Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмолалықтардың үлесі зор болды - АРҚА АЖАРЫ

Ақмолалықтардың үлесі зор болды

 

1941 жылдың 22 маусымында басталған Ұлы Отан соғысы әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан КСРО атты алып мемлекеттің миллиондаған халқына айтып жеткізгісіз ауыр тауқымет пен қайғы-қасірет әкелді. Жыл сайын 22 маусымда таңертеңнен кешке дейін күңгірлеп соғып тұратын, Минскінің түбіндегі барлық тұрғындары жау қолынан опат болып, өртке оранған Хатынь деревнясының үйлерінің орнына қойылған қоңыраулы тұғырлардан шыққан үн соғыс қасіреті енді ешқашан қайталанбасын деп тұрғандай.

Иә, өткен ғасырдағы бірінші, екінші жаһан соғыстары миллиондардың өмірін жалмап, адамзат баласына айтып жеткізгісіз қасірет әкелді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі басты байлығы – бейбітшілігі мен татулығы, бірлігі мен достығы екендігі анық. Бұл жайында Елбасы да үлкенді-кішілі алқалы жиындарда үнемі айтып келеді. Өкінішке орай, соғыс өрттері әлемнің әр жерінен ара-кідік шығып, жазықсыз жандарды қазаға ұшыратып, материалдық жағынан да көп залалдарын тигізуде. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған оңтайлы саясатының нәтижесінде еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық.   Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің болашақ дамуына ықпалын тигізетін ұлттық бірегейлік пен мәдениетімізді, тарихымызды ұмытпай, жаңа заман талабына сай биіктерге көтеру қажеттігі айтылды. Өткенді білмей, болашаққа бағдар ұстау мүмкін емес. Тарихымызды өсіп келе жатқан жастарымызға оқытып, санасына сіңірсек қана олардың бойында отансүйгіштік, елжандылық сияқты жақсы қасиеттер орнығатын болады.
26 миллионнан астам адамның өмірін қиған Ұлы Отан соғысы қазақ халқына да зор қасірет әкелді. Соғыс даласынан алыста жатса да, қазақ елі майданға ұл-қыздарын жіберіп, оған қоса, майдан үшін күндіз-түні бел шешпей жұмыс істеп, жеңіске өз үлестерін қосты. Еліміздің басқа аймақтарымен бірге, ақмолалықтар да майдан үшін аянбай еңбек етіп, жеңіс үшін соғыста жан аямай шайқасты.  Соғыс ауыртпалығын ақмолалықтар алғашқы күннен бастап сезінді. Өзге өңірлерден көшірілген кәсіпорындарды орналастыру, адамдарды Отан қорғау ісіне жұмылдыру, үкімет пен партия тарапынан қойылған әскери-шаруашылық тапсырмаларды орындау шаралары жедел түрде басталып кетті.
  Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қалалар мен ауылдарда, ұжымшарларда көптеген митингілер мен жиналыстар өтті. Көкшетауда бес мың адам жинаған митингіде партияның аудандық комитетінің бірінші хатшысы Қаңтарбаев «Біздің басты міндетіміз – әрқайсымыз өз орнымызда адал әрі қажырлы еңбек етіп, еңбек тәртібін сақтай отыра Қызыл Әскерге жауды жеңу үшін қажетті барлық дүниені беріп, Отанымызды қорғау болып табылады» деп ұран тастады. Cоғыстың алғашқы күндерінен-ақ 1905-1918 жылдар аралығында туған барлық әскери борышын өтеуге  міндетті азаматтар ғана емес, әр жастағы адамдар арасында, оның ішінде жасы ұлғайған жандар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер де өз еріктерімен сұранып соғысқа аттануға тілек білдіріп жатты.
Ақмолалықтар да басқа Кеңес Одағы халықтары сияқты «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген ұранмен өмір сүріп, аянбай еңбек етті. 23-29 маусым күндері аралығында партияның облыстық комитеті бюросының отырысында соғыс басталуымен байланысты кеңес халқы алдында тұрған міндеттер түсіндіріліп, ұжымшарлар мен кеңшарлар қызметін қайта құру бойынша жедел іс-шаралар ұйымдастырылып, әскери жұмылдыру жұмыстары жүргізіле бастады.
Сол кездегі тарихи мұрағаттарға зер сала қарасақ, Отанға қатер төнген сын сағатта адамдардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттің мол болғандығын көріп, қайран қаласың. Мысалы, Атбасар ауданында бастауыш партиялық ұйымдардың  42 хатшылары арасынан 17-сі сұранып  майданға аттанса, ұжымшарлардың 28 төрағалары соғысқа өз еркімен аттанған. Еріктілердің саны күннен күнге артып, өсе түсті. Ақмола байланыс бөлімінің теміржолшыларынан 290 еріктінің соғысқа жіберу туралы өтініші түссе, мыңдаған жас комсомолдардың майданға барғысы келетіндіктері жөніндегі өтініштері күн сайын түсіп жатты.
Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылдың 8 шілдесіндегі Қаулысы бойынша Орта Азия әскери округінде Қазақстанның солтүстік аймақтарынан 4 атқыштар дивизиясы құрылуы тиіс болды. Соғыстың бастапқы кезеңінде Ақмола қаласында 310-шы және 387-ші атқыштар дивизиясы құрылған болатын. 29-шы атқыштар дивизиясын және 106-шы ұлттық кавалериялық дивизияны жасақтау бойынша жұмыстар басталған еді. Соғыстың алғашқы алты айында Ақмола облысынан шамамен 37 мыңдай адам майданға аттанды.
Ақмолалықтар тек майданда ғана емес, тылда да ерекше ерлік көрсетті. Олар Жеңісті жақындату үшін уақытпен санаспай еңбек етті. 1941 жылы Мелитопольск танк құрастыру зауытының жабдықтары Көкшетауға әкелінді. Негізгі цехтар педагогикалық училищенің алаңдарына орналастырылды. Ол №317 зауыт болып құрылды. Зауыттың барлық жабдықтарын, соның ішінде жүзден астам станокты өте аз уақытта, бір аптаның ішінде құрастыру керек болды. Әрбір жұмысшы өз станогын өзі орнатты. 1941 жылы 20 қарашада белгіленген уақыттан 20 күн бұрын алғашқы өнім – снарядтар шығарылды. Кейіннен миналар мен гранаталар шығару жолға қойылды. Зауыттың алғашқы директоры Николай Муравьев, құралдар цехының бастығы Леонид Соколов, цех бастығы Михаил Носань, инженер Семен Петлицкий және  басқалары зауытты қайта жаңғыртуға атсалысты. 1943 жылдың 1 мамырында зауытқа «Еңбек майданының гвардияшылары» жоғары атағы берілді.
Сондай-ақ, Көкшетауда Мәскеу түбінен көшірілген Подольск тігін машиналар зауыты орналастырылды. Макинка бекетінде Ленин атындағы зауыт қарқынды жұмыс істеді. Олардың барлығы өндірісті қайта құрып, қорғаныс мақсатындағы өнімдерді шығаруды қолға алды. Степняк қаласында орналасқан «Қазалтын» тресі де алты мың жұмысшының басын біріктіріп, алтын өндіруді жолға қойды.
1944-1945 жылдары Ақмола облысы майданға көмек беру және халық арасында қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша республикада бірінші орында болды. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, біздегі тыл еңбеккерлерінен шамамен 70 миллион сомға жуық ақша және мемлекеттік әскери қарыздарды төлеуге 187 миллион сом қаражат түскен екен. Тұрғындар қорғаныс қорына өздерінің бар жиған-терген ақшаларын, еңбекақыларын салып, аянбай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлестерін қосты.
Міне, биыл соғыстың аяқталғанына да  72 жыл толыпты. Осыдан 76 жыл бұрын, 1941 жылдың  22 маусымында басталған Отан соғысы бұрынғы КСРО мемлекетінде өмір сүрген жүздеген ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, ортақ жауға қарсы бірлесе соғысуға, жеңіс үшін аянбай еңбек етуге құлшындырды. Ұлы Жеңіс бізге сол достығымыз бен бірлігіміздің арқасында келгендігі даусыз шындық.  Осы орайда, Елбасымыздың ұлтаралық татулық пен бірлікке бағытталған саясаты сол қаһарлы жылдарда негізі қаланған, жеңістерге бастайтын ұлы жолдың жалғасы екендігі анық. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда жүзден астам ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етеді. Біздің қазіргі ең үлкен жеңісіміз де осы – татулығымыз бен бірлігіміз және бейбіт өміріміз. Ләйім, көк байрағымыз осылай мәңгі желбіреп, бейбітшілік пен бірлігіміз жалғаса бергей. Соғыс зұлматын ендігі ұрпақ ешқашан көрмесін деп тілейміз.

Талапкер УӘЛИЕВ,
облыстық мемлекеттік мұрағаты ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің
бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар