Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көздеген биік мақсаттарды іске асырып келеміз - АРҚА АЖАРЫ

Көздеген биік мақсаттарды іске асырып келеміз

Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл тек металлургтердің ғана мерекесі емес, бірнеше мыңдаған  адам еңбек ететін үлкен кәсіпорында тер төгіп жүрген басқа да мамандық иелеріне ортақ мейрам.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алтынтау-Көкшетау» деп атау берген жауапкершілігі шектеулі серіктестік еліміздегі алтын өндіретін теңдесі жоқ ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Облысымыздың дамуына қомақты үлес қосып, бюджетке ірі көлемде қаржы салып жатқан серіктестік  Мемлекет басшысының Жолдауында міндеттелген әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне зор үлес қосуда.
Көкшетау қаласының солтүстігінде 17 шақырым аралықта орналасқан Васильковка кен орны 1963 жылы табылғанымен, тек сексенінші жылдың бас кезінде ғана игеріле бастады. 1991 жылы ғана онда ТМД аумағында тұңғыш рет жаңа технологиялардың нәтижесінде алтын құймалары алынды. Ал, қазіргі уақытта ол әлемдегі алтын өндіретін ірі 20 кәсіпорынның қатарына қосылды. Қазіргі уақытта  кәсіпорынның бас директоры Игорь Когай. Ол 2014 жылы тағайындалған.  
Кәсіпорын облыстағы 10 ең ірі салық төлеушілердің бірі. Соңғы он бес жылдың ішінде бюджетке тұрақты түрде қомақты салық төлеп келеді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны бойынша жергілікті бюджетке 301,1 миллион теңге, облыстық бюджетке 245,6 миллион теңге, республикаға 3,9 миллиард теңге, жалпы алғанда мемлекет қазынасына 4,4 миллиард теңге қаржы құйды. Өткен 2016 жылдың қорытындысына зер салсақ, бюджетке 5,6 миллиард теңге ақша салған.
Кәсіпорынның қуаты жылына 12,5 тонна ұқсатылған кен өндіруге жетеді. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 3215,5 келі, 2016 жылы 11885,1 келі алтын өндірді. Жыл аяғына дейін 12 913,1 келі алтын алу жоспарланған. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы  40,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген болса, өткен жылдың жылдық қорытындысында 86 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.  
Кәсіпорында еңбек ететін адамдардың барлығы да ақмолалықтар. Қазір мұнда 2011 адам жұмыс істейді. Олардың орташа еңбекақысы 203 мың теңгені құрайды. Республикамыздағы алтын өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі саналатын «Алтынтау-Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дирекциясы, инженер-техник қызметкерлері жылдан-жылға өндірістің материалдық-техникалық базасын нығайту, өнім көлемін молайту секілді міндеттерді басты назарда ұстайды. Кәсіпорын әлемдегі озық технологиялармен және құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Оның 600-ден астамы Канада, Австралия, АҚШ, Болгария, Швеция, Финляндия, Германия, Ресейден алынған.  
Ұжымда адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселесі де ұтымды шешімін тапқан. 2011 жылдан бастап кәсіпорынның барлық жұмысшылары түстік асты тегін ішеді, Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының елді мекендерінде тұратын жұмысшылар күн сайын арнайы автокөлікпен тасымалданады. Балалары балабақшада тәрбиеленгені үшін комбинат қызметкерлерінің жалақысына қосымша қаржы бөлінеді. Сонымен бірге, кәсіпорын басшылығымен бірлесе отырып, кәсіподақ ұйымы балалардың жазғы демалысына айрықша көңіл бөледі.  Олар жыл сайын сауықтыру орындарында дем алады. Сондай-ақ, кәсіпорын есебінен бала туғанда, емделгенде және зейнеткерлікке шыққанда материалдық көмек көрсету қарастырылған.
Комбинатта қалыптасып отырған тамаша дәстүрлердің бірі – ардагерлер кеңесімен арасындағы үйлесімді жұмыс. Қазіргі таңда біздің есебімізде 130-дан астам зейнеткер бар. Жыл сайын Қарттар күніне және Наурыз мейрамы мен Жеңіс күніне орай мерекелік шаралар өткізіп, ардагерлерімізді шақырамыз. Ақшалай және бағалы сыйлықтар үлестіреміз. Ал, жүріп-тұруы қиын ардагерлерге тиесілі материалдық көмекті үйіне апарып береміз. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорынның мерейін өсірген ардагерлеріміз көңіл тасасынан қалыс қалмайды.
Сонымен бірге, кәсіпорын қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалау және Зеренді ауданы Қонысбай селолық округіндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне орнатылған ескерткіштің маңайын қадағалап, жөндеу жұмыстарын жүргізуді өз міндетіне алған.  2016 жылы демеушілік көмек көрсету мақсатында жедел жәрдем автокөлігін сыйға тартқан болатын.  
Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, кәсіпорынның ұжымын, ардагерлерді Металлург күнімен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасына амандық тілеймін. Ойға алған мақсаттарымызға абыроймен жетіп, биіктерден көріне берейік.

Әнуарбек ӘЛЕНОВ,
«Алтынтау» кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар