Ақмола облысының Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі биыл 15-16 шілде күндері «Қазақстан» спорт кешенінің алаңында өтетін болады.
Осы жолғы жәрмеңкеге Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері де қатысады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жәрмеңке сөрелеріндегі тауарлардың мол болуына және облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірге жәрмеңкенің безендірілуіне жауапты. Сондай-ақ, әр аудан әкімінің міндеті – ауыл шаруашылығы тауарларымен жеткілікті қамтамасыз ету. Негізгі жұмыс ауылдық округ әкімдеріне, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен өңдеуші кәсіпорындардың басшыларына жүктелді. Жәрмеңкеде Көкшетау, Степногорск қалалары мен барлық аудандардың елуден астам үздік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен кәсіпорындары астаналықтарға азық-түлік тағамдарын ұсынады. Басты назар ет, сүт, нан өнімдеріне аударылып отыр.
Қорғалжын ауданының «Астана Агро Продукт» және «Agro Export LTD», Шортанды ауданының «КазГРУ Холдинг» серіктестіктері, Аршалы ауданының «Ижевский» өндірістік кооперативі, Еңбекшілдер ауданының «KazBeef LTD», Бурабай ауданының «ОСКО» серіктестіктері тұтынушыларға ет, сүр және шұжық өнімдерін ұсынады. Сондай-ақ, Целиноград ауданының «Родина агрофирмасы» серіктестігі мен «Астана Өнім» акционерлік қоғамы, Шортанды ауданының «Харсиев» жекеменшік кәсіпорны, Көкшетау қаласының «Гормолзавод», Зеренді ауданының «Milk Project» cеріктестіктері, Аршалы ауданының «Ижевский» өндірістік кәсіпорны және өзге кәсіпорындар сүт және сүт өнімдерінің түр-түрін, қымыз бен шұбат ұсынбақшы. Өсімдік майын Атбасар ауданының «Сочинский» серіктестігінен, жұмыртқаны Еңбекшілдер ауданының «ҚазГерҚұс», Ақкөл ауданының «Үшбұлақ-2005» серіктестіктерінен сатып алуға болады. Біздің өңір өзен мен көлдерге бай. Осыған байланысты жаңа ауланған балық пен балық өнімдерін сатуды да естен шығарған жоқпыз. 35 түрлі ауыл шаруашылығының өнімдері нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен бағамен сатылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын өңірдің ветеринарлық қызметі жіті қадағалауда. Сауда шатырларын ертерек барып орнаттық. Сатушылар арнайы киіммен жабдықталған. Қараөткел мен Көкшетау өңірлері – ән мен жыр өлкесі. Облысымыздың жезтаңдай әншілері мен мың бұралған бишілері де өз өнерлерін көрсетеді. Бұл бағытта облыстық мәдениет басқармасы арнайы концерттік бағдарлама дайындап апарады. Жалпы, өңіріміздің Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ойдағыдай өтеді деуге барлық негіз бар.
Бекболат ЕЛБЕРГЕНОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы.