Инвестиция – ілгерілеудің кепілі

Қытай Халық Республикасы Хунань өлкесі бастығының орынбасары Оу Янг Бин бастаған делегация мүшелері Ереймен өңіріне арнайы сапармен келді.

  Құрамында өлке өнеркәсібі инвестициялық қор компаниясының жетекшілері Лю Вен Жия, Хунан Цзян Зан және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар меймандар «Торғай» астық қабылдау кәсіпорны аумағына аялдады.  Облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель бастаған өңірдің сала басшылары шетел инвесторларын ықыласпен қарсы алды. Ереймен өңірі ежелден аграрлық салаға – егіншілікке, әсіресе, мал шаруашылығына бейім өлке. Құнарлы жайылымы, шүйгін шөбі төрт түлікті түгел бағуға қолайлы.  Ал, тәуекелді егістік аймағында өндірілген астықтың қамырлылығы,  ұнының сапасы, майлы дақылдардың өнімділігі баршаны сүйсінтеді. Торғайға тоқтаған қонақтар жалпы қазақстандық егістік өнімінің осы ерекшелігіне, технологиялық-материалдық әлеуетке, елді мекеннің инфрақұрылымы мен географиясына, техникалық жарақтандырылуына жіті назар аударды. Астық терминалын құруға, мекеменің темір жолға жақын орналасқаны да есепке алынады. Сапа стандартымен үйлесімді зығыр дәнін бүгінде Еуропаға экспорттауға  мүмкіндік туып отыр.
Павлодар-Астана тас жолының бо-йымен жолға шыққан автокөлік керуені өңіріміздің тірек елді мекені – Новомарковка ауылына бағыт алды. Жаңа тұрғын үй, машина ауласы бой көтерген «Жаңа береке» серіктестігінің жанына аялдадық. Маяға жаңа үйілген көк шөптің иісі хош аңқиды. Делегацияны қарсы алған «Новомарковка – 2010» және «Жаңа береке» серіктестіктерінің басшылары Әлихан Сейітжанов, Жандос Хасенов алдымен қасапхананың жұмыс барысымен таныс-тырды. Қонақ кәсіпкерлер қайнаған жұмыс барысына, өндірістің келешегіне ден қойды. Шетелдік компания өкілдері инвестиция тартуға ниет білдірді. Шаруашылықтың іс-тірлігін қысқаша сипаттаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Алик Манадыров екі елдің достық көпірінің нығаюына, әріптестік игілігінің баянды болуына тілектестігін білдірді. Ал, алыс шетел өкілдері Қазақстан халқының қонақжай ниетіне, бүгінгі сапардан алған әсеріне сүйсінді. Кешегі Жібек жолының ізімен екі ел ынтымақтастығының берік орнығатынына үміттенді, ыстық ықыласты қабылдауға ақ алғыстарын айтты.
Негізінен делегацияның ұсыныс бастамасы аясында екіжақты шартты бекіту үшін мәселені әлі де жан-жақты пысықтауды, мұқият зерделеуді, негізінен салмақты да салиқалы шешімді керек етеді. Жергілікті атқару билігі де өз құзыретіне сай істің жай-жапсарын бақылауда ұстауы шарт. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да бұл орайда өзінің орнықты ойын қосуы тиіс. Барлық игі қадам барысында қазақстандықтардың мүддесіне басымдық берілгені  абзал.  Облыс басшылығының ұсыныс-пайымы осы мақсат төңірегіне ойысты.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар