Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұл қалам ұстаған халық... - АРҚА АЖАРЫ

Бұл қалам ұстаған халық…

Қашанда өз ортасының сәні мен мәні болып жүретін журналист ағайынның түн мен күн қатқан қарбалас жұмысында басынан кешкен қызғылықты, тағылымды оқиғалары да аз емес. Өмір болған соң, оның бәрін толғауы тоқсан тіршіліктің кейбір күтпеген  жағдайлары, әріптес аға-іні, апа-қарындас пен замандастың  аңғал көңілі, ізгі пейілі туғызып жатады.

Өздерінің баспасөз саласындағы қызметтерінде осындай әртүрлі, естен кетпес  әсерлі сәттердің куәсі болып жүрген қаламдастарымыздың төмендегі бетпе-бет келген тосын жайлары оқырмандарымызды да бейжай қалдырмас деген оймен газеттің бүгінгі санынан орын бергенді жөн көрдік. Сіздер  де сөзге мәттақам  топтың арасындағы әзіл-қалжың мен тәлім-тәбәрікке ден қоя отырыңыздар…

 

Науқан күйіп  тұрған жоқ па?..

 Жас ұлғайған соң қаламды сирек ұстайтын болдық. Содан ба екен, уақыт тоқтап қалған сияқты болып көрінеді. Ол уақытта күзгі орақ науқаны шын мәнінде мылтықсыз майдан. Дала төсіндегі диқандар ғана емес, сол диқандардың жанкешті еңбегін өзгеге үлгі етіп жазатын біздер үшін де қым-қуыт, қарбалас шақ туады.
Әр ауданнан проблемалық мақалалар, жолсапар очерктері, репортаждар жазылып, арнайы беттер ұйымдастыратынбыз. Сол кездегі облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің  қызметкері, замандасымыз О. шалғайдағы Қызылту ауданының «Карл Маркс» кеңшарына барады. Мақсат – белгілі, міндет – айқын. Бірден механикаландырылған қырманға соқса керек. Ол кезде қырман кеңшардың штабы іспетті. Тұс-тұстағы алқаптардан жеткізілген бидай төгіліп жатады, біреулері қауырт келіп жатады, біреулері асығып кетіп жатады. Бәрі жорық жолында.
Әдетте кеңшар басшылары қырманнан табылады. Газет тілшісі келсе, біреуі де жоқ. Жөн сұраса, әлдебіреулер:
– Басшылар бас агрономның үйінде, түскі астарын ішіп жатыр, –  демей ме.
Ту сонау Көкшетаудан тілі таңдайына жабысып, шөліркеп келген газет тілшісі бас агрономның шаңырағына баса-көктеп кіріп келеді. Кіріп келсе, ортада бір табақ ет, самсаған шөлмек, он шақты адам ошарылып ас ішіп жатыр екен. Бәрі бейсауат адамға жалт қарайды. Қыры сынбаған костюм, ақ көйлек киген, шоқпардай қылып галстук байлаған, шашын майлап артына қайыра тараған, дембелше келген, келбетті кісі аяқ астынан сап ете түсетін төтенше уәкілдерден аумайды екен. Бәрі демдерін ішіне жұтып, таңырқай қарап отырғанда, табалдырықтан аттаған шақырусыз қонақ:
– Че сидим? Там горит! – деп тілге келеді.
Орманнан ада Қызылтудың даласында егіннен басқа күйетін не бар. Жаңа ғана жайбарақат ас ішіп отырған өңкей басшы тілден айырылды дейді. Жүздері қуара күлгін тартып, сұп-сұр болып кетсе керек. Пісіп тұрған егінді алда-жалда өрт жалмап кетсе, өздерінің де аман қалмасы белгілі ғой.
Келген қонақ әлгі бет қаратпайтын қаһарлы хабарын қайталап айтыпты. Өрт лебі ыстық болғанымен, жаман хабардың жалыны түскі асқа жиналғандардың жүрегін мұздатып жіберген. Алдарындағы асты тастай салып, далаға атып шығыпты. Көз жанары жететін аумақта сыздықтаған түтін, оқыс оқиғаның ізі көрінбейді. Тып-тыныш. Өрттен дін аман. Не болғанын түсінбей үйге қайтадан кірсе, шоқпардай галстук байлаған журналист жалғыз өзі табақтағы етті жәукемдеп жатыр екен. Енді-енді есін жинап, тілге келген кеңшар басшылары:
– Ол не қылған өрт, қайдан шыққан, қашан шыққан? – деп сұрамай ма, сонда екі ұрты майлы етке толған журналист:
– Науқанды айтамын,–депті, –күйіп тұрған жоқ па? Ал, сендер ет жеп отырсыңдар.
Сонда ғана есін жиған кеңшар басшылары даладағы өрттен аман екендерін түсініп, журналистің ішіндегі өртті сөндіруге кіріскен екен.

Жұмабай ЕСЕКЕЕВ,
қарт журналист.

 

БӘРІМІЗ ДЕ ПЕНДЕМІЗ…

 

Иә, солай.
Шалқамнан түсіп, шаңыраққа қарап жатырмын. Ойым – ойда, қиялым – қырда.  
Осы біз қандай пендеміз?..
Мәселен, мені жұрт ақын дейді. Бәлкім рас шығар. Өлең жазамын. Бірақ, нағыз ақындықтың ауылы мына менен әл-де-қай-да алыс екенін ішім сезеді. Дегенмен, пендеміз ғой, былайғылар көтермелеп, астыма көпшік қойып мақтаған соң, соны біле тұра өлеңнің ауылынан алыс-тап кете алмай жүрген жайым бар. Әйдік сатирик болмасам да, солардың қотанына адасып барып кіріп кететінім де жоқ емес. Тіпті сөз естіcем де…

 

 

«ШАЛ»  ДЕГЕНІҢ ҮШІН…

 Бірде Ұлы Жеңіс мерекесі күніне арнап «Ардагерлер» деген өлең жазып, оның астына: «Майдангер-журналист, жазушы Әнуар Ипмағамбетовке арнаймын», – деп жазып жібердім.
Ол кісі кезінде қазіргі «Арқа ажары» газетінің бастауларының бірі «Тың өлкесі» кезінде редактордың орынбасары, өлке таратылғаннан кейін «Коммунизм нұры» газетінің редакторы болған. Орыстың атақты жазушылары Леоновтың, Толстойдың, тағы басқалардың қалың-қалың романдарын қазақшаға сынын кетірмей тәржімалаған мықты. Ал, әкесі Нұрғали патшалық Ресей заманында Петербордың Жоғары әскери медициналық университетін үздік бітірген қазақтың оқығандарының бірі. Ақсүйек тұқымы. Содан да Әнекең үнемі үстіне қыры сынбайтын кәстөм-шалбар, шатырдай әппақ көйлек киіп, галстук тағынып, қолына сәндік асатаяқ (трост) ұстап жүреді. Өзі Республика даңғылымен қиылысатын Аманкелді Иманов көшесінің бойындағы №4 үйде тұратын.  Күнде жұмысқа барарда сол жерден өтетінмін. Бір-екі рет үйіне алып барып аударманың қыры мен сырын біраз үйретіп, ақыл-кеңестерін бергені де бар. Сонда төріндегі кілемде ілулі тұрған, тек Жеңіс күні ғана киетін кәстөмінің өңірі жауынгерлік ерлігінің айғағындай ордендер мен медальдарға толы екеніне көзім түскен. Өлеңіме жазған эпиграммаға себеп болған сол.
Жеңіс мерекесі өтті. Әдеттегі жұмыс күні бас редакторымыз Октябрь Әлібековтың ілездемесі енді ғана басталған. Есікті жұлқа ашып Әнуар Ипмағамбетов кіріп келді. Киімі баяғы ақсүйектердікіндей,  бір қылау, бір мін жоқ. Алайда қабағы салыңқы, жүзі ызбарлы. Кірген беттен-ақ:
– Октябрь шырағым, мені жасытып, «шал» деп шаңымды қағатындай саған не жаздым?! – деді қолындағы асатаяғын ілгері қарай көзеп.
– Оу, Әнеке, мен сізге ондай ештеңе айтқан жоқ едім ғой, бұл не сөзіңіз? – деп Октябрь аға не айтарын білмей  тосылып қалды.
– Ендеше, мынауың не, оқы! – деді газеттің бірінші бетіндегі менің өлеңімді нұсқап. – «Шал» деп кімді айтатынын білемісің өзің?..
Ешқайсымызда үн жоқ. Әсіресе, әлгінде ғана мақталған өлеңім жер қаптырған мен кірерге тесік таба алсамшы. Сондағым «Ардагерлер» деп Әнекеңе арнаған өлеңімдегі екі жерде: «Шал» деп бүгін қартайтып жүргендерің, Балдәуреннің қызығын көрмегендер», «Жас жылдары арман боп қалған жандар, Сіз бен біздер бүгінгі «шал» дегендер», – деппін.
Ал, керек болса. Ауырмай өлдім деген осы.
–Білмесең, енді біл! Ауылдың үлкенін «Қария», рулы елге сөзі өтетінді «Ақсақал», бір тайпа жұртты ақылымен ұйытқан данагөйді «Абыз» дейді, ал үйінде омалып отырған, көзінен былшығы кетпейтінді, сөзі босағадан әріге жетпейтінді «Шал» дейді.  Қалғаны анауыңа (онысы мен) сабақ!.. – деп, Октябрь ағаның редакция атынан кешірім сұрауын күтпестен, кірген ізімен кері бұрыла шығып жүре берді.
– Әй, өзіңді әжептәуір ақын деп жүрсек, бізді мақтамен бауыздағандай қылдың ғой. Соның жазасы: Әнекеңді «шал» дегенің үшін сөгіс жариялаймын! – деді Октябрь аға енді-енді ғана есін жиып.
Бұдан кейін көпке дейін өлең жазбай кеттім.

Аманкелді ЖҰМАБЕК,
 «Арқа ажарының» бұрынғы қызметкері, ақын, аудармашы.

 

«Журналистер де даярлаймыз»

 Кешегі кеңес өкіметі тұсында Көкшетау облысында беретін білімі институтқа бергісіз Қотыркөл зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумы бар болатын. Ауыл шаруашылығы саласының талай бетке ұстар мамандары мен басшылары әуелде осы оқу орнын бітіріп жүрді. Қазір заман ағымымен аграрлық колледжге айналған.
Тәртібі де темірдей сол техникумда кезінде мектеп қабырғасынан кейін біз де оқыдық. Дәл осы техникумның түлегі, белгілі журналист, марқұм Мәули Әлімов ағамыз да ауыл шаруашылығы мәселелерін өте жетік білетін.  
Бірде облыстық «Көкшетау» газетінде жұмыс істеп жүргенімде осы өзім оқыған білім ордасына аңсарып ауып, Еңбекшілдер ауданына бара жатқан іссапарымда жарты жолда Қотыркөл селосынан түсіп қалдым. Бұл техникумнан біздер түлеп ұшқалы да біраз жылдың жүзі өткен. Өзіме сабақ берген бұрынғы мұғалімдерімнен кімдер бар екен деп неше түрлі оймен келе жатсам, анадай жерде балапандарын ерткен ата қаздай, үстеріне ақ халат киген бір топ шәкірттерімен ұстазым Балтабай Қуанышбеков ағай бері беттеп келеді. Соғыста алған жарақатынан сол баяғы ақсаңдай басқан қалпы.
Бірден бойым мен ойымды түзеп,
дауысымды шығара  «Ассалау-мағалейкум» деп сәлем бердім.  
– Уағалейкумсәләм, қай баласың? – деп ол кісі де сұрақтың астына алды.
– 1976 жылы осы техникумды бітірген шәкіртіңізбін. Сол тұста сіз бізге де сабақ бергенсіз.
Осыны айтқаным сол екен, бір түрлі көңілі көтеріліп, қойдай иіріп қойған оқушыларына бір, маған бір қарап, қайда жұмыс істеп жатқанымды сұрады.  
–Аға, мен қазір журналиспін. Іссапарда жүр едім. Өзім оқыған техникумымды, ұстаздарымды
көрейін деп автобустан түсіп қалдым.
Сол-ақ екен, сол кезде өз шамала-уымша, жетпістің ішіне молынан кірген ақсақал әбден көңілденді. Мені екі қолымен иығымнан қапсыра ұстап тұрып, артына, шәкірттеріне бұрылды да:
– Міне, көрдіңдер ме, біздің техникум мал дәрігерлері мен зоотехниктерді ғана емес,  журналистерді де даярлайды, – деді  ерекше бір мақтаныш сезімімен. Қарт солай біртүрлі толқып кетті, ал, мен болсам, осы бір аз-мұз талабыммен өз ұстазыма сәл де болса қуаныш сыйлағаныма  шүкіршілік еттім. Иә, біз де сондай бір жаны таза, көңілі шуақ жандардан дәріс алып едік  кезінде…  

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

 

Сауалына қарай жауабы

 Қалам ұстап жүрген ағайынның да қилы-қилысы болады. Аузынан шығатын әр сөзді екшеп, ақыл таразысына салып, байыппен айтатындары, алаңғасарланып отырып, білімсіздігін білдіретіндері де.
1990 жылдардың басы. Бұрынғы Көкшетау облыстық телерадиокомитетінде қызметтеміз. Жолсапарға жиі шығамыз. Әйтеуір шыққан соң материалды көбірек қамтып қалайық деп, басшылар тележурналистке радио қызметкерін қосақтап жібереді.
Бірде Ленинград ауданына бардық. Негізінен астықты аудан болғанымен, қойды да мыңғыртып көп бағады. «Айсары» кеңшарының басшылары жұмысына адал, тындырымды, малсақ жан, осы кісі туралы жазсаңыздар жөн болар деп, бір аға шопанды лайықты көрді.
Түс мезгілі болатын. Аға шопанмен ілесіп үйіне келдік. Іле телекамераны құрып тастап, сұхбат алудың қамындамыз. Радиожурналист С. деген азамат болатын. Екеуіміз екі жақтан сұрақты қарша боратып жатырмыз. Әдеттегідей малшы, қойшыға қойылатын жаттанды сұрақ, жаттанды жауап.
–Ақсақал, әр қойдан қанша жүн қырқып, жүз қойдан қанша қозы аласыз? – деп сұрап қояды радиожурналист.
– Малдың күйі жаман емес, жем-шөбі жеткілікті. Енді аз уақыттан соң көкке аузы жетеді ғой,–дейді аға шопан, – мен сек бағамын ғой, былтыр әр басынан үш келіден асырып жүн қырықтым.
– Қанша қозы алатыныңызды айтпадыңыз ғой?
– Несін айтасың қазір малшының жағдайы жақсы. Бұрынғыдай қолмен атқаратын көп шаруа жоқ. Жем-шөптің бәрін техникамен тасып салады. Қойшының жұмысы күзетшімен қарайлас. Қораның есігін ашу ғана. Көрші кеңшарда күйеу балам қой бағады. Төл жарықтық та бағымыңа орай төгіледі ғой, былтыр жүз қойдан 120 қозы алды,–дейді аға шопан.
– Сіз қанша алдыңыз? – деп тақақтап қоймайды радиожурналист.
– Қалқам-ау, мен сек бағамын ғой. Қыстан күйлі шығып келеді. Мал басы аман.
– Аға, неше қозы алғаныңызды айтпадыңыз ғой,–деп тағы қадалды радиожурналист.
Сол кезде ақсақалдың да ұзақ жыл қой бағып шыңдалған темірдей төзімі таусылды білем, небір тұздығы татымды сөздерді аңыратты.
– Атаңа нәлет, – деді ақсақал, – сен өзің мал көрмеген пәлесің бе, сек еркек мал емес пе? Одан қалай қозы аласың?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар