Аудан орталығында халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған «Ақмола жұлдыздары» өнер байқауы өтті. Жергілікті көркемөнерпаздардың өнерін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева бастаған қазылар алқасы бағалады.
Аудан әкімі Ермек Нұғыманов байқауға қатысқалы отырған өнерпаздарға сәттілік тілеп, өнер сайысында биіктерден көрінетіндіктеріне сенім білдірді. Ерейментау өңірі талантты өнерпаздардан кенде емес. Бұл ауқымды шараға бес жүзден астам адамның қатысуы осыны аңғартқандай болды. Мәдени шара ауданымыздың ғана емес, еліміздің атын асқақтатқан биыл қыста өткен Универсиаданың күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Мандриканы құттықтап, оған пәтер кілтін табыстаудан басталды.
Байқау шеңбері аясында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен қолөнерін көрсететін қазақ ауылына саяхат өткізілді. Киіз үйлердің іші сәнді безендіріліп, ұлттық киім киген қыз-жігіттер ескі заманды еске салғандай болды. Осы арада Бөгенбай батыр мен үзеңгілес жолдастары жайындағы сахналық көрініс көрсетілді.
Онан әрі байқау аудандық мәдениет үйінде жалғасып, сахнаға шыққан жергілікті өнерпаздар өздерінің дайындығы мен шеберліктерін көрсетті. «Әжелер» тобы, орыс халық хоры, «Зустричи», «Родничок», «Жадыра» өнер ұжымдары мен «Портал» вокальды-аспапты ансамблінің өнерін көпшілік қошеметпен қол шапалақтап қарсы алды. Байқау шеңберінде он тоғыз өнер ұжымы өнер көрсетті. Халық шығармашылығы байқауын барынша абыройлы өткізуге Сайлау Жылқыбаев басқаратын мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің елеулі үлес қосқанын атап өткен жөн.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Ерейментау ауданы.
Суретте: аудан әкімі Ермек Нұғымановтың спортшы Ольга Мандриканы марапаттау сәті.