Ақ жауынның астында ән шалқытып…

Ақ жауынның толастамай жауып тұрғанына қарамастан, Тəуелсіздік алаңына қарай ағылған ақмолалықтар көп еді. Көк аспаннан нұр болып құйылған ақ жауынмен астасып ақ тілектер де төгілді.

  Металлург күніне орай, «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған салтанатты шарада ұжымның басшысы Игорь Когай сөз сөйлеп, кеншілерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Кәсіпорын қызметкерлеріне зор алғысын білдіре отырып, бірқатар қызметкерлерге осы салада сіңірген еңбектері үшін төсбелгілер мен  Алғыс хаттарды табыс етті.
Ел экономикасының дамуына еңбегімен сүбелі үлес қосып, өңірдің өрлеуі жолында тер төккен үздік кеншілер марапаттарға ие болды. Солардың қатарында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған Сағынтай Хасенов, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі Иван Жигарь, Азамат Исенов және тағы басқаларға табыс етілді. Сонымен қатар, бірқатар озат кеншілер  Көкшетау қаласы әкімінің, «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты шарадан соң жиналған қауымға елімізге танымал өнер жұлдызы Қайрат Нұртас ән шырқап, мерекелік думанның көрігін қыздырды. Әншінің өнерін құрметтеп,  әнін тыңдауға келген көрермендер арасында жастар көп болды. Бірі Қайраттың фотосын қолына ұстап алаңға келсе, енді бірі құшақ-құшақ гүлдерін сыйға тартты. Талантын бағалап, әнін сүйіп тыңдайтын барша көрермендерге алғысын жаудырған әнші концертте ән мен әннің арасында қызықты естеліктерімен бөлісіп, әсерлі әңгімелерімен көрерменін өзіне баурай білді. Мерекелік шара барысында жергілікті өнерпаздар да ән мен биден шашу шашып, концерт соңы мерекелік отшашумен аяқталды.   

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
  Суретте: әнші Қайрат Нұртас және қалың көрермен.

Суреттерді түсірген  Вячеслав ГУБАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар