Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атбасарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа үйлер салынуда - АРҚА АЖАРЫ

Атбасарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа үйлер салынуда

 Облыс әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Атбасар қаласында болып, 45 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысының және көктемгі су тасқыны кезінде су басқан №1 орта мектептегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, сондай-ақ, табиғат апатынан  зардап шеккен тұрғындармен кездесті.

 

Аймақ басшысы алдымен 45 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысының басында болып, жұмыс барысымен танысты. Бұл тұрғын үйлер су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатыр. «Eхclusive Construction» серіктестігінің бас директоры Оразалы Оразалиевтің айтуынша, қазір мұнда алты тұрғын үйдің жертөлесі қазылып, іргетасын көтеру жұмысы қолған алынған. Барлық жұмыстардың күнтізбелік кестесі жасалыпты. Алматылық құрылыс компаниясы қысқа мерзімде тұрғын үй салу үшін тәжірибе жинақтаған көрінеді. Құрылысшылар алғашқы алты тұрғын үйді биылғы жылғы ел тәуелсіздігі күні қарсаңында, алты тұрғын үйді келесі жылдың мамыр айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Өңір басшысы өз сөзінде тиісті басшыларға құрылыс материалдарын жергілікті жерден сатып алуды, тұрғын үйлерге апаратын көлік жолын салуды және құрылыс жұмысының мерзімі мен сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
Облыс басшысы су бөгетінің қауіпті жерлерін және жөндеу зауыты аумағындағы қосалқы су бөгеті салынатын орынды аралап көрді. Су бөгетін көшіру жұмыстарына Су ресурстары және Төтенше жағдайлар комитеттерін тарту қажеттігін айтып, бұрынғы су бөгетін биіктетуді тапсырды. Өзен маңында су тасқынынан жарамсыз болып қалған 60 үй бұзылыпты. Бұл жұмыс одан әрі жалғасуда. Облыс әкімі абаттандыру жұмысына ерекше назар аударуды және бұзылған үйлердің орнына парк пен скверлер салуды тапсырды. Жабай өзенінің маңын қала тұрғындарының демалыс орнына айналдыру керектігін айтты. Өңір басшысы өз сөзінде су тасқынымен күрес бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Елбасы облыс аумағында екі су қоймасын салу жөнінде тапсырды. Оның біреуі Астананың іргесінде, келесі су қоймасы Есіл мен Державинск қалаларының маңында салынады. Бұл көрші елді мекендерді су баспауға өз септігін тигізеді. Жабай өзені көп жылдардан бері тазаланбағандықтан, суы көтеріліп, бөгеттен асып кетуде. Арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеді. Жұмыс нәтижесі талқылануда. Әртүрлі ұсыныстар да түсті. Бұл жұмысты Төтенше жағдайлар және Су ресурстары комитеттерімен бірге атқарып, білікті мамандарды көбірек тартуымыз керек. Қазір су бөгеті жөнінде көп мәселе туындауда. Жақын арада арнайы органдардың шешімімен су бөгеті бойынша не істейтінімізді шешеміз. Біздің ең басты міндетіміз – су тасқынын болдырмау, – деді Мәлік Мырзалин.
Бұдан кейін облыс әкімі №1 орта мектепте болып, жөндеу жұмысының барысымен танысты. Мектеп директоры Татьяна Чуркина облыстық бюджеттен 5,9 миллион теңге бөлініп, мектеп ғимаратының бірінші қабатына күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалғанын айтып берді. Бүгінгі таңда мектеп ғимаратының еденін салу, қабырғасын сылап сырлау, су және жылу құбырларын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс басшысы өз сөзінде бұл мектептің ғимараты 2014 жылы күрделі жөндеуден өткенін атап өтті.
– Мектепті биылғы жылы тағы да су алды. Оны толық жөндейміз. Біздің негізгі міндетіміз – 654 оқушының 1 қыркүйекте мектепке баруын қамтамасыз ету, – деді Мәлік Мырзалин өз сөзінде. Аймақ басшысы мектеп маңында биылғы жылы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Су тасқыны кезінде ұйымшылдықпен күні-түні жұмыс істеген адамдарға алғысын білдірді.
–Алғашқы күндері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен сөйлесу қиын еді. Өйткені, мұндай орасан зор су тасқынының зардабын жою жұмысының мүмкіндігі белгісіз болды. Қазіргі жағдай өзгеше. Атбасарлықтар жаңа шағын аудан салынып жатқанынан жақсы хабардар. Шағын ауданға бу қазандығы да салынады. Бұл жұмыстарға Үкіметтен 6 миллиардтан астам теңге қаржы сұрадық. Қазір құжаттар дайындалуда. Келесі жылдың мамыр айына дейін баспанасыз қалған тұрғындардың мәселесі толық шешіледі. Атбасарлықтарға қолдан келген көмектің бәрін көрсетеміз. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында тұр, – деді аймақ басшысы. Кездесу барысында қала тұрғыны Александр Серенко су бөгетін көшіру және оны биіктету жөнінде ұсыныс айтты. Мұндай су бөгеті осы аумақта орналасқан 500 тұрғын үйдің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, келешекте жаңа көп  қабатты тұрғын үйлер салу шығынына батырмас еді. Облыс әкімі бұл мәселенің қаралып жатқанын атап өтті. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар атынан сөйлеген Жанаргүл Ақтайлақ пен Махаббат Жақыпова өздеріне қиын жағдайда қолұшын созған, баспана мәселесін шешкен Мемлекет басшысына зор алғыс білдірді.

Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар