Әнімен, сәнімен, дәмімен Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне ақмолалықтар да зор үлес қосуда

 Алла дейтін әміршінің алақанындағы гауһар тастар Арқаның жазиралы даласына шашылып түскендей. Астана десең Астана ғой, шіркін! Күн сайын, жо-жоқ сағат сайын жаңарып, жайнап, өркендеп өсіп келе жатқан бас қаланың көркіне көз тоймайтыны бар.

Таяуда ғана есігін әлем халықтарына айқара ашқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі асқақ Астанамыздың ғана емес, біртұтас ұлттың  абыройын асқақтата түсті. Аталмыш халықаралық көрмеге ақмолалықтар да күш-жігер мен ыждаһатты ынтасын бір арнаға тоғыстырып, ел мерейі үшін барынша өз үлесін қосып келеді.   

 Әлем халқы таң қалып, тамашалайтын сәулеті көз суырар ғаламат шаһарға айналған арайлы Астана қажырлы қайрат пен еселі еңбектің жемісі деп білеміз. «ЭКСПО» көрмелерінде әлемнің озық мемлекеттері өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетуде. Олар жаһандық дамудың жаңа үрдісін паш етуде. Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Астанада «Болашақ энергиясы» ұранымен өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесі кең ауқымды және барлығын қамтушы жоба ретінде ойластырылған. Болашақ энергиясы – бұл қазіргі заманның келелі мәселелеріне және болашақтағы шешімдерді болжауға қатысты міндеттерді шешуге бағытталған, ойлануға нәр беретін ауқымы кең тақырып болып отыр. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін Астанаға ағылып, әлемдік деңгейде өтіп жатқан көрмені тамашалауда. Таяуда ғана Астана қаласында Ақмола облысының мәдениет күндері болып өтті. Өңіріміздің ең таңдаулы дейтін өнер ұжымдары барлығы 1500-ге жуық өнерпаз алыс-жақын шетелден келген көпшілік алдында өнер көрсетті. Иә, рас өнер – өміршең, серілік – мұра.

 

Ежелден киелі Көкшетау, аты аңызға айналған Арқа өңірі сал-серілердің, ән мен жырдың киелі бесігі саналған. Қазақтың ән мен жырын асқақтатқан кешегі Нияз, Шәрке, Сегіз сері, кейінірек Біржан сал мен Ақан сері, Сейіткерей, Қозыке бертіндері Үкілі Ыбырайдың есімдерін ерекше мақтанышпен айтар болсақ, әлі де болса атадан қалған саңлақ өнерге қылау түсірмей,  кейінгіге жеткізуді мақсұт тұтқан арқалы ақындардан, жампоз жыршылардан, дәулескер күйшілерден кенде емеспіз. Бес күн бойы ел жүрегі Астананы ән мен жырға бөлеген өнер майталмандары  талғампаз өнерсүйер қауымның зор ықыласына ие болды. Қазақтың тылсым тарихынан сыр шертіп, мәдениеті мен дәстүрін баяндайтын «Этноауыл» шетелдік қонақтармен қатар, жергілікті халықтың да қызығушылығын тудырды. Спорттық сайыстар мен аламан бәйге де назардан тыс қалмай, Құлагердің шабысын көрген елдің абыройын асқақтата түсті. Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-
драма театры актерлерінің орындауындағы «Алтыбақан» және «Құсың құтты болсын!» атты қазақ халқының әдет-ғұрып, салт дәстүрін бейнелейтін театрландырылған тарихи қойылым да көптің көңілін көкке өрлетті. Жиналған елдің назарына облыстың ең үздік шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы, көркем сурет көрмесі, сәндік-қолданбалы халық шығармашылығы шеберлерінің жұмыстары сатылымға шығарылды.
Сал-сері, суырыпсалма ақындардың керуені бастаған әртістердің, қолөнер шеберлерінің, облыстың фольклорлық ансамбльдерінің қатысуымен өткен театрландырылған қойылым да жұртшылықтың көңілінен шықты. Этноауылда қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде ұлттық қолөнер бұйымдарының қалай жасалатындығын бақылап, тамашалауға  арнайы мүмкіндік берілген. Бұл да болса ұлттық төл өнерімізге қызығушылық танытқандарға зор мүмкіндік туғызды.  Танымды тарихы мен ұлттық құндылығына қылау түсірмей, керісінше, тамыры терең рухани құндылық өркендеудің алтын діңгегіне айналғандығын астаналықтар мен ЭКСПО қонақтарына паш етіп келген ақмолалықтар көздеген мақсаттарына жетті деуге әбден негіз бар. Ақмолалықтар өнерпаздарымен ғана емес, өрнекті өлкесімен де мақтана алады. Кезінде  Бурабай өңірінде дәрігер боп еңбек еткен жазушы Зейін Шашкин 1962 жылы жарық көрген «Доктор Дарханов» атты романында «…қандай суретші болса да, бояуын тауып Бурабай табиғатын кенепке түсіре алмас» деп жазғаны есімізде. Шынында да, табиғат қана тамаша суретші. Жасыл көйлегі желбіреп, бүршіктен сырға таққан кербез қарағайлары мен мың бұралған биші қайыңдары, манаураған маңғаз тау-лары бар Бурабай өлкесі Арқадағы жер жәннаты десек артық айтқандық емес. Шолп-шолп етіп, жағалауды күніне мың мәрте сүйетін бұйра толқындарының өзі билеп жатады. Бұйдасы жоқ болса да, бірінің соңынан бірі ілескен ақша бұлт Бурабайдың басынан көшкенде, жай ғана емес, қимай қоштасып, жауын болып жылап өтетін сияқты…  
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келетіндердің көпшілігі бұла табиғатты Бурабай өлкесін көруге ынтызар. Щучинск-Бурабай курортты аймағының жалпы аумағы 159932 гектар, оның 53 мың гектары орманды алқап. Курортты аймақта 20 елді мекен орналасқан.  Бурабай кенті Астана қаласынан солтүстікке қарай 250 километр жерде Бурабай көлінің жағалауында, Көкшетау тауының етегіне қоныс тепкен. 1910 жылы Бурабайда қымызбен емдейтін алғашқы сауықтыру орны ашылды. Бүгінде бұл шипажай бүкіләлемдік сауықтыру орнына айналды. Айта кету керек, жер жәннатында жылдан-жылға емдеу, демалыс орындары көптеп ашылуда. Төрт санаторий, Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, «Шығыс» мәдени-сауықтыру орталығы, Абылай хан мұражайы, табиғат мұражайы орналасқан. Ауыл ортасында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш белгі мен Көкшетау тауының етегіндегі Абылай хан алаңында стелла орнатылған. Шет елден келген туристке көремін, тамашалаймын десе бұл жерде таңдай қағып, көз қызығарлық түрлі  табиғат тамашасы бар. Мәселен бір ғана мемлекеттік саябақта сүтқоректілердің 34 түрі бар, оның ішінде орман сусары Қызыл кітапқа енгізілген. Құстардың 96 түрі ұя салады, оның 21-і отырықшы, 11-і қыстайтын, 25-і жыл құстары. Қызыл кітапқа бүркіт, ақсұңқар, дала қыраны, аққұйрық субүркіт, сұр тырна, үкі, қарабас өгізшағала, шүйілгіш кептер енгізілген. Бурабайдағы орман алқабының 65 пайызын қарағай және 31 пайызын қайың алып жатыр. Қалған пайызын көктерек, шегіршін, үйеңкі, терек, ақ қараған, долана, шие, алма ағаштары, ұшқат, шетен, тобылғы, мойыл құрайды. Көлдерінде алабұға, мөңке, шабақ, шортан, аққайран, сонымен қатар, тұқы балық, табан, көксерке, сазан, ақсаха, балықтары тіршілік етеді. Бурабайда Үлкен және Кіші Шабақты, Бурабай, Қараүңгір, Қотыркөл, Тұр, Шортанды сияқты көлдер мен 80-ге тарта су қоймалары бар. Үш жүздің басын қосып, қазақ мемлекетінің негізін қалаған Абылай ханның осында қоныстануы да бекерден-бекер емес. Бұл күнде Бурабайда Абылай хан алаңында ұлы ханға арналған ескерткіш белгі бар. Ауасы дертке дауа жер жәннатына келіп тынығатын мыңдаған дем алушы Абылай хан алаңына арнайы ат басын бұрып, Ұлы бабаның рухына тағзым етеді. Астанаға көрмеге келгендер де Бурабайға барып, «Ұйқыдағы батыр», «Тау басындағы піл», «Үш апалы-сіңлілі» тас бейнелері мен Кенесарының үңгірін тамашалағандар таңдай қағып таңданыс білдіріп, табиғаттың тамашасына тәнті болуда. Ақмола облысы Бурабайдан басқа зерлі Зерендінің, сырбаз Сандықтаудың, арайлы Айыртаудың, бедерлі Бұландының бұла табиғаттарымен мақтана алады. Құшағын ашқан Қопа көлімен кербез Көкшетау да кез-келген қонағын қарсы алуға дайын.     
Тағы да екпін түсіре ерекше мақтанышпен айта кетуіміз керек, Ақмола облысы ежелден егіні жайқалған дәулеті асқан берекелі өңір.  Астананың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасы бойынша өткен жылдың өзінде құны 9,2 миллиард теңгенің жобасы  жүзеге асқан. Осының нәтижесінде Елорда ұнмен 100 пайыз, жұмыртқа және картоппен 52 пайыз, ет өнімдерімен 50 пайыз қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, өткен жылы 94 мың тонна сүт өндірілген. Бұл астаналықтардың сүтке деген сұранысының 48 пайызын қамтиды. Астананың азық-түлік белдеуін ұйымдастырып келе жатқан Ақмола облысында 319 кәсіпорын болса, соның 15-і ет өңдеумен айналысады. Олардың жылдық өңдеу қуаты 19 мың тоннаны құрады. Бұдан басқа өңірде жылына  132,6 мың тонна сүт өңдей алатын 14 кәсіпорын жұмыс істесе, ұн тарту кәсіпорындарының саны 55-ке жетіп жығылады. «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акция аясында  Астана қаласында тұңғыш рет сауда-көрме павильоны ашылды. Бес мың шаршы метр аймақты алатын  сауда орталығында отандық 500 тауар өндіруші өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алды.
Олардың арасында «Ақмола маркасымен» «Үш бұлақ» ЖШС, «ЭкоМилк» ЖШС, «Бижан» ЖШС тағы басқа кәсіпорындар бар. Еліміздің тарихында өшпес  ізі қалатын аталмыш көрменің ойдағыдай өтуіне жүрегі елім деп соққан әрбір саналы азамат өзінің үлесін қоссам дейді. Олардың арасында ақмолалықтар да бар. Себебі, бұл көрме ел мерейі. Ал, еліміздің тұғыры биік болса, ғұмыры да мәңгілік. Ылайым солай болғай!
Р.S. …Таяуда курстас құрбым Жанна Америкадан Астанаға «ЭКСПО» көрмесін көруге арнайы келемін деп хабарласқан. Жалғыз емес екен, бірге құрбысы Джейнді де ала келіпті. Ол американдық. Елдегі анама хабарласып, қара шаңыраққа алып бардым. Аяулы анам жаны қалмай бәйек болып жатыр. Ақ дастарханға қазақтың ұлттық тағамдарын самсатып қойыпты. Күбіде қымыз, астауда ет, төрде домбыра… Әлемді дәстүріне тәнті еткен қазыналы қазағым ұлы ғой, шіркін!  

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар