Oблыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» ғимаратында өңірімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің балалары арасында мемлекеттік тілді насихаттау және қолдану аясын кеңейту мақсатында өткізілген шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Облыстық кезеңге жолдама алған үздіктер «Музыкалық қонақжай», «Театрландырылған қойылым», «Әдеби оқу» және «Ұлттық қолданбалы өнер» аталымдары бойынша бақ сынасты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова мәдени шара барысында қазақ тілінің мәртебесі – елдің абыройы екенін айтып, жеңімпаз балаларды марапаттады. Бірінші орын алғандар 150000, екінші орынды иеленгендерге 130000 және үшінші орын жүлдегерлеріне 100000 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.
Көкшетау қаласындағы «Қарлығаш» балабақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Сенбаеваның айтуынша, осы байқауда бірінші орынды жеңіп алған шәкірті Кирилл Генза 5 жаста екен. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін бала қалалық, облыстық жарыстарға белсенді қатысады. Ал, Степногорск қаласынан келген Ринат Бикулов өз сөзінде әкесінің ұлты башқұрт болса, анасы орыс, өзінің жаны қазақ екенін жеткізді.
Шара соңында жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, барлық жүлдегерлер марапатқа ие болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.