Маусымның басынан бері Астана әуежайына 140 мың шетелдік мейман келді. Бұл туралы кеше туризм және болашақ энергиясына арналған халықаралық конференцияда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлім етті.
«ЭКСПО-2017» көрмесі аумағындағы «Нұр Әлем» сферасы өзінің бірегей сәулетімен және ішіндегі мазмұндық көрінісімен адамдарды қызықтыратынына тоқталған А.Есімов, соңғы күндері оған 150 мыңға жуық адам барғанын жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы ЭКСПО-ға 400 мың адам барды.
«Көрмеге әлемнің көптеген елінде қызығушылық танытты. Бұл айтулы шараға билеттерді 55 елдің азаматтары сатып алды. Осы ретте туристердің келіп жатқанын байқаудамыз. Маусымның басынан бері Астана әуежайына 140 мың шетелдік мейман келді, бұл өз кезегінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есеге артық», – деді басқарма төрағасы.
Белгілі болғандай, көрмеде еріктілер ретінде 46 елдің өкілдері қызмет етуде. Бұдан бөлек, А.Есімов көрмені халықаралық деңгейде насихаттауда елеулі жұмыстар атқарылғанын, осы ретте бүгінде 1,5 миллиард адам қамтылғанын, ал, көрме соңына дейін бұл көрсеткіш 2,5 миллиард адамға жететінін сөз етті.
Көрме жайында ақпарат халықаралық ірі әуежайларда және өзге де маңызды нысандарда орналастырылуда, сондай-ақ, Google компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық іске асырылып, жарнамалар алдыңғы қатарлы әлемдік телеарналарда көрсетілуде.
«ЭКСПО-2017» көрмесінің салтанатты ашылуынан шетелдік БАҚ-тың 800-ден астам өкілі хабар таратты. Көптеген елдерде бұл шара тікелей эфирде көрсетілді», – деді ол. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Аxметжан Есімов ЭКСПО-ны көріп кету көрсеткіші қаншаға жеткенін хабарлаған болатын.