Табылған жауынгерлік кітапша болған оқиғаның сырын 74 жылдан кейін ашты

Ресейдің Калуга облысының Спас-Деменское ауданында «Батыс майдан – 4» іздестіру отрядының экспедициялық қазба жұмыстары кезінде Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза тапқан қызыл әскер жауынгерлерінің мүрделері табылды.

  Олардың бірінде Тәжібай Нүркешовтің атына берілген қызыл әскер жауынгерінің кітапшасы бар болып шықты. №139 атқыштар дивизиясының жауынгері, Жалғызқұдық ауылының тумасы Тәжібай атамыз 1943 жылдың 18 наурызында неміс басқыншыларымен болған қанды шайқаста көз жұмады. Бірақ, топырақ астында белгісіз болып ұзақ уақыт жатқан қазақ солдатының мүрдесін Ресейдің жас іздеушілер тобы биылғы жылдың жазында тапты. Тозығы жеткен ескі гимнастерканың қалтасынан Қозыкөш МТС, яғни, қазіргі Қабанбай батыр ауылы комбайнерінің көмекшісі, майданға Қазақстаннан аттанған Тәжібай Нүркешовтің атына берілген құжат шығады. Осыған байланысты Ресейдің Калуга әскери комиссариатынан келген іздеу құжаты бойынша Целиноград ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Темірбаев өзінің көмекшілерімен іздеу жұмысына кірісіп, жауынгердің көзі тірі туған-туысқандарын табады. Ақмола облысы әскери комиссариатының қолдауымен ол Ресейге, жауынгердің жерленген жеріне, оның туған елінің топырағын капсулаға салып апарады. Сонда жауынгерлерге топырақ салу секілді әскери рәсімдер орындалады.
Мұрағат мәліметтеріне сүйене отырып жазылған Ақмола облысының ҰОС ардагерлері туралы естелік кітабында: «Т.Нүркешов 1912 жылы дүниеге келді. Ақмола аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылды. Жауға қарсы шайқасты. Смоленск облысының Спас-Деменское ауданындағы Вязовня деревнясында 1943 жылы жерленді» деген мәліметтер келтірілген.
Тәжібай Нүркешов соғыс басталмай тұрып, Құмсуат ауылының тумасы Шәкен Балтабаевамен шаңырақ көтеріп, дүниеге Серік есімді ұл келген. Бірақ, сұм шайқас басталған соң, ауылдың басқа азаматтары секілді Тәжібай атамыз да неміс басқыншыларымен соғысуға аттанады. Майдан даласында көз жұмады. Елде қалған әйелі мен ұлы бұл жайдан мүлдем бейхабар болған. Осы жайды бізге  Ресейден оралған Болат Темірбаев, Шәкен апамыздың інісі, ел ақсақалы Сары Балтабаев, марқұм Тәжібайдың інілері Жақсылық, Жанат, Жанұзақ Жармағамбетовтер айтып берді.
Осы аптаның басында Жалғызқұдық ауылына жан-жақтан келген кісілер көп жиналды. Ресейде жерленген батырдың зиратынан топырақ салынған капсуланың жеткізілуіне байланысты митинг өтті. Соғыста қаза тапқан жауынгер рухына құран бағышталып, әскери құрмет көрсету рәсімдері орындалды.
Ресей мемлекетінен оралған аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Болат Темірбаев қазақ елшілігі мен Калуга жұртшылығының есімі белгілі болған жа-уынгерге көрсеткен құрметтерін айтып, оларға зор ризалығын білдірді.  Шәкен апамыз тұла бойы тұңғышы Серіктен нәресте шағында айырылып қалыпты. Соғыс аяқталған соң, тағдыр қосқан серігін 8 жыл бойы күтіпті. Кейін қара шаңырақтың үлкендерінің рұқсатымен Рахметжан Ысқақов есімді азаматқа тұрмысқа шығыпты. Бір риза болатын жайт, олардан туған Бақыт пен оның жолдасы Мұқат Сейфуллин қазақ солдатының рухына үлкен құрмет көрсетіп, Құмсуат ауылының ескі қорымына Ресейден жеткізіліп орнатылған капсуланың үстіне Тәжібай Нүркешовтің есімі жазылған ескерткіш тас орнатты.  Айтулы шара аяқталған соң, алыс-жақыннан келген азаматтарға Жалғызқұдық ауылында ас берілді.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суретті түсірген автор.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар