Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Білім беруге қатысты сауал көп... - АРҚА АЖАРЫ

Білім беруге қатысты сауал көп…

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың қатысуымен өткен «Білім беру» бағыты бойынша аймақтық комиссиясы мен үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында орта білім беретін оқу орындарын аттестаттау және білім сапасына қатысты басқа да мәселелер қаралды.

Жиынды аталмыш бағыт комиссиясының аймақтық кураторы, мәслихат депутаты Әсен Жақсылықов ашқаннан кейін облыстағы мектеп бітірушілердің жаңа форматтағы ҰБТ-ны тапсыруларына байланысты мәселелерді облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова баяндап берді.
2016-2017 оқу жылында білім беру саласына бірқатар реформалар енгізілген болатын. Солардың бірі ҰБТ-ның форматын өзгертіп, оны екі кезеңге бөлген еді. Бұрын мектепті бітірген кезде оқушылар бір рет тестілеу сынағынан өтіп, аттестат алатын және сол жинаған ұпайларымен қалаған, шамалары жететін оқу орындарына түсетін еді. Биыл мектеп бітірушілер орта білім туралы аттестаттарын тек қана мектептегі мемлекеттік емтихандарды тапсыру арқылы алып шықты. Мектептерде емтихан тапсырған оқушылардың арасында «Алтын белгі» иегерлері де көбейіпті.  Облыста мектеп бітірушілердің саны 4331 болса, оның 4275-і мемлекеттік емтихандарды тапсырған. Қалған оқушылар денсаулықтарына байланысты және басқа да себептермен босатылған.
«Алтын белгі» үміткерінің  барлығы, атап айтқанда 215-сі де ақтап шыққан және 108 оқушы үздік аттестатқа қол жеткізген. Бір айта кетерлігі Егіндікөл ауданында «Алтын белгіге» бірде-бір үміткер болмаған. Бұл ауданға осы тұрғыдан сын да айтылды. Енді өткен жылғы көрсеткіштермен салыстыратын болсақ, былтыр тек 75 оқушы ғана «Алтын белгіге» қол жеткізіпті. Олардың 14-і Көкшетау қаласынан. Биыл Көкшетауда «Алтын белгі» алғандардың саны 43-ке жетіп отыр. Мектептерде тапсырылған емтихандардың арқасында осындай күрт өсу байқалады. Оның себебін әркім әрқалай түсіндіреді.
Енді ҰБТ-ның қорытындысына тоқталатын болсақ, облыста орташа балл көрсеткіші әзірге 79,91-ді көрсетіп тұр. Аймақтың бас ұстазы өз баяндамасында мемлекеттік емтихандардағы оқушылардың жұмысының қорытындыларына тоқталып, орын алған қателіктер мен кем-кетіктерді де жан-жақты айтып өтті.
Облыстың білім саласын бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Тасболатованың отырыста жасаған баяндамасына комиссия мүшелерінің көңілі толмады. Ол әдеттегідей мектептерді аттестаттау кезінде орын алған кемшіліктер мен оқушылардың білім сапасының төмендігі жайында баяндалған қорытындыны оқып берді. Онда газетімізде бұрын да жазғанымыздай мектептерді аттестаттау кезіндегі материалдық базаның нашарлығы, мұғалімдердің біліктілік деңгейінің сай келмеуі тәріздес сындар айтылды. Комиссия мүшелерінің «осындай кемшіліктерді жою үшін сіздердің департаменттеріңіздің тарапынан қандай ұсыныстар жасалады? Сапаны жақсарту үшін не істеуіміз керек?» деген тәріздес сауалдарына толық жауап ала алмады. Баяндамашының айтуына қарағанда, енді 2018 жылға дейін білім ордаларын аттестаттауға мораторий жарияланыпты. Бұл орайда, баяндамашыға «Бұл сіздердің жұмысты сапасыз ұйымдастыруларыңыздан» деген пікірлер де айтылды.
Отырыста жаңа оқу бағдарламасына байланысты облыста білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мен оған кезең-кезеңмен көшуге сай жасалып жатқан жұмыстардың жайымен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалева таныстырды.
Комиссия мен кеңес мүшелерінің бірлескен отырысында партия төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Мәдешұлы білім басқармасы басшысы мен мектеп директорларына  білім сапасын жақсарту мен материалдық-техникалық базаны, әсіресе, оқулықтарды жаңа оқу бағдарламасына сәйкес қамтамасыз етуді тапсырып, алдағы уақытта бұл мәселені түбегейлі шешуге жағдай жасауға байланысты өз ұсыныстарын айтты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар