Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шалғай ауданның жаршысы - АРҚА АЖАРЫ

Шалғай ауданның жаршысы

Жарқайың ауданының көнекөз қариялары осы өлкеде, бұрынғы Боранкөл ауданында «Социалистік құрылысшы» атты қазақ тілінде шығатын жалғыз газет болғандығын еміс-еміс есіне алады. Өйтпегенде қайтсін, жалғыз газет жабылғалы аттай алпыс жыл уақыт өткен.

  Қазақ тіліндегі басылымға бүйрегі бұрып тұрмаған кеңес өкіметінің жергілікті билігі жанашырлық таныта қойған жоқ. Аудан жұртшылығына жергілікті ұлт тілінде ақпарат жеткізіп, қал-қадірінше ел қамын жеген жалғыз басылым жабылғаннан кейін соңынан шам алып іздегендер де бола қойған жоқ. Шам алып іздеуге шамалары да жетпейтін еді. Онсыз да булығып жатқан тіл, ұлт дәстүрі, халық қазынасының кәусар бұлағы бітелді де қалды.
Тыңның эпицентрі тәрізді өңірде жергілікті ұлт некен-саяқ. Барының өзі орыс тілінде тіл сындырған. Қазақ тілінде жазу, оқу олар үшін қадым заманда тасқа қашап жазылған ежелгі ескерткіштердің сұлбасын іздегенмен бірдей қиямет қайым. Әрине, барша жұртты бас салып кінәлау да жөн емес. Өйткені, білім ошақтарының дені орыс тілінде. Тілі сол тілде шыққаннан кейін, өз ана тілдерін меңгере алмай қалған.
2013 жылдың 31 мамыры күні аудан жұртшылығы үшін, әсіресе, қазақ тілді оқырман қауым үшін ақ түйенің қарны жарылған ұлыстың ұлы күні болды. Аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың тікелей көмек-қолдауының, жанды жанашырлығының арқасында «Жарқайың тынысы» атты аудандық қоғамдық-саяси газет жарық көре бастады. Жаңа газеттің бетінде алдымен ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі, сыртқы саясатына,  елді ұлы істерге бастау жөніндегі мақсат-мұратына, сондай-ақ, Үкіметтің қаулы-қарарларына орын берілуде. Әрине, шығармашылық қуаты шектеулі  алақандай аудандық газет бар мәселені түбегейлі зерттеп, толайым қамтып жазып жатыр деп айтсақ шындыққа қиянат болар еді. Іс барысы қал-қадірінше. Соның өзінде оқырман қауым аудандағы жаңалықтардан, ел ішіндегі тірліктен осы газет арқылы хабардар болып отырады. Аракідік өздерінің де мұң-мұқтажын мөлдіретіп жазып қояды. Жеке бастың ғана емес, жалпы жұртшылықтың, тұтас ауданның қайсыбір қабырғалы мәселелері. Тақырыптары да әрқилы. Мәнді мәдениеттен бастап, әлеуметтік-тұрмыстық жайлар,
ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері. Өңірдегі өнердің өзегін де тілге тиек етеді.
– Әсіресе, газет бетінде аға буынның өнегелі өмірі туралы толымды көрсетіледі,–дейді газет редакторы Темірбек Саухимов,– өйткені, олардың халқына сіңірген көл-көсір еңбегі, адал жүректері жас толқын үшін қашанда жақсы мысал болуға тиісті. Бұл да жаңа дәуір адамдарын тәрбиелеу үшін өте қажетті дүние. Егер, шынын айтқанда шығармашылық қуатымыз қаптал жетіп тұрса, бұдан да тереңірек, мазмұндырақ шығарар едік. Бірақ, айналдырған екі адамға газет шығару оңай-оспақ іс емес. Мен өзім осы газеттің алғашқы санынан бері қызмет етіп келемін. Негізі төл мерекемізге орайлас сөз тиіп отырса да, жанымызға батып жүрген бірер мәселені айта кеткеніміз жөн шығар. Мұндай мәселе жалғыз біздің ғана басымызда емес, бәлкім барлық аудандық газеттерге тән дүние болуы мүмкін. Аудан әкімдігі тарапынан көмек-қолдау көп-көрім болғанымен, оқырмандар саны көңіл тоғайтпайды. Яғни, баспасөзге жазылу мәселесі әр жыл сайын зор қиындықпен өткізілуде. Бұл арадағы бар түйткіл аудан тұрғындарының дені орыс тілді болуында.
Аудандағы қазақ тілінің қайтадан бүр жаруына игі шарапатын тигізіп келген Ақпан Үкібаев атындағы орта мектеп жабылып қалыпты. Қалт-құлт еткен қазақ тілінің қабырғасын қақырататын соққы десең де болар. Онсыз да мысықтабандап жылжыған мәселе енді біржола бас көтерместей тұралап қалған.
Барша аудандық газеттердегідей кадр мәселесі де қиын. Шалғайдағы таралымы 600 дана ғана аудандық газет түгіл облыс орталығының өзі жаза білетін адамға жарымай отырғандығы шындық.
Бірқатар қиындықтарды бастан кеше жүре, ұлт рухы үшін, тілі мен өнерін дәріптеу үшін жан аямай еңбек етіп келе жатқан аудандық газеттердің еңбегі мақтауға тұрарлық. Жыл он екі ай бойы барша замандастарының жарқын істеріне қуанып, үн қататын әріптестерімізді тым болмаса төл мерекеге орай атап өтейікші деп ниет еткен едік.
Б.ҚАЙЫРЛИН.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар