Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде бір топ ақмолалықтар Астана күні мерекесі құрметіне марапатқа ие болды.
Атап айтқанда, Елбасының 2017 жылғы 3 шілдедегі Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімі аппаратының бас мамандары Қаншайым Зейнуллина, Игорь Немешев, Ақмола облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Берік Мұстафин және «Парвиз» тәжік мәдени орталығы төрағасының орынбасары Зафар Рахманбеков аймақ басшысының қолынан «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін алды.
Бұдан кейін облыс әкімі мемлекеттік қызметке 25 жылдан астам саналы ғұмырын арнаған Валерий Подлепенецті зейнет демалысына шығуымен құттықтап, Алғыс хат тапсырды. Кезінде Қазақстанның, Көкшетау облысының комсомол органдарында, Алматы мен Мәскеуде жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагері өзіне көрсетілген құрметке алғысын айтып, ізгі тілегін жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: Валерий Подлепенецтің облыс әкімінің құттықтауын қабылдап тұрған сәті.