Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин аймақ басшысы болып тағайындалғанына жүз күн толуына орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен және республикалық басылымдардың меншікті тілшілерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
Бұл жолғы баспасөз мәслихаты бұрынғы қалыптасқан дәстүрден өзгеше реңде өткізілді. Облыс әкімі халықпен, оның ішінде сол халықтың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын билік орындарына жеткізетін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен емен-жарқын сөйлесіп, кәдімгі Күлтөбенің басындағы ел қамын ойлаған, болашақтың бақытын болжаған жиын тәрізді алқа-қотан отырып, салиқалы сөз сабақтады. Қысылып, қымтырылу жоқ. Әркімнің адал, ақиқат сөзін айтуға әбден мүмкіндігі бар.
Алдымен таяуда ғана Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткізілген Ақмола облысының мәдениет күндері тақырыбындағы толғаныс. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетау мен Қараөткелдің жалпақ жонын мекендеген мәдениеті мәнді, өнері асқақ қалың ел көрмеде өлмес өнердің өміршең екендігін шалқар шабытпен паш еткен. Ұзын-ырғасы бір жарым мың өнерпаз қатысқан ұлылы-кішілі шаралардың ортақ түйіні – өнердің әлмисақтан достықтың дәнекері екендігі. Ұлт мұратын үстем ететін қазақы өнердің құдіреті өз отандастарымызды ғана емес, алыстан ат арытып жеткен алыс-жақын шетелдік көрермен көңілін жаулаған. Жеңіс. Өнер жеңісі. Бұл жайында өңір басшысы қалам ұстаған қауымға аса бір разылық сезіммен жеткізді.
Облыс әкімі облыстың тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан оңтайлы шаруалары туралы ой өрбітті. 2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы аясында 158,8 миллиард теңгенің 72 инвестициялық жобасы жүзеге асырылыпты. Бір қарағанда бір өңкей цифрлар тізілген қасаң көрсеткіш тәрізді. Бірақ, оның әр жағында қанша адамның тағдыры, нәпақа тапқаны жатыр. Осы жобалардың жүзеге асуының арқасында 6,8 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Әлі де 11 жоба жүзеге асырылмақшы. Ойдағы жоспар жүзеге асқан кезде 4,3 мың жаңа жұмыс орындары тағы да ашылады. Бұл дегеніңіз екі қолына бір күрек таба алмай жүргендер үшін талғажау. Шағын және орта кәсіпкерлік шаруасы алға басуда. 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл орайдағы көрсеткіш 2,5 есе көбейген. Кәсіпкерлікке дем беретін инвестиция көлемі де артып келеді. Көлем көзге ұрып, айқын көрінуі үшін тағы да өткен жылмен салыстырамыз. 2016 жылғы сәйкес мерзімге қарағанда 121,4 пайызға өскен. Осындай ілкімді істің арқасында жұмыссыздық деңгейі біртіндеп азайып, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту оң жолға қойыла бастаған. Орташа айлық жалақы мөлшері де 7,6 пайызға өсіп, 101,3 мың теңгені құрап отыр.
– Ақмола облысын негізінде аграрлық облыс деп атайды ғой. Меніңше, ауыл шаруашылығы ғана емес, біздің өлкеде өнеркәсіп те қарқынды дамуда. Ірі кәсіпорындар аз емес,–деді облыс әкімі өз сөзінде. Содан соң жуық арада іске қосылатын ірі жобалар туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
Биылғы көктемде облыстың бірқатар елді мекендері көктемгі су тасқынынан зардап шекті. Қазір сол зардаптың салдарлары жойылуда. Көптеген тұрғындардың баспаналары күрделі жөндеуден өткізілсе, кейбіреулеріне мемлекет тарапынан уақытша үй жалдап тұру үшін қаражат бөлінуде. Замандастарымыздың бойындағы бірлік пен ынтымақ осындай қиын кезде көрінеді. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету есеп-шотына тұрғындардан 92 миллион теңге жиналған. Материалдық көмек қаншама. Қол ұшын созған абзал жүрек азаматтар аз емес. Қаражаттың басым бөлігі зардап шеккендерге бөлінді. Шоттағы қалған ақша да осы мақсатта жұмсалады.
Мұнан соң журналистердің сауалы қойыла бастады. Алдымен облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа:
– Құрметті Мәлік Кеңесбайұлы! Сізге дейінгі облыс басшылары әртүрлі мамандықтардың иесі болды. Олардың арасында экономистер, ауыл шаруашылығының мамандары, құрылысшылар, тіпті, күштік құрылымның өкілдері де қызмет етті. Сіз облыс әкімі болып тағайындалған бірінші дипломатсыз. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сізді облыс активіне таныс-тырып, тағайындағалы 100 күн өтті. Сол жолы Елбасы аймақты дамытуға байланысты бірқатар мәселелерді қойды. Ақмола облысының одан әрі дамуына қатысты сіздің көзқарасыңызды білгім келеді, – деп сұрақ қойды.
– Иә, мен шынында да мамандығым бойынша дипломатпын. Кешегі кеңес заманында мұндай мамандыққа ие болу оңай емес еді. Біздің курстастар жыл аралатып кездесу өткізеді. Бір қызығы мұндай кездесулер Мәскеуде емес, Астанада өткізіліп жүр. Мен Мәскеуден Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне келдім. Жергілікті жердегі жұмыспен сол кезде айналыстым. Жалпы, өзіме нақты жұмыс істеген ұнайды. Мысалы, ел игілігіне жаратылатын жақсы бір ғимарат салдың екен дейік, әлгі еңбегің қанша жыл халықтың кәдесіне жарайды ғой.
Мұнан соң баспасөз мәслихатына жиналған журналистер облыс әкіміне туризмді дамыту, елді мекендерді көркейтіп, абаттандыру, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысын ширату, Астана-Бурабай бағытындағы күре жолдың бойындағы жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту, Астана қаласы маңында демалыс орындарын көбірек ұйымдастыру тәрізді сан алуан сауалдар қойды.
Облыс әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көкейінде жүрген өзекті мәселелер жөнінде қолмен қойғандай етіп тәптіштеп жауап берді. Сөз соңында ол журналистерден қашпайтынын, оларға есігінің қай уақытта да ашық екендігін айта келіп, алдағы төл мерекелерімен құттықтады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.