Арқа қаламгерлерінің бір қадірлісі еді

Елін сүйген, ұлтын сүйген, өмірді сүйген, осы ұлы мүдде жолында жатпай-тұрмай қаламымен қарымды еңбек еткен жанның әп-сәтте арамызда жоқ болып шығуы шынымен оңай соқпайды екен. Бүгін міне, әу баста өзі таңдап алған журналистік-жазушылық кәсібіне аса елгезек, «Арқа ажарының» ыстығына да, суығына да алаң шынайы жанашыры әрі өте-мөте белсенді авторларының бірі, сыйлы да сенімді әріптесіміз Смағұл Рахымбектің де бұл өмірден мезгілсіз озғанын естіп, қатты қиналып отырмыз.
Жаны жайсаң, тұла бойы адалдық пен ізеттіліктен тұратын Смакеңмен ертеден таныс-біліс едік. 1980 жылдардың басында Ақмоладан осы Смағұл мен Төлеген Ілдебаев, Көкшетаудан Бақберген Амалбеков, бәріміз Алматыға жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне барып, «Қазақ әдебиеті» газетінде төртеуіміздің көрнекті ақын Сағи Жиенбаевпен бірге түскен суретіміз жарияланып еді. Сол жолы ұзын шашын қолымен артына сілкіп тастап жыр оқыған Смағұлдың әдебиеттегі алғашқы аяқ алысы жөнінде жақсы пікір айтылған болатын.
Бірақ, ол кейін өлеңге қарағанда прозаға көбірек ден қойды. Сөйтіп, «Ару мен арлан», «Көңіл шуағы», «Айдындағы ақ желкен», «Темір тордағы тіршілік» атты прозалық кітаптары оқырманға жол тартты. Бірқатар орыс ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалады. Оның аударма саласындағы елеулі бір еңбегі Түрік академиясының ұсынысымен қазақша сөйлеткен әзірбайжан ғалымы Джаваншир Фейзиевтің «Түркі мемлекеттерінің одағы» кітабы еді.
Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтында оқып, Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының орыс филологиясы факультетін тәмамдаған Смағұл өмір бойы облыстық телевидениеде, қазақ телевизиясының Астана студиясында, Президент телерадиокешенінде жауапты қызметтер атқарды, бірнеше құнды-құнды деректі фильмдер түсірді. Елбасы Алғыс хаттарының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы саяси кеңесінің мүшесі және «Самғау» бастауыш партия ұйымының төрағасы ретінде де елдік істерге белсене араласып, өнегелілік көрсетті.
Туған жері Қорғалжын өңіріне де шын жаны ашитын азаматтың бірі осы Смакең еді. Осы бір жүрек лүпілі, туған елге деген сүйіспеншілігі жазған-сызғанынан анық сезіліп тұратын. «Арқа ажарына», ондағы аға-іні, апа-қарындастарына деген  ерекше көңілін де жоғары бағалайтынбыз. Жазғаны да, жазары да мол тұрақты авторымыз еді. Бұлай болатынын кім білген, бірер ай бұрын ғана телефон арқылы емен-жарқын сөйлесіп, газетіміздің 100 жылдығына жолдаған «Сол бір жылдар есімде» атты жылы рәуішті, мазмұнды мақаласын басып едік. Бүгін соны көзі тірісінде көріп кеткеніне тәубе етіп отырған да жайымыз бар. Редакция қоржынында Смакеңнің ресми материалдар жол бермей келген басқа да мақалалары, әңгімелері жатыр. Бір сәт те қарап отырмаған ізденгіш қаламгердің ол дүниелерін де аманат деп біліп, түгел жариялармыз.
Бірақ, енді өзі жоқ. Ең өкініштісі де сол!  Орны толмас қайғыны телефонмен жылап тұрып жеткізген сүйген жары, үрім-бұтағына, ағайын-туыстары, әріптестеріне қайғырып көңіл айтып, ауыр қазаның алды өзіне, арты еліне қайырлы болуын тілейміз. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, бақұл болыңыз, жақсы аға! Сіз қашанда біздің жүрегіміздесіз!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
бас редактор және газет ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар