Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев «Қазмедиа орталығында» халықпен есептік кездесуін өткізді.
Облыстық әкімдіктің мәжіліс залына жиналған өңірдің заңгер мамандары, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері бейне-конференцияны онлайн режимінде көрді. Министр жылдағы дәстүрлі есеп беру форматын сәл өзгертіп, оны үш блокқа бөліп, әр блок сайын сұрақ қоюшылар өз сауалдарына жауап алды.
Сонымен, есеп беру кездесуінің бірінші блогында нормативтік актілерді жасау, мемлекеттің мүддесін халықаралық арбитраждар мен шетелдік соттарда қорғау қызметінің нәтижелері сөз болды. Оның мәлімдеуінше, Әділет министрінің 2016 жылға арналған заң шығарушылық жұмыс жоспары толығымен орындалып, Парламентке 18 заң жобасы ұсынылған. Президенттің және Үкіметтің тапсырмасы бойынша жоспардан тыс 13 заң жобалары әзірленіп, Парламентке жолданыпты. Депутаттардың бастамасымен 7 заң жобасы әзірленген екен. Соңғы он үш жылдың ішінде министрлік арбитражды және шетелдік соттарда республика мүдделерін 17 миллиард 400 миллион АҚШ долларына қатысты істерде қорғаған.
Екінші блок конституциялық реформаларды және аталмыш ведомствоға қатысты басқа да реформаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналды. «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Заңына өзгертулер енгізілетіндігін, сонымен бірге, зияткерлік меншік объектілері құқығын қорғауды жетілдіруге бағытталған шаралардың қабылдауда екендігін атап өтті.
Баяндаманың үшінші блогы қабылданған заңдардың аясында атқарылған жұмыстарға, атап айтқанда, сот актілерін орындау және сот сараптамасының салаларына арналды. Жеке сот орындаушылар институты енгізілгеннен бері 4,5 мыңнан астам лицензия беріліпті. Қазір жеке сот орындаушылары республиканың барлық аумақтарында жұмыс істеуде.
Азаматтардың көп кездесіп жататын қиыншылықтарының бірі қарыздарының кесірінен ел аумағынан шыға алмау мәселесіне министр ерекше тоқталды.
–Кейбір жағдайда олар тіпті, қандай себеппен тыйым салынғанын өздері де білмей қалып жатады. Бұл мәселені шешу мақсатында министрлік «Қазпошта» АҚ-мен тиісті қарыз мөлшерін сол жерде толық төлеген соң тыйым салуды бір мезетте алып тастайтын терминалдарды енгізу бойынша жұмыстарды қолға алуда. Мұндай терминалдар Қазақстанның бес қаласында, атап айтқанда Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Шымкент қалаларында орнатылды. Осы жылы оларды еліміздің барлық әуежайларына орнату жоспарланып отыр, – деді Марат Бақытжанұлы. Жеке сот сарапшылары мемлекетке жүктемелерді біршама азайтуы, сонымен қатар, өткізіліп жатқан сараптамалардың сапасын жақсартулары қажеттігін де ескертті.
Әр блок бойынша қойылған сауалдар зияткерлік меншік, адвокаттардың қоғамның әлеуметтік жағдайы төмен адамдарын тегін қорғауы, оларды тәртіптік жауапқа тарту, нотариустардың міндеттері сияқты мәселелер төңірегінде болды. Министр 2006 жылы үй алып, жерін өз атына түсіре алмаған көкшетаулық азаматшаның өтінішіне байланысты облыстық әділет департаментінің басшысы Анатолий Дермановскийге көмек көрсетуді тапсырды.