Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұрғындар үшін тиімді - АРҚА АЖАРЫ

Тұрғындар үшін тиімді

 

«Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның»  бір бағыты – аурулардың сыртқы белгілерін  сылап-сипап қою емес, оларды жүйелі емдеу  болып есептелетін қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертудің негізін қалау. Бұл жоспардағы 80-қадам – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу». Медициналық сақтандыру дегеніміз не және ол не үшін керек? Осы жаңалықтың жай-жапсары туралы тілшіміз облыстық қан орталығының бас дәрігері Сәкен Қалымжановтан  сұрап білген еді.

– Сәкен Қалымтайұлы, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның күшіне енгізілетіні белгілі. Осынау заң жобасының тұрғындар үшін қаншалық тиімді екенін түсіндіріп өтсеңіз?
– Иә. Атауы айтып тұрғандай, аталмыш заңның халыққа, әсіресе, қарапайым тұрғындарға пайдасы өте зор. Соңғы жылдары елімізде медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қызмет сапасын жақсарту бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру да осының бір белесі. Осыған дейін медицина саласы тек мемлекеттік бюджет есебінен ғана қаржыландырылып келді. Бюджет қаржысы шектеулі екенін ескерсек, енді жаңа заң аясында сол қаражатқа қосымша қаржыны әр адам өзі төлейтін болады. Яғни, жұмыс беруші әрбір қызметкердің айлығының 1 пайызын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударып отырады. Осылайша 2018 жылдың 1 қаңтарында медициналық сақтандыру қорына бөлінетін ақша көлемін 1-ден 1,5 пайызға,  2023 жылға дейін 2 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Бұл дегеніміз медицина саласына бөлінетін ақшаның ұлғаятынын білдіреді. Ендеше медициналық мекемелердің жағдайы дұрысталып, білікті дәрігерлердің саны артатыны сөзсіз. Бұл түп негізінде қарапайым халық үшін көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы жақсарады деген сөз.
– Аталмыш заңда халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары да ескерілген. Олар үшін медициналық сақтандыру қорына қаржы құюды мемлекет өз мойнына алуды көздеп отыр. Осы жағына кеңірек тоқталып, айтып өтсеңіз?
– Халықтың әлеуметтік әлсіз тобына кәмелеттік жасқа толмаған балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, оқушылар, көп балалы аналар, студенттер және әскери қызметкерлер енгізіліп отыр. Олар үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан төленетін жарнаның мөлшерлемесі еліміздегі орташа айлық жалақының 3,75 пайызына тең болмақ. Жалпы, мемлекет өз қамқорлығына алатын 15 топқа бөлінген 10 миллионға жуық адам бар. Тегін медициналық көмекке келетін болсақ, кез-келген адам өзіне көрсетілетін тегін медициналық қызметтің сапасына қатысты өтініш-тілегін жеткізе алады. Осы мақсатта қор ішінде заңгерлер жұмыс істейді. Олар адамдардың өтініш-тілектерін есепке алып қана қоймай, науқастардың ауру тарихын зерттеп, бақылауда ұстайды.  Бұл медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін керек.
–Тегін көмек алуы үшін тұрғындар не істеуі қажет? Қайда барып тіркелуі керек. Осы жағын да нақтырақ түсіндіріп өтсеңіз?
– Қандай да бір себептермен қорға жарна төлей алмайтын азаматтар тек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ғана ала алатын болады. Ол дегеніміз жедел медициналық көмек, жедел жәрдем. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу міндетті болып табылады. Бұл әрбір азаматқа қойылатын талап. Дегенмен, барлық азаматтардың емделу орнын еркін таңдау құқығы бар. Сол себепті, ең бастысы осы санаттағы кез-келген адам өзінің үйіне жақын орналасқан емханаға барып тіркелуі керек. Жай ғана тіркеліп қоймай өзінің осы санатқа жататынын айғақтайтын құжаттарды көрсетуі керек. Мысалы, зейнеткер зейнеткерлік құжатын көрсетсе, жұмыссыздар жұмыссыздығы жайлы анықтамасын алып келуі керек.
–Ақпараттық түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Адамдардың санатын анықтауда қиындықтар бар ма?
– Түсіндіру жұмыстарына келетін болсақ, осыған бекітілген арнайы адамдар тобы жұмыс істеуде. Олардың арасында әкімдік, медицина саласының қызметкерлері бар. Қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар. Олар өз мәртебесін анықтап, медициналық көмексіз қалмауы үшін жақын жердегі емханаларға барып тіркелуі тиіс.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбатты жүргізген Аслан ОСПАНОВ,
арнаулы тілшіміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар