Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Баварияның музыка қауымдастығының үрлемелі ансамблі өнер көрсетті.
Аталмыш концерт Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен және Көкшетау қаласындағы «Видергебурт» немістер қоғамы мен Германия елшілігінің мұрындық болуымен өткізілді. Өнер кешіне облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель қатысып, сөз сөйлеп, мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауына 25 жыл толуына арналған мәдени шараның маңыздылығын атап өтті. Аталмыш шараға Германия елшісі Рольф Мафаэль қатысты. Сыршылдыққа толы әуезді әуен жүрек қылын шертеді. Әрбір ән-әуезінде ұлттық нақыш байқалады. Бір жарым сағатқа созылған аталмыш концертте ансамбльдің орындауында тек ұлттық музыка ғана емес, сонымен қатар, классикалық және заманауи бағыттағы музыкалар орындалды. Шығармалардың барлығы өнерсүйер қауымды бейжай қалдырмады. Өнер кешінен мол әсер алғандардың бірі – Самал Тәжіғұлова:
– Концерт ойдағыдай өтті. Жұмысбасты болғасын көбіне осындай мәдени шаралардан құр қалып жатамыз. Аталмыш концертке жұмыстан сұранып арнайы келдім. Себебі, сыршылдық пен сұлулық тұнған неміс халқының мөлдір музыкасына бала кезден қанықпын. Өнер ұлтқа бөлінбейді деп есептеймін. Жаныма рухани қуат алып, бір серпіліп қалдым, – деп өз ойын ортаға салды. Айта кету керек, Астанада өтіп жатқан халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде Германияның ұлттық күні аясында аталмыш ансамбль Бавария мемлекеттік сыйлығымен марапатталып, өз көрермендерін қуантқан болатын.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген В.ГУБАНОВ.