Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап 31 шілдесіне дейін облыста әділет департаментінің бастамасымен «Балаңды есіңе түсір – алимент төле» науқаны басталды. Аталмыш іс-шара Бас прокуратураның «Алименттер төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасы аясында ұйымдастырылуда.
Науқанның мақсаты – алимент төлемдерін өндіру жұмысын жандандыруға, әкелердің балаларына тиесілі алимент төлемдерін төлемеу мәселесіне қоғам болып төзбеушілік танытуға, безбүйрек, жауапсыз ата-аналардың балаларына өз еркімен дер уақытында алименттерді төлеуге құлшынысын арттыруға бағытталып отыр. Қазіргі уақытта облыстағы мемлекеттік сот орындаушыларының орындауында 6 мыңға жуық, ал, жеке сот орындаушылардың қолында 3 мыңға жуық алимент өндіру жөніндегі құжаттар бар.
Департаменттің атқарушылық іс жүргізулерді қамтамасыз ету басқармасындағы анықтамаларға сүйенетін болсақ, борышкерлердің көпшілігі өзінің табысы мен тұрып жатқан мекен-жайына қатысты мәліметтерді жасырып, алимент төлеуден жалтаруда. Алименттерді өндіру бойынша сот шешімін орындамағаны үшін биылғы жылдың бірінші жарты жылында 147 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алименттік төлемдерді төлеуден жалтарғаны үшін алты борышкер ҚР Қылмыстық кодексінің 139 бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сот орындаушылары халықты жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп, борышкерлерді жұмысқа орналастыруда. Ағымдағы жылдың 7 маусымындағы ҚР әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің «Үш айдан астам алименттер бойынша қарызы бар тұлғаларды жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзара іс-қимылының тәртібін бекіту туралы» бірлескен бұйрығына сәйкес, тұрақты жұмысы жоқ борышкерлер тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орындарына барып жүгіне алады. Оларға онда кем дегенде екі бос жұмыс орнын таңдау ұсынылады.
Сот актілерінің және атқарушылық іс жүргізудің орындалу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің колл-центріне – 119 нөміріне қоңырау шалуға (Қазақстан бойынша қалалық телефондардан хабарласу тегін) немесе Ақмола облысы әділет департаментінің – 8 (7162) 55-10-05 телефонына хабарласуыңызға болады.
Анатолий ДЕРМАНОВСКИЙ,
облыстық әділет департаментінің басшысы.