11 шілде күні кешке қарай ЭКСПО-дағы өткізу пункттерінде орнатылған бейнебақылау камералары мен адам санын есептеуіш құралдар «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің миллионыншы келушісін тіркеді.
Ол – Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны Гүлжихан Жаңабергенова болып шықты. Гүлжихан көрмеге жалғыз келмей, жолдасы мен үш жасар қызын ертіп келген екен.
–Мен №76 мектеп-лицейінде мұғалім болып қызмет етемін. Мұнда екінші рет келіп тұрмын, бірақ, ол кезде біздің «Нұр Әлем» павильонына кіре алмаған едім. Сондықтан, бұл жолы бірінші кезекте, біз өз еліміздің павильонына ат басын бұрмақпыз. Шынымды айтсам, осындай қуанышты жағдайға тап боламын деп ойламадым, тіпті, ЭКСПО-ға келген адамдар саны тіркеліп отыратынын да білмеппін, – деді Гүлжихан Жаңабергенова.
Сондай-ақ, айы оңынан туған мейманды құттықтау үшін көрменің медиа-орталығына «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов те келді. Ұлттық компанияның басшысы миллионыншы келушімен жүздесіп, оған естелік сыйлықтар мен көрмеге және цирк дю Солей қойылымына арналған билеттерді тарту етті. Ахметжан Есімов өз құттықтау сөзінде халықтың көрмеге деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын тағы бір мәрте атап өтті.
–Біз жоспар бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз және барлығы ойдағыдай өткізілуде. Бүгінде 1 миллионыншы келуші тіркелді, бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Негізі
ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмысы барысында 2 миллион келуші тіркеледі деп жоспарлаған едік. Дегенмен, бір ай ғана өтті, біз осы уақыт ішінде 1 миллионыншы келушіні қарсы алудамыз. Осындай ауқымды жоба өткізіп отырған соң бірінші кезекте, қазақстандықтардың көңілінен шығып жатыр ма деп алаңдаймыз. Көрмеге елдің қызығушылығы артып келе жатқанына қуаныштымыз,–деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Естеріңізге сала кетейік, көрменің тіркеу құжаттамасында ЭКСПО-2017-ге 2 миллион адам келеді және көрме нысандарында жалпы саны 5 миллионға жуық келуші тіркеледі деп жоспарланған еді. Ал, халықаралық павильондарды аралаған келушілердің санын қоссақ, 10 шілдедегі көрсеткішке сәйкес,
5 960 212 адам тіркелген. Көрме кешеніндегі негізгі нысандарға жұртшылық 834 579 рет келген. Бұл ретте 303 007 адам тамашалаған «Нұр Әлем» павильоны көш бастап тұр. Есептеп көрсек, барлық келушілердің шамамен130 мыңы немесе 14 пайызы шетелдік қонақтар.
Бір ай ішінде көрмені 160 мың адам жеңілдіктер қарастырылған тарифпен тамашалаған. Олар – мектеп оқушылары, зейнеткерлер мен студенттер. Сондай-ақ, 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, ҰОС қатысушылары мен оларға теңелген тұлғалар және мүмкіндігі шектеулі жандар.
Көрме аумағында осы уақыт ішінде 1031 мәдени және іскерлік шара өткізілген, сондай-ақ, мемлекет басшыларының, министрлер мен халықаралық павильон комиссарларының қатысуымен 84 хаттамалық шара ұйымдастырылған.
Көрменің қоғаммен байланыс департаменті.