Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арандатқан ашкөздік - АРҚА АЖАРЫ

Арандатқан ашкөздік

«Шығасыға иесі басшы» деген сөз бар қазақта. Шындығында, көп жағдайларда ақшасын немесе басқа да бағалы заттарын ұрлатуға адамдардың өздерінің аңғалдығы себеп болып жатады.

  Аңғалдық
Бұл оқиға өткен жылдың желтоқсанында Степногорск қаласында орын алған еді.  Көкшетау қаласында тұратын Ержан Бралин жасы орда бұзар отызға таяп қалса да тұрақты мамандығы жоқ, тиіп-қашып әр жерде жұмыс жасап жүрді. Негізінен түрлі фирмалардың өтімді деген тауарларын сатып, тапқан азын-аулақ табысын қанағат тұтқан жігіт тұрақты күнкөрістік кәсіп іздеуді ойламаған. Өткен жылдың желтоқсанында ол  астаналық бір фирманың массаж жасайтын электр құрылғысын сатумен айналысқан еді.
Содан желтоқсанның соңына қарай  Астанада біраз бұрын бірге сауда жасаған танысы семейлік Нұрдәулет Дүкеновке телефон шалып, хабарласқан. Хал-жайды сұрасқан соң өзінің электрлі массажер сатып жүргендігін, Степногорск қаласына бармақ ниеті барлығын айтып қалды және бірге барсақ деген ұсынысын білдірді. Нұрдәулет оның ұсынысына бірден келісе кеткен. Сөйтіп, екі таныс сөмкелерін көтеріп, Степногорскіге жол тартты. Мұнда пәтер жалдап, бұрынғы әдеттерінше үй-үйді жағалап, тауарларын сатуға кірісті. Сауда да карта ойыны сияқты, кейде қолың жүріп, аз уақытта тауарларыңды сатып ақшаға қарық болсаң, кейде сағаттап табаныңды тоздырып, түк бітіре алмай шаршайсың.
Сол күні Бралиннің жолы болды. Көп қабатты үйдің бірінші қабатында тұратын ерлі-зайыпты Кузнецовтар электрмен жұмыс істейтін массажерді сатып алуға бірден құлық танытты. Жасы тоқсаннан асқан Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Васильевич Кузнецов құрылғыны өзі үшін емес, тоқсанға толған жұбайы Любовь Алексеевнаға сатып алып бергісі келген еді. Белінен жиі шойырылып, жатып қалатын оған электр массажердің көмегі болар деген ниетпен «радикулит, остеохондроз дейсіз бе, бәрін қолмен қойғандай жұлып алады» деп жылмыңдатқан жігіттің сөзіне иланып қалған ардагер оның көзінше шифоньердің жоғары сөресінде тұрған  жиған-терген ақшасы салынған салафан буманы алып, содан отыз мың теңге санап берді. Салафан қалтадағы бір бума ірі купюрлерден тұратын ақшаны көргенде көзі шырадай жанған жігіт сыр білдірмейін дегендей массажердің керемет қасиеттерін айтып, онсыз да құрылғыға қызыққан кемпір мен шалдың басын айналдыра түсті.
Жүз мың теңгеден жеке-жеке буылған ақшаның бір будасын әкеліп, жігіттің көз алдында одан отыз мың алып берген майдангер осы әрекеті арқылы ұрыны үйіне өзі шақырып тұрғанын сол тұста мүлдем сезбеген еді.

Тамаша жоспар
Ертеңіне Нұрдәулет екеуі аздап дем-алу үшін саунаға барып, сыра ішіп көңіл көтеріскен. Сыраның буы басқа шауып, қызып отырған шақта ол танысына шифоньерде бір буда ақша сақтап отырған шал мен кемпір жайында айтып қалды. Ақша десе көзі жайнап кететін танысы да мынаны естігенде елең ете қалған. Балалары жоқ жалғыз тұратын шал мен кемпірдің ақшасын қалай ұрлау керектігін сол арада екеуі ақылдасып, әбден пісіріп алды. Шетелдік миллиондарды жымын білдірмей ұрлап, жалғанды жалпағынан басатын «крутойлардың» тірлігі жайындағы кинолардың талайын көріп, саналары уланып қалған екеуі соғыс ардагерін тақырға отырғызудың жоспарын жан-жақты ойластырып, ұңғыл-шұңғылын қалдырмай керемет жасап шығарған еді.
Ертеңіне олар қаланың сауда үйінен су тазартқыш сүзгі сатып алды. Сырт киімдерін ауыстырып, майдангер тұратын үйге кешкілік келген екі жігіт есік қоңырауын басқан. Шынында да өздері күткендей ерлі-зайыпты Кузнецовтар үйлерінде жалғыз екен. Қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесіненбіз, су тазартатын сүзгі орнатуға келдік деген соң ойланбастан есіктерін ашты. Пакет көтерген екі жігіт жылы амандасып, бірден құрал-саймандарын алып, су тазартқыш сүзгіні орнатуға кірісті. Бұл кезде Любовь Алексеевна аздап дімкәстанып, жататын бөлмеде төсекте жатқан еді. Қария ваннаға сантехникпен бірге кіріп, сонда болды. Осыны пайдаланған Бралин өзі көрген залға кіріп, шифоньердің жоғары сөресіндегі салафан қалтаға салынған ақшаны асықпай алып, сөмкесіне салып алды. Содан кейін сүзгіні орнататын адам сияқтанып ваннадағы құбырларды қарап жүрген досына кеттік дегендей басын изеп белгі берген. Сол-ақ екен, Нұрдәулет «ақсақал, ренжімеңіз, бір сайманымды ұмыт  қалдырып кетіппін, ертең келіп орнатамыз» деп асай-мұсайларын жинап сөмкесіне салды. Ақша сұрамай тегін сүзгі орнатып береміз дегенге иланып қалған қария «жарайды, онда ертең келерсіңдер» деп есік алдына дейін шығарып салды.

Жоғалған ақша
Ақшаларының жоғалғанын ерлі-зайыпты Кузнецовтар ертеңіне барып білген. Любовь Васильевна дүкенге барып келмек болып, сырт киімін алып жатқанда жоғары сөредегі ақша салынған буманың жоқтығын көріп жұбайы алған екен деген оймен «ақшаны қайда қойдың» деп сұраған. «Қайдағы ақша?» – деді шалы түсінбей. «Қайдағысы несі, шифоньерде тұрған ақшаны айтамын».
– Жоқ, өткенде массажер алған соң орнына қайтып  қойғанмын, – деген ардагер кемпірінің күдігін сейілтпек болып залға кірді. Бірақ, бір бума ақша ізім-қайым жоғалыпты. Екеуі шифоньерді ақтарып қанша іздесе де таппады. Бес-он теңге болса ештеңе емес, зейнетақыларынан тізтырнақтап жиған қомақты сома, бақандай 1600000 теңге. Содан жаны қысылған майдангер полицияға телефон соққан. Ә дегенше, полиция қызметкері де жетіп келді. Ақшаны қайда қойғанын, сомасын  тәптіштеп сұраған құқық қорғаушы үйлеріне жуыр маңда кімдер келгендігін де сұрап біліп алды. Ақсақал массажер сатқан жігіт пен кеше келіп кеткен екі сантехник жайында айтып берген. Олардың түр-түсін, киген киімдерін түгел  сұрап алған полицей  «абыржымаңыз, ақшаларыңызды тауып береміз» деп кетті.
Степногорск жетпіс мыңдай ғана тұрғыны бар шағын қала. Сырттан келгендер алақанға салғандай анық көрініп тұрады. Олардың барар жерлері жалға берілетін пәтерлер мен қонақүйлер. Полиция қызметкерлері қаладағы жалға берілетін пәтер иелерінен сұрастыра келе, оншақты күн бұрын келген екі жігіттің кеше кетіп қалғандықтарын білді. Пәтер иесі тіркелген журналдан әлгілердің аты-жөндерін тауып, айтып берді. Одан әрі аты-жөні, түр-түсі белгілі екеуді табу  еш қиындық келтірмеген.  
Таяуда Степногорск қалалық сотының судьясы М.Ахметовтың төрағалығымен өткен сот Ұлы Отан соғысының ардагерінің қомақты ақшасын ұрлаған Е.Бралин мен Н.Дүкеновты айыпты деп тауып 3,6 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Майдангерге қылмыскерлер алған ақшаларын түгел қайтарып берді.
«Өзіңе өзің берік бол, қоңсыңды ұры тұтпа» дейді халық даналығы. Өмірден көргені мен түйгені мол қарт майдангер бейтаныс жігітке жиған-терген ақшасын көрсетпегенде, мұндай қылмыс орын алмас па еді?..

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар