Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бағалы сыйлық - АРҚА АЖАРЫ

Бағалы сыйлық

Астана күні қарсаңында «Аяла» қайырымдылық қоры «LR» жаһандық балалар қорымен бірлесіп, Ақкөл қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған шаштараз, маникюр, визаж және темір, ағаш бұйымдары шеберханаларын сыйға тартты.

Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үйінде ашылған шеберханалар «Шебер қолдар» республикалық жобасы шеңберінде жүзеге асырылды. Салтанатты шараның ашылуында құрылғанына биыл 10 жыл толып отырған «Аяла» қайырымдылық қорының Астанадағы өкілі, қор президентінің кеңесшісі Салтанат Әскербекқызы сөз сөйлеп, жоба жайында әңгімелеп берді.
– Осы он жылдың ішінде екі жүзден астам мекемеге, атап айтқанда, Қазақстанның алпысқа жуық қаласында перзентханаларға, перинатальдық орталықтарға, балалар ауруханаларына, емханалар мен шипажайларға, сәбилер мен балалар үйлеріне, коррекциялық мектеп-интернаттарына, ясли-бақшаларға әлеуметтік-материалдық көмек көрсетілді. Бұл жобаларға қайырымдылық қоры үш миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Бүгін ашылып жатқан шеберханалар балалардың өздігінен өмір сүруге дағдылануына, болашақта қамқорлық мекемесінен қанат қағып, мүлдем басқа ортаға барғанда кез келген жұмысқа икемделіп, тез бейімделіп кетулері үшін жасалып отырған маңызды мүмкіндік. Жаһандық балалар қорына бізбен ынтымақтасып, балаларға осындай тосын сый жасауға көмектескендері үшін алғыс білдіремін, – дей келе, ол серіктес компанияға қор атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырды.
«LR» компаниясы косметикалық өнімдерді таратумен бірге, әлем бойынша балаларға әлеуметтік көмек көрсетеді. «Жақсы болашақ үшін» ұранымен 2009 жылы құрылған жаһандық қор түрлі қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеп келе жатыр. Іс-шарада қордың Қазақстандағы өкілі Марат Рамазанов өзінің ізгі тілектерінен кейін балалар үйінің директоры Рауза Қанатоваға шеберханалардың сертификаттарын табыс етті.
Шеберханалардың тұсаукесер рәсімін аталмыш екі қордың өкілдері өткізіп болған соң, балалар үйінің тәрбиеленушілері Астана қаласынан арнайы шеберлік сыныбын өткізуге шақырылған «SOHO» сән салонының стилисті Нұрсұлу Сәукелеевадан шаш үлгісін жасау әдістері бойынша сабақ алды. Тәрбиеленуші қыздар арасында шаш үлгісін жасаудан байқау ұйымдастырылып, оның қорытынды нәтижесінде барлық қыздардың жұмысы жоғары бағаға ие болды. «Аяла» қорының өкілдері арнайы шақырылған стилистке де Алғыс хат тапсырған соң, балалар үйінің директоры балаларға осындай тосын сый жасап жатқан қайырымдылық қорларының өкілдеріне алғысын білдіріп, болашағына үміт күттіретін болашақ суретшілердің суреттерін естелікке сыйға тартты. Балалар үйінің тәрбиеленушілері ұсынған концерттік бағдарлама да іс-шараға өзіндік әр берді, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Ақкөл ауданы.

Суретте:  жабдықтары мол ағаш шеберханасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар