Уілдеген желдің өзі құлағына ән болып құйылатын, жүрегі баладай аңғал, көңілі даладай дархан саңлақ сазгер, бүгінде мерейлі 70-тің жотасынан көрініп отырған қадірлі ағамыз Болатбек Есмұхановтың ғұмыр жолы өнермен берік өрнектелгенін бағамдайсың.
Саналы ғұмырын қазақ өнері һәм мәдениетімен сабақтастырған ағаның ел ықыласына бөленіп келе жатқаны Тәңірі сыйлаған талантынан ғана емес, сол қабілет-қарымын терең ізденіспен ұштастыра білген еңбексүйгіштігінің және өнерге деген шексіз, риясыз ғашықтығының арқасында деп білеміз. Оның әрбір әні тұнып тұрған сыршыл лирика, қазақы бояуға қанық, жүрек қылын шертетін әуезге бай.
Сонау 1969 жылы алғашқы әні «Сағыныш»-ты жазып, өнер биігіне құлаш сермеудің құтты қадамын жасаған Болатбек Есмұханов бүгінде 30-дан астам әннің авторы, елімізге танымал композитор. Өмірбаянын өрер болсақ, орта мектепті бітірісімен еңбекке ерте араласқан. Жезқазған кен байыту фабрикасында жұмыс істей жүріп, еңбекті өнермен ұштастыра білді. 1967 жылы Металлургтер сарайы жанынан «Қарагөз» ансамблі құрылды. Ол осы өнер ұжымында өнер көрсетіп ансамбльдің қанаттанып, қалыптасуына өз үлесін қосты. Осы жылдары композитордың бірнеше әндері дүниеге келіп, сол туындылар орталық радио мен телеарналардан беріле бастады. Жетпісінші жылдары сазгердің жүрегін жарып шыққан тағы бір әні ақын Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Махаббат мұңы», «Сен кінәлі емессің», «Оянған махаббат» сияқты әуездер қалың көпшіліктің көңілінен шықты. Осы бір ыждаһатты еңбегінің арқасында 1973 жылдың күз айында республикалық саяси әндер байқауының лауреаты атанды. Ол 1974 жылы Жезқазған облыстық филармониясының «Жезкиік» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі әншісі ретінде жұмысқа қабылданды. Аталмыш ансамбльдің құрамында Қазақстанның барлық аймақтарында, Қарақалпақ, Өзбекстан Республикаларында өнер көрсетіп, халқымыздың музыка өнеріне өз үлесін қосты. 1995 жылы Көкшетау қаласына қоныс аударып, политехникалық колледжге орналасып халқымыздың рухани мұрасын дәріптеп, жастардың бойында ұлттық тәрбиенің қалыптасуына өз үлесін қосты. Музыкалық арнаулы оқу орнын тәмамдамаса да көкірек көзі ояу, зерделі талант иесі өздігінен нота үйреніп ән әуендерін домбыраға, баянға, гитараға түсіру білімін шыңдады.
Иә, қазақ халқы ән мен жырды өзінің өмірлік рухани азығына айналдыра білген халық. Сезімді селт еткізер, жүректен шыққан сұлу саздың балын тамызып, ән пернесі таза мөлдір әуезді төккен әсем әндер көңіл төрінен орын алары да хақ. Содан болар, Болатбек Есмұхановтың әндері халықтың зор ықыласына ие. Соның айғағы ретінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жарығым-ай», «О, Муза» әндері елімізге танымал «Каспий» тобының орындауында халықтың көңілінен шығуда. Бұл ән «Арқа» тобының орындауында «Хит парадтың» бас жүлдесін де иеленді. Ақын-жазушы Ерболат Баяттың «Періште» әні де қалың көрерменнің жүрегінен орын алды. Ақын Алмас Темірбайдың сөзіне жазылған «Әкеме», «Ауылға кеткім келеді» атты әндері «Серілер» тобының орындауында халыққа кең тарап, ел ықыласына бөленуде. Соңғы жылдары әнші-сазгер кезінде өзі құрамында болған «Қарагөз» ансамблін қайта құрып, республикалық «Қазақстан», «Хабар» телеарналарында өткізілетін «Сағындырған әндер-ай», «Кеш жарық» бағдарламаларына қатысып, өз өнерлерін ортаға салып, халыққа кеңінен таныла бастады. Екі әніне бейнебаян жазылып, 1 компакт дискісі жарық көрді. 2015 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Алматы қаласындағы Республика сарайында «Қарагөз» ансамблінің үлкен концерті болып өтті. Осы жылдары Ақтөбе, Қарағанды, Атырау, Талдықорған облыс-
тарында гастрольдік сапарларымен өнер көрсетті. Болатбек Есмұханов өз ісінің кәсіби шебері ғана емес, үлгілі әке, адал жар, дос-жаранға сыйлы жан. Былайғы өмірде өте қарапайым, біреуге жақсылық жасауға ұмтылып тұратын ақкөңіл, аңқылдақ мінезі оны абырой биігіне көтерді.
«Жақсы әйел ер адамның бағы, кір шалмас ары» деген. Болатбек Есмұханов жолдасы Мара Есмұхановамен бірге ұлын ұяға қондырған құтты шаңырақ иелері. Мара апамыз көмейіне бұлбұл қонған жезтаңдай әнші. Ақмола облыстық филармониясының белді әншісі ретінде еліміздің алыс-жақын шет елдерінде де қазақтың ән өнерін аспандатқан дүлдүл өнерпаз. Екі ұлынан өрбіген бес немерені жетелеген өнегелі отбасы иелері бақыттың бақшасында өмір жолдарын ғибратпен өріп, әр күндерін шаттықпен көмкеріп, ғұмыр кешуде.
Сағыныш пен сыршылдықтың, мұң аралас іңкәрліктің белгісіндей сұлу сазға тұнып тұрған мөлдір сезімнен туған әсем әндеріңіз жүрек төрінен орын ала берсін, Аға! Жасай беріңіз, ән әлемінің ақсұңқары!
Суретте: қайта құрылған атақты «Қарагөз» ансамблі.