Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаныңды жақсылығымен баурайтын Ваня атай немесе 45 жыл егін қоритын қарияның керемет өмір дағдысы - АРҚА АЖАРЫ

Жаныңды жақсылығымен баурайтын Ваня атай немесе 45 жыл егін қоритын қарияның керемет өмір дағдысы

Белгілі журналист Қуаныш Нұрсадықов облысымыздағы тәжірибелі де іскер баспасөз өкілдерінің бірі. Ол жетекшілік ететін Ақкөл аудандық «Ақкөл өмірі» газеті осы өңірдің тыныс-тіршілігін жазып көрсетуде, жылт еткен жақсылық пен жаңалықты оқырман қауымға жедел жеткізуде өзіндік биіктен көрініп келе жатқан басылым.

Әрдайым заман талабымен үндес газет басшысы мына алмағайып заманда кәсіпкерлік қырларымен де танылып, редакцияның күрмеуі қиын мәселелерін  өз ет тірлігімен дәйекті шеше білуде. Біз бүгін кәсіби мерекеге орай, әріптесіміздің редакция қоржынындағы төмендегі материалын арнайы назарларыңызға ұсынып отырмыз.  

 

Ерте, ерте, ертеде, сонау Саратов деген қалада бір балақай өмір сүрді. Өз құрдастары тәрізді доп ойнайтын, көгаршын ұшыратын. Сұм соғыс болмаса, солай жүре берер ме еді…
«Жұт жеті ағайынды» деген. Соғыс басталысымен 9 жасар бала әкесінен бір айрылады, тарихи Отанынан екінші айрылады. Оны туыстарымен бірге қауіпті элементтер деп жер аударып, қазақ даласының солтүстігіндегі Еңбек ауылына әкеліп тастайды.
Басқа салса, көнбеске лаж жоқ. Он жасқа енді шығар шағында Иванға да жұмыс табылып, содан бері 75 жыл жылқы малын жұмыс көлігі етіп, еңбек етіп келеді.
Егер тағдыр біздің тілшілерге Веберлер отбасын соңғы 5-6 айда екі дүркін жолықтырмаса, ешкім де бұл оқиғаға мән беріп жатпас еді.
Өткен жылдың желтоқсан айында Еңбек ауылында редакцияның «Серпін» ақпараттық-пікірталас клубының көшпелі мәжілісі өткізілді. «Елбасының қалыптасуы – Қазақстанның даму жолы» тақырыбын талқылау барысында осы ауылдағы Веберлер еңбек әулетінің үшінші буын өкілі, механизатор Олегтің есімі аталып еді сол жолы.
 Екінші оқиға осы таяуда болды. Біздің басылымдардың басшысына «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Қуаныш Рақышев телефон шалды. Қуаныш Боранқұлұлы жыл сайын көктем келісімен ауылдағы еңбек ардагері Иван Веберге мініс атын беретіндігін айта келе, бұл жағдайдың әдеттегі құбылыстардан өзгешелігіне көңіл аударды.
«Мен оны қанша уақыт білсем, сол уақыттың бәрінде ол егін-пішен қорушысы болып еңбек етіп келеді,– дейді Қ.Рақышев. – Бір ерекшелігі, оған жұмысының талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірудің еш қажеті жоқ. Ат берсең болды, ақша да сұрамайды, басқа жеңілдіктер де талап етпейді, үн-түнсіз жұмысына кете барады. Көктем басталғаннан күзгі жиын-терін аяқталғанға дейін өзі біліп жұмысына кетеді, «бәлен жерден бәлен мал қудым» деп есеп беріп жатпайды, кезігіп қалсам, оның өзінде де уақытым болып, сұрап жатсам, қай егістіктен қашан, қанша мал шығарғанын айтып береді. Жалпы, шығардым деп емес, мал түсірмедім деп айтуды қалайтын бұл бір ерекше жан. Ештеңе сұрамағасын еріксіз қысылады екенсің, уақытында жалақысын төлеп, әйтеуір, бір көмек көрсеткім келіп тұрады ылғи.
 Шаруашылық жетекшісінің сөзіне жерлестері де қосылып, Иван Вебердің шектен шыққан қарапайымдылығын, еңбексүйгіштігін жабыла айтысты.
Иван зейнетке шыққасын үйінде қарап отыра алмапты. Жұмыс істемесе, 10 жасынан бауыр басқан жылқы малын көрмесе, өмірін мәнсіз санап, қапаға батады екен. Атбегі болып жүргенінде негізгі міндетіне қосымша шаруашылықтың 200 бас жылқы қосына да басшылық жасағаны осыдан шығар.
«Он жасымда жұмысқа кіргенімде, совхоз директоры Е.Пышной мені көшір етіп тағайындады. Сосын ол кісімен орталыққа – Алексеевкаға әрі кетсе 40 минутта барып, осыншама уақытта қайта келіп, өз жұмысыма тез көндігіп кеттім. Жүз шақырымдық Целиноград, екі жүз елу шақырымдық Көкшетау да біздің жиі баратын жерлеріміз болды. Сөйтіп, алдымен Е.Пышноймен бірге, сосын оны алмастырған Г.Луценкомен, одан кейін келесі басшы Н.Соболевпен бірге жүріп, отыз жыл делбе ұстадым», – деп еске алады бұл күні ардагер.
Тың көтеру науқанымен бірге бұл өңірге техника келіп, «бастықтың көшірі» міндетінің орнын «машина жүргізушісі» қызметі ауыстырды. Ешқандай оқу оқымаған, мамандық алмаған Иван жұмыссыз қалған жоқ. Оны егістік қорушысы етіп тағайындайды. Осы жұмысты атқарып жүргеніне биыл 45 жыл екен.
«Өзі қызық адам,–деп езу тартады Қ.Рақышев,– әдетте біреу-міреумен, жұмсақтап айтқанда, «әңгімелесе қалса», анау сөйлеп, бұл тыңдап болғасын «Ясное море» дейді де, бұрылып жүре береді. Содан кейін ұғып көр, мұның не айтқанын…
Иван Вебермен жолыққан біздің тілшіміз «Ясное море» сөз тіркесінің патшалы Ресей заманында казак-бурлактар шырқайтын «Славное море (Ясное) – священный Байкал» деген әнге еш қатысы жоқтығын тез аңғарды. Өйткені, Вебердің арғы тегінде казактың иісі жоқ екен. Отан соғысы басталғанда жер ауып келген Саратов немістерінің тұқымы екені сөз басында айтылған.
Олай болса, естушіні елеңдететін, еріксіз ойға шомдыратын бұл сөз тіркесі қайдан шыққан?..
Гәп мынада екен. Иванның алғашқы бастығы Е.Пышной балағат-боқтық дегеннің не екенін білмеген, білсе де, аузына алмаған адам болыпты. Қатты күйініп кеткенде, «Ясное море» деп теріс бұрылып жүре береді екен. Он жасар балаға бұл қатты әсер етіп, ақыры, бүкіл өміріне осы сөз тіркесін, тіркес қана емес-ау, бастығының жаман сөз айтпайтын жақсы қылығын да серік етіпті. «Ешқашан дауыс көтермейді, ұрсыспайды» дейді балалары мен ауылдас-
тары. Бипаздатып отырып «Ясное море» десе, оған кезіккен барлық кикілжің оп-оңай шешіліп сала беретін көрінеді.
Марапатты кім жек көрсін?! «Біздерде мынадай бар, мынадай бар…» дегендей, Жеңіс құрметіне, Тың игерудің 50 жылдығына орай берілгені бар 4-5 медальды марқайып көрсетіп жатты қария.
2005 жылы дүниеден озған зайыбы Тамара Петровна екеуі 50 жыл отасып, 2 ұл, 4 қыз өсірген. Қазір «Еңбек» ЖШС-інде өзі бар, ұлы Александр бар, 3 немересі бар – барлығы 5 адам еңбек етеді екен. Кіші қызының қолында тұратын ардагердің жұмыстан қалт еткен сәттегі уақыты немере-шөберелеріне қамқорлық жасаумен өтеді дейді көрші-қолаң.
Біздің тілшінің келуі осы шаңырақтың қуанышына орайласты. Иван Вебер қарияның немересі Олегке округ әкімі С.Абаханов арнайы келіп, неке куәлігін табыстады. Көпұлтты селоның түлегі Олег ата-анасының үйіне қазақтың Әйгерім деген қызын келін қып түсіріпті.
Иванның өзі де қазақ болсын, орыс болсын, цыган болсын, ешкімді жатырқаған емес. Цыганшасын білмедік, ал, қазақша сайрап тұр. Орысшаласа да, қазақшаласа да, келінімен тіл табысатын түрі бар.
Осылай өмірден, еңбектен қажымаған жан 3 мамырда 85 жасқа толды. Бүкіл саналы өмірін мемлекет меншігін, шаруашылық дәулетін қорумен өткерген бұл тағдырды шекарашы тағдырына ұқсастырса да болғандай. Біз Иванның күн жылынғанда жұмысқа қайқайтып киіп шығатын шекарашы телпегін көргенде еріксіз осы ойға тоқтадық.

Қуаныш НҰРСАДЫҚОВ.
 Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар