Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Елорданың құрдастарымен және кезінде бас қаланың құрылысына атсалысқан азаматтармен кездесіп, құрмет көрсетті.
Жылы жүздесуді аймақ басшысы айтулы мерекемен құттықтаудан бастады.
–Биыл еліміз үшін жемісті жыл. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, дүниежүзілік Универсиада біздің елде өтті. Қазір бас қалада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі де әлем халқын таңдай қақтыруда. Бұл жетістіктерге астаналық облыстың қосқан үлестерін де айтып өтуіміз керек, –деп өңір басшысы бас қаланың маңыздылығы мен беделіне тоқталды. Зәулім ғимараттармен көздің жауын алатын Астананың сәулетіне біздің облысымыздың құрылысшыларының да қосқан еңбегі орасан екендігін ерекше атап өтті.
–Астанаға мен 2008 жылы жұмыс бабымен келгенде Есілдің сол жағалауында «Бәйтерек» пен «Ақордадан» басқа ештеңе жоқ еді. Оны осыншалық тез арада көркейіп кетеді деп ойламағанбыз. Қазір араға екі-үш апта салып барсаң, жаңа бір ғимараттың бой көтеріп жатқанын көресің. Сапар сайын таң қаласың. Осының барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауымен жүзеге асып жатқан жетістіктер, – деді аймақ басшысы.
Бұдан әрі Астана қаласының құрылысына өз үлестерін қосқан Арғын Аузаров, Жұмабай Әміржанов секілді азаматтар сөйлеп, бас қаланың олардың өмірінде алған орны, өз салалары бо-йынша дамуына қосқан үлестері жайында емен-жарқын әңгімеледі.
Жастар жағы аймақ басшысына өздерінің идеялары мен ұсыныстарын айтып, өңірді дамытуға байланысты сұрақтар қойды. Аймақ басшысы маңызды мамандықты меңгеремін деген жастарға да білім алуға көмек көрсететіндігін, мереке қарсаңында қала бойынша тапсырылған алты үйден дәрігерлерге жиырмаға жуық пәтер берілгендігін айтты. Астананың төл құрдасы, зеренділік Мәнсия Есекеева облыс әкімінің жастар қауымына көңіл бөліп, оларға зор қолдау көрсетіп отырғандығына алғысын білдірді.
Салтанатты жиын соңында облыс әкімі атынан Астананың құрдастарына естелік сыйлықтар табыс етілді.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.