Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балдың емдік қасиеті - АРҚА АЖАРЫ

Балдың емдік қасиеті

 

Бал – емдік қасиеті мол табиғаттың сыйы. Ол ерте кезден-ақ халық медицинасында кең қолдау тауып, көптеген ауруларға қарсы ем ретінде пайдаланылып келген. Белгілі философ, ғұлама дәрігер Ибн-Сина: «Егер жастығыңды сақтағың келсе, онда міндетті түрде бал же» деген екен кезінде. Ал, гректің ұлы ойшылы, математигі Пифагор: «Менің көп жасауымның себебі – үзбей бал жеуімнен», – деп атап көрсеткен. Сөйтіп, бал бұрынғы заманда-ақ өзінің емдік қасиетімен белгілі болған. Балдың құрамында 60-қа жуық зат бар. Олар балдың қай мезгілде, қандай өсімдік гүлдерінен жинағанына, ауа райы мен жер жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Солардың құрамында ең көп кездесетіні глюкоза мен фруктоза. Олар балдың 70-75 пайызын құрайды. Балдың құрамындағы көміртегі адам бойына жақсы сіңеді. Көміртегі әсіресе, жүйке жасушалары мен бұлшық еттер үшін ерекше қажет. Егер қан құрамында көміртегі азайса, адамның ойлау қабілеті мен дене еңбегіне деген ынтасы күрт төмендейді. 100 грамм бал 355 калория береді.
Балдың құрамында минералды заттар, микроэлементтер де, ферменттер де, витаминдер де аз емес. Сондықтан, бал ас қорытуды, ішек-қарынның қызметін жақсартады. Бұл организмнің жалпы жағдайын нығайтып, асқазан қышқылының бір қалыпты болуына жағдай жасайды. Халық арасында суық тигенде, тұмауратқанда балды ыстық шәй немесе сүтке қосып ішу әдеті жиі кездеседі. Бұл өте құптарлық жай. Өйткені, ол әртүрлі ауруларға қарсы организмнің қарсылық күшін арттырады.
Көп жылғы ғылыми зерттеулер балдың асқазан аурулары мен жүйке сырқаттарын емдеуге де пайдалы екенін көрсетті. Дәрімен ғана емделген адамдардың әрбір үшіншісінің ал, бал мен дәріні араластырып емделген екі адамның бірінің асқазан жарасы жазылғанын тәжірибе көрсетуде. Асқазанда жарасы барлар мен асқазан қышқылы шамадан тыс көп адамдар балды таңертең және түскі тамақтан бір жарым екі сағаттай бұрын, ал, кешкі тамақтан соң үш сағаттан кейін пайдаланғаны жөн. Сонда бал асқазан сөлінің бөліну процесін тежеп, қышқылын төмендетеді, жүректің қыжылын басады. Сөйтіп, ол ойық жараның жазылуына жақсы жағдай туғызады.
Балды тамақ алдында пайдаланса керісінше асқазан сөлін едәуір көбейтеді. Сондықтан, асқазан қышқылы төмендеген адам балды осылай пайдаланғаны дұрыс. Тек оны қайнаған салқын суға (бір стақан суға бір қасық бал) ерітіп ішу қажет.
Есте ұстайтын нәрсе – балды дәрігер белгілеген дәрі-дәрмекпен ғана пайдалану керек. Сонда ғана емдік қасиеті молаяды. Асқазан ауруын емдегенде тәулігіне балдың мөлшері 70-80 грамнан аспағаны жөн.
Бал жүрек қан тамыр ауруларына да қарсы қолданылады. Оның құрамындағы глюкоза жүректің қызметін күшейтіп, көңіл-күйді жақсартады. Жүрек аурулары кезінде күніне бір шәй қасықтан 2-3 рет пайдалану керек. Өйткені, шамадан тыс жеген бал денеден терді көп бөліп, жүрекке салмақ түсіреді. Өкпе туберкулезіне, анемия (қанның азаюы) ауруларына шалдыққанда, шаршап қажығанда сүтпен араластырып ішкен пайдалы.
Бал жас балалардың өсіп жетілуіне жақсы жағдай жасап, әртүрлі ауруларға организмнің қарсылық күшін арттырады. Балалар күніне 1-2 шәй қасық бал жесе жетіп жатыр.
Ұйқысы қашқан, жүйке ауруларына шалдыққандарға да бал таптырмас ем. Мысалы, ұйқысы қашқан адам бір қасық балды бір стақан жылы суға ерітіп, жатар алдында ішсе, ұйқысы тынышталып, жақсы ұйықтайтын болады. Балдан артық ұйқы шақыратын әрі организмге залалсыз дәрі жоқ екенін еске сала кеткен жөн.
Бал пайдалы екен деп оны бей-берекет қолдана беруге болмайды. Оны пайдаланғанда организмнің ерекшелігіне қарай, белгілі бір тәртіппен, жүйелі түрде пайдаланған дұрыс. Мысалы, кейбір адамдар балды аш қарынға жесе жүректері қыжылдауы мүмкін. Олай болса ірімшікпен, сүтпен, тағы басқа тамақпен араластырып жеу керек.
Орынсыз көп жесе бал  аллергияға шалдықтырады. Мұны да ұмытпаған дұрыс. Ал, панкреатит, қант диабеті аурулары бар адамдардың балды тек дәрігердің кеңесінен кейін өте сақтықпен пайдаланғаны жөн.

Интернет материалдары бойынша дайындаған Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар