«Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Чехия Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрі Йиржи Гавличек бастаған делегациясымен кездесу өткізді. Екі тарап ЭКСПО-2017 көрмесінің келушілер саны мен павильондардағы контент мазмұнын талқылады.
«Күні кеше ЭКСПО-2017 көрмесінде миллионыншы келуші тіркелген болатын. Бұл нәтижеге біз көрме өз жұмысын бастағалы, бір ай ішінде қол жеткізіп отырмыз және тіркеу құжаттамасында жоспарланғандай, 2 миллион адам көрсеткішіне ешбір қиындықсыз жететіндігімізге сенімдіміз. Бүгінгі күннің өзінде әр павильонда тіркелген келушілер санын қоссақ, 6 миллионнан асып жығылады», – деді Ахметжан Есімов.
Өз кезегінде Йиржи Гавличек ЭКСПО-2017 көрмесінің ұйымдастырушыларын
1 миллион адам көрсеткішімен құттықтай отырып, бұл санның расында таңқаларлық екендігін айтты. «Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО
көрмесіне Чехия бірінші рет қатысып отыр. Көрменің тақырыбы біз үшін өте қызықты және болашағы бар болып көрінген болатын және біз қателеспедік», – деді министр.
Атап айтсақ, бүгінгі күнде Чехия павильонының келушілер саны 100 мың адамға жеткен. Оның ішінде баламалы энергия, қайта өңдеу мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы алуан түрлі технологиялар мен жобалар таныстырылған.
Қазақстан үкіметі дамыған мемлекеттердің қызықты жобаларын болашақта мемлекетте қолдану мақсатында мұқият зерттеуде.
Сонымен қатар, 15 шілде күні ЭКСПО-2017 көрмесі аумағында қатысатын Чехия Республикасының Ұлттық күні тойланады.
Естеріңізге сала кетейік, 9 маусым күні ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына Чехия Президенті Милош Земан қатысқан болатын.