Облыс орталығында «Оқжетпес» стадионының футбол алаңы қайта жаңартылуда. Маусым айында басталған жұмыс соңына таяп келеді.
Футбол алаңына бұрын табиғи шөп егілген болатын. Ол жылда футбол мау-сымы басталар тұста дұрыс шықпай, соның салдарынан «Оқжетпес» командасы өз алаңындағы ойындарын тым кеш, жаздың ортасында өткізіп жүрді. Ал, биыл алаң біріншілік ойындарын өткізуге мүлде жарамай қалды. Бұл – жерлес футболшылардың күні бүгінге дейін өз алаңында бірде-бір ойын өткізе алмауына әкеліп соғып отыр. Сондықтан, стадионның жағдайымен танысқан облыс әкімі Мәлік Мырзалин шұғыл түрде футбол алаңын қайта жаңарту жөнінде шешім қабылдап, осы жұмысты тәжірибесі мол «АстГражданПроект» серіктестігі қолға алған еді. Серіктестіктегі учаскенің басшысы Владимир Вайсерманның айтуынша, алдымен төрт «КамАЗ» автокөлігімен үстіңгі жер қабаты, қиыршық тас толық сыртқа шығарылған. Бұдан кейін су ағатын жүйе салынған. Бұл жүйе жаңбыр жауған кезде де футбол матчын өткізе беруге мүмкіндік береді. Бұдан кейін үш арнайы техникамен әртүрлі қиыршық тастар рет-ретімен төселіпті. Қиыршық тастың үстіне құм төселіп, су құйылып катокпен тегістелуде. Бұл жұмысты он бес адам атқаруда. Барлық жұмыс ФИФА халықаралық сертификаттау талаптарына сай орындалған. Спорт кешенінің меңгерушісі Асқар Есекеев өз сөзінде ойын кезінде алаңға су жиналмайтынын, су ағатын жүйенің жұмысы бір аптадан кейін аяқталатынын айтып өтті. Футбол алаңының жасанды төсенішін сатып алу үшін тендер жарияланыпты. Барлық жұмыс тамыз айында толық аяқталады деп күтілуде. Бұдан кейін УИФА мен ФФК-ның сертификаттауынан өтеді. Сөйтіп, жергілікті футбол жанкүйерлері «Оқжетпес» командасының ойынын көріп көзайым болады.