Аудан орталығы Ақмол ауылында «Батыр» қоғамдық бірлестігінің жанынан жеке тұлғаны дамыту орталығы және «Монтессори» кабинеті ашылды деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Адамды жеке тұлға ретінде дамыту бүгінде өзекті мәселе болып отыр. Бұл орталық барлық жастағы кез-келген адамға интеллектуалдық, рухани және физикалық жағынан дамуына мүмкіндік беретін мектеп іспетті. Адамдар бұл арадан шын мәнінде өздеріне қажетті білім және ақпарат алып, алдарынан үлкен мүмкіндіктерді ашуға негіз қалайды. Орталық мүмкіндіктері шектеулі жандардың үзіліссіз оқуына, мұқтаж жандарды қолдауға арналған бағдарламаларды жүзеге асыруға ықпал етеді.
Орталықтың аудан әкімдігінің қолдауымен және іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастырған «Жақсылық жаса» қайырымдылық балынан жиналған қаржының арқасында ашылғанын атап өткен жөн. Мұнда адамдарды біріктіретін ортақ мақсат – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту.
Аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев жиналғандарды жұртшылыққа игілік әкелетін орталықтың ашылуымен құттықтап, компьютер сыйлады. Жаңа орталықтың ашылу тұсаукесері аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертімен жалғасын тапты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.