп кетсе де, қаламын тастамай, шығармашылығын әлі күнге жалғастырып келеді.
– Қазір «Көрдім бәрін» деген атпен еліміздің тарихында өтпелі кезең аталып жүрген 90-шы жылдардағы ел басына түскен ауыртпалықтар мен ауылдың қиын тағдыры, тәуелсіздік әкелген игіліктер, тіліміз бен діліміздің, дініміздің қайта жаңғыруы жайында өзім көріп, куәсі болған жайларды жазып жүрмін. Көлемі қанша болады және немен бітеді, оны уақыт көрсетер. Бұл өзі сол бір аласапыран кезең жайында бүгінгі ұрпақ білсін, шындықты түсінсін деген ниетпен бастаған дүние еді, – деп еді бір телефон соққанында. Алғашқы кітабын бітіріп, екіншісіне кіріскен Амантайдың бұл еңбегі де көпшіліктің ойынан шығады деген сенімдеміз.
Амантай шығармашылық жолынан бақытын тауып қана қоймай, отбасында да мерейлі биіктен көрінген жан. Жары Тұрсын да кезінде «Арқа ажарында» жемісті қызмет істеген.  Екеуі Думан, Серік деген екі ұлдарын тәрбиелеп өсірді. Қазір олар отбасылы, дүниеге төрт немере келіп,  ерлі-зайыптылар ата, әже атанып, немерелерінің қызығын көріп отырған жайлары бар.
– Толғанай деген үлкен немерем төртінші сыныпты бітірді. Өзі әнші. Балалар арасындағы байқауларға қатысып, жақсы өнерімен көрініп жүр. Ал, кіші ұлым Серіктен туған Исрайыл деген немерем бірге келді, – дейді  ол немерелерінің жетістіктеріне қуанышын жасыра алмай.
«Дананың аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей,  қазақ баспасөзі мен әдебиетінде өз қолтаңбасы бар, бүгінде алпыстың асқарына шыққан Амантай Есілбайдың  өнегелі өмір жолы міне, осындай. Әрі шығармашылығына отыз жыл толған оған әлі де ұзақ ғұмыр сүріп, отбасы бақытына кенеліп, жаңа биіктерден көріне бер деп тілейміз. Биыл бір ғасыр толып отырған «Арқа ажарының» ол да бір игі жақсысы!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар