Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жылқыны асылдандыру кенжелеп тұр - АРҚА АЖАРЫ

Жылқыны асылдандыру кенжелеп тұр

 Қояндықызылдың жалпақ жонында пырдай болып жусап жатқан қалың жылқының ық жағы дүр ете түсті. Сүт пісірім уақыт бұрын Шілікті сайдың табанында құлындаған қарагер бие құлын дауысы құраққа жетіп, ішін тарта оқыранған. Адал малдың төсіне ауызданған сұғанақ екі ит әлі аяқтанып кете қоймаған құлынды жұлмалап жатыр еді.

 

Үйір шетіндегі торы айғыр төлін азғындаған иттің азуынан айыра алмай жатқан қарагер биеге салпиған құлақтарын тігіп бір қарады да қойды. Ит түгіл арлан қасқырға алдырмайтын құтпан айғырдың жоқтығы да, тәйірі.  
Айғыр демекші, жылқы малы дәл қазір қара малдың көсегесін көгертіп жатқан жанашырлықтан жұрдай. Мәселен, қара малдың тұқымын жақсарту үшін, тіпті, сіңіре будандастыру үшін біраз жағдай жасалуда. Асыл тұқымды бұқа сатып алып баққан малшы қауымға субсидия бөлінеді. Ал, жылқыға мұндай жақсылық жасалмай отыр. Толайым жоқ деп ауызды қу шөппен сүртіп, таусылуға болмас. Бар, бірақ, басқа қырынан. Мәселен, асыл тұқымды айғыр сатып алғандарға мемлекет тарапынан жүз мың теңге, бие үшін қырық мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Бірақ, бұл жүйрік баптап, ат жүгіртетін бай мен бағланның несібесі. Асыл тұқымды жылқы ет өндірісіне үлес қоса алмайды, сапырып қымызын да іше алмайсың.  Мүмкін ол да керек шығар. Бірақ, ең керегі қолда бар қазағы жылқыны, ұлттың төл малын асылдандыру.
–Мемлекет тарапынан дәл қазір өте қолайлы жағдай тудырылып отыр,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Шайкөзов,–айталық көп ауыл азаматтары екі қолға бір күрек таба алмай отырғандығы жасырын емес қой. Тиімділігі зор «Құлан» бағдарламасы туралы қазір елдің бәрі біледі. Жылқы малы өзге түлікке қарағанда өте тиімді. Өйткені, жем-шөпті көп қажет етпейді. Қысы-жазы тебінде. Тек елдің ынтасы ғана керек. Сондай-ақ, жекеменшік иелері өздерінің қолындағы мал тұқымын жақсартуға атсалысса.      
Ауыл үйдің, тіпті, ірі шаруа қожалықтарының тайы жабағыдай, жабағысы құлындай болып құлдырап кеткелі қашан. Жалғыз-ақ себебі бар, айғырдың жоқтығы. Жылқы бағумен ғұмырын сарп еткен Жетпісбай Алпысов деген ақсақалдың айтуына қарағанда, табынға айғыр қосуға ең алдымен жылқышының өзі мүдделі емес. Жылқы малының қара малдан көп-көрім айырмашылығы бар. Айталық, өзге жерден айғыр әкелсе, жылқышыға бейнет. Күні-түні күзетуі керек. Үйіріне бауыр басып қалған айғырлар бөтен айғырға бауырынан бөліп бере қоя ма. Талап тастауы мүмкін, теуіп тастауы мүмкін. Ал, қазір құрық ұстаған ағайын бұрынғыдай күні-түні жылқының соңында жүруді артық бейнет деп есептейді. Түнде бағып, күндіз қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта шарбаққа қамап тастайды. Сырттың айғыры түгіл, өз үйіріндегі тай-жабағы бүйірін тесетін болат тұяқтың тегеуірінен тасырқаған.
Содан барып жылқы тұқымының азып, қораштануы белең алып тұр. Дегенмен, биылғы жылы облыста жылқы санының аздаған өсімі бар. Өткен жылы 155 538 бас қылқұйрықты өріске шықса, биылғы жылы 157 156 бас, яғни, 102,2 пайыз. Оның 69 мыңнан астамы ұйымдасқан шаруашылықтардың еншісінде болса, халықтың қолындағысы 86 мыңнан астам.
Өзге түлікпен салыстырғанда өзіндік құны арзанға түсетін түліктің төресі – осы жылқы. Қысы-жазы жайылымда жүреді. Ең керегі де шөбі құнарлы жайылым. Бірақ, кейбір аудандарда жайылым да таршылық етуде. Айталық, Бұланды мен Бурабай аудандарының жайылымдық жерлері жүз пайыз игерілген. Қаптай қайырып жылқы бақпақ түгіл бейнелеп айтқанда, жетім тоқты жайылатын жер жоқ. Дәл осындай көрініс Зеренді, Астрахан, Сандықтау аудандарында да орын алып отыр. Ал, Ерейментау жайылымдары 30, Егіндікөл 40 пайыз деңгейінде ғана игеріліп отыр.    
Мал басы көбейгеннен кейін оны жаятын жайылым керек-ақ. Кешегі кеңес заманында сан ғасыр бойы тусырап жатқан Сарыарқаның сайын даласы жөнді-жөнсіз жоспар қуудың кесірінен ту-талақай болып танаптар табалдырыққа дейін жыртылды. Сөйтіп, шөп қоры, шөптің тұқымы жоғалып кетті.
Жалпы, жайылымдағы шөп көнекөз қариялардың пайымдауынша, үшке бөлінеді. Өліқау, ақ от және қара от болып. Бұрынғы даланың данышпандары шөптің атасы имажоңышқа, беде дейді екен. Беденің астық қуаты ересен болғанымен, қауіпті жағы да бар. Беде қалың өскен жайылымға жауыннан кейін мал жаймайды. Жайса іші кеуіп, жарылып өледі. Сондықтан, жайылым кепкен соң ғана мал жайса керек-ті.
Ендігі арада елдегі малдың басын көбейту үшін ең керегі біздің ойымызша – жайылым. Селолық округтерге қарасты жайылымдық жер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жекеменшіктің қолындағы мал басына шақталып, белгіленген ережеге сәйкес бөлінуі керек. Содан соң бос жатқан, қурай басқан алқаптарға екпе шөп егілсе, нұр үстіне нұр. Ел ішіндегі көпті көрген көнекөз қариялар айтады. Ойдым-ойдым қайың шоқтары көмкерген Сандықтау, Атбасар аудандарының Есілге дейінгі кең көсілген жайылымдарында мия, бозғанақ, бұйырғын, тобылғы, бозжусан, қоңыржусан, жержусан, көкпек, балықкөз, тұзжапырақ, ажырық, қарашағыр, ақ шағыр, қарғатұяқ, қоңырбас, ақселеу, кәріқыз, түйежапырақ, бәйшешек, қияқ, бидайық, қамыс, ұшхат, тораңғы, алабота, шоңайна, қоға, ши, қазоты, бетеге, есекмия, меңдуана, шырғалжық, қымыздық, атқұлақ, райхан, ебелек, жуа, баялыш, теріскен, қараған, ошаған, таспажоңышқа, шырмауық, қараөлең, құлаңшайыр, бұйрашайыр, изен, айырауық, текесақал тәрізді төрт түлік мал аса сүйсініп жейтін өсімдіктер ұшырасқан екен. Бүгінгі жұрт осы шөптердің өзі түгіл атын да білмеуі мүмкін.
Мал басын көбейтуге бел буып отырған бүгінгі таңда жаңа агроинновациялық саланың қарқынды дамып, айтарлықтай өнім алуы, алған өніммен толайым елді қамтамасыз етуі үшін өсімдік шаруашылығын түбегейлі зерттеп, оның өнімді пайдалы түрлерін тозып кеткен жайылымдық жерлерге ауыстыруы қажет. Онда да жерсініп өсетіндерін. Дәл осындай ізгі қадам жасалса, бірер жылдан соң Көкшетау мен Қараөткелдің ен даласындағы елдің жайылымы жайқалып шыға келеріне кәміл сенесің. Жыл өткен сайын азық-түлік өнімдеріне сұраныс күрт өсіп, бағасы да жыл сайын көтеріліп келеді. Сондықтан, жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі назардан тыс қалмауға тиісті. Әйтпесе, жер-анадан тілеуіміз, сұрауымыз көп болғанымен, беріп жатқанымыз шамалы.
Жетек шанышсаң, арба өсіп шығады делінетін құйқалы да құнарлы, төрт түлік малға құт болған жайылымдар аз емес еді. Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жыланды, Қалмақкөл, Салқынкөл, Ащылы-Жекебояқ жайлауларынан қазір тоқымдай да жер қалған жоқ. Ендігі мәселе қурай басып, бос жатқан жерлерді есепке алып, көп жылдық екпе шөп егу керек. Сонда ғана елдегі малсақ қауым қолда бар малын көбейте алады.
Мемлекет тарапынан жап-жақсы қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Оның бір парасы «Құлан» бағдарламасы. Қазір облыста тәуекелге бел буып осы бағдарлама арқылы қаражат алып, жылқы басын көбейтуге ниеттеніп отырғандар аз емес. Өткен жылы облыс бойынша «Құлан» бағдарламасы аясында 1200 бас жылқы сатып алу жоспарланса, жыл соңында бұл меже асыра орындалып, сатылып алынған жылқының басы 1221 басқа жеткен. Яғни, жоспар 101,8 пайызға жеткен. Бұл орайда әсіресе, Бурабай, Ерейментау, Зеренді аудандары көш бастап тұр. Жайылымы кең, суы мол Қорғалжын ауданындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Небары 27-ақ бас. Ақкөл мен Аршалы аудандары да көш соңында.
Жыл басынан бері базардағы ет бағасы ұшынып тұр. Қара малдың да, жылқының да. Тұтынушының қалтасын қаққанымен, мал баққан малсақ жанның еңбегі ақталатындай. Оның ар жағында мал сүмесімен күн көрген ауыл адамдарына демеу деген сөз тұр. Демек, сайын даланың көркі, ел ырысы – жылқының жайын ойлау, ол ең алдымен, қараша ауылдың берекесін ойлау деген әңгіме. Жылқы етін өндіріп тапсырушыларға әр келісі үшін 92 теңгеден, ал, қымыз баптағандарға әр литр қымыз үшін 60 теңгеден субсидия төленеді екен. Бұл аз да болсын демеу емес пе?
Жылқының жайын ойлау, Алаштың жайын ойлаумен бірдей.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар