Ақылға сыйымсыз сот шешімдері

Ақша билеген нарық қоғамында ақша табу үшін адамдар неше түрлі қулыққа, ақылға сыйымсыз әрекеттерге барып жатады. 

Сырт қарағанда мұның өзі күлкілі ғана емес, есуастық та болып көрінері анық. Десе де, саналарын ақша билеген пенделер оның күлкілі екендігін, ақылға сыйымсыздығын, оғаштығын естен шығарып, сол әрекеті арқылы табыс табуға болатындай көретіні таңғалдырады. Сотқа адамдар әдетте әділдік іздеп, өз құқын қорғау үшін шағымданады. Дегенмен, саналарын дүние мен байлық билеген кейбіреулердің сот арқылы ауадан ақша тапқысы келетін жайлары әлемнің әр елдерінде сирек болсын кездесіп тұрады екен.

 Шектен тыс талабымен жеңіп шыққан
Микротолқынды пеш шығаратын компанияны сотқа берген американдық кемпір өнім өндірушіні  құрылғының нұсқаулығында мысықты пісіруге болмайтыны туралы жазбады деп айыптаған. Кемпірдің пайымынша, нұсқаулыққа «пеште мысықты пісіруге болмайды» деп нақты жазып қою қажет екен. Ақылға сыйымсыз болып көрінген осы істі қараған сот қандай шешім шығарды дейсіз ғой? Судья кемпірдің өтінішін қанағаттандырып, пеш шығаратын компания нұсқаулықта «мысықты пісіріп жеуге болмайды» деп жазбағаны үшін ірі көлемде айыппұл төлеуге шешім шығарады.
Өнімді өтірік жарнамалағаны үшін
Тағы бір сыраны жақсы көретін америкалық Ричард Овертон деген азамат сыра шығаратын Anheuser-Busch компаниясын сотқа береді. Оның шағымында компания жарнаманы дұрыс жазбаған, сыраны көп мөлшерде ішкен кезде ыдыстың сыртындағыдай көзіңе жартылай жалаңаш қыз елестейді дегені бекер екен деп жазылады. Жарнамада жұртты қызықтыру үшін компания сыраны шектен тыс ішкен адамның көзіне құтының сыртындағы жалаңаш ару көрінеді деп жазылған екен. Алғашқы сот сатысында жеңіліс тапқан Овертон екінші қайтара апелляциялық шағым жазып, компаниядан 10 мың доллар көлемінде айыппұл өндіріп алады.
Бәрі керісінше болып шықты
Пансильвания штатында тұратын кәнігі ұры Терренс Диксон әдетінше бір үйге ұрлыққа түседі. Үйден бағалы заттарды алып  гараж арқылы шығып бара жатқанында гараждың есігінің құлпы бұзылғандықтан аша алмай, ішінде қамалып қалады. Ол үш тәулік гаражда қамалып жатады, аштан өлмес үшін мысыққа арналған жемді жеуге мәжбүр болады. Ол осы жағдай үшін өзі үйіне ұрлыққа түскен гараж иесін сотқа беріп, ар-ождан шығыны ретінде 500 мың доллар өндіріп алады.
Өз-өзіне үкім шығарған судья
1874 жылы канадалық судья Френсис Эванс өзін-өзі соттады. Судья болып істейтін ол қоғамдық орында арақ ішіп жүргені үшін айыпқа тартылған еді. Қызығы сол, бұл істі қарау судьяның өзіне жүктеледі. Қоғамдық орында арақ ішкені үшін айыпты деп, 4 доллар көлемінде айыппұл төлеуге шешім шығарған судья, бірнеше күннен кейін бұрын  үлгілі тәртіпті болғаны, көпшілік орында арақ ішпегені  үшін өзінің айыптау шешімінің күшін жояды.
Есінегені үшін сотталып тынды
2004 жылы Шри Ланкада сот процесі жүріп жатқан кезде есінегені үшін ер адам жауапқа тартылды. Ол сот мәжілісі үстінде қатты есінеп, сонысымен судьяның көңілін бұзған көрінеді. Мына жағдай ашуына тиген судья әлгі есінеген бейбақты сотқа тартып, «судьяны сыйламағаны үшін» деген бап бойынша айыптайды. Осылайша сотта есінеген азамат бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Нұсқаулық кінәлі деп бой бермеген
Дүкеннен кофеварка сатып алған әйел өндіруші компанияны сотқа берді. Бірнеше бөліктен тұратын, әр бөлігі жеке қорапқа салынған кофеварканы үйіне әкелген соң әйел ең астындағы қорапты алып қарамақ болады. Астындағы қорапты алған соң физикалық заң бойынша үстіңгі қораптар құлайды. Жай құламай әйелдің басына құлап, оңдырмай ауыртады. Осыған ызаланған келіншек нұсқаулықта неге «астыңғы қорапты алғанда үстіңгі қораптар құлайды» деп жазылмаған деп өндірушіні айыптайды. Ақыры, сот шешімімен ол өндіруші компаниядан ірі көлемде айыппұл өндіріп алады.
Жанын сатпақшы болған сабаз
2006 жылы Шанхайда тұратын бір жігіт аукцион арқылы өзінің жанын сатуға қояды. Ішкі ағзаларын сатқанды естіп, оқып жүрміз, бірақ, әлгі қытайлық  жанын сатып, ақша табуды ойлапты. Дегенмен, интернет аукцион оның бұл жарнамасын қабылдамайды. Осыған ызаланған ол сотқа шағымданады. Сот та оның бұл тілегін қанағаттандырмайды. Соттың уәжі – сатуға шығару үшін адамның сол заттың иесі екендігін дәлелдейтін құжаты болуы тиіс. Сондықтан, өз жаныңның иесі екендігіңді дәлелдейтін мөр басылған анықтаманы тек Жаратқаннан әкелуің керек. Әрине, қытайлық азамат құдайдан ондай анықтама ала алмағандықтан, аукционда жанын сата алмайды.

Интернет материалдары бойынша дайындаған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар