Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Барлығы заңды болуы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Барлығы заңды болуы тиіс

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Беспалиновтың төрағалығымен кезекті кеңес отырысы болды.

 

Кеңес мүшелері онда облыс бойынша экология департаментінің басшысы Бірлік Қомбатыров пен оның орынбасары Әнуар Нұрсейітовке қатысты тәртіптік істерді қарады.  Энергетика министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша экология департаментінде өткізілген тексерістен соң анықталған заң бұзушылықтарға байланысты мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолданған екен. Онда департаменттің мемлекеттік экологиялық сараптаманы өткізу үшін БАҚ-та хабарландырулар жарияланбағанына қарамастан,  негізсіз заңды тұлғалардың өтінімдерін қабылдап, заңға қайшы әрекет еткендіктері жөнінде баяндалыпты. Арнайы қызметтік тексерістер жүргізілгеннен кейін министрліктің тиісті комитетіне түсініктеме жауаптар беріліпті. Департамент басшысы Бірлік Төлегенұлының баяндамасына сүйенетін болсақ, экологиялық қызметтерді реттейтін ережелер мен стандарттар сәйкеспейтін көрінеді. Министрдің бұйрықпен бекіткен ережелері дәл осындай қызметтерді реттейтін стандарттан сәл ертерек кезде шыққан. Яғни, экологиялық қызметтерді реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің өзінде қарама-қайшылықтар орын алып отыр. Бұл орайда, департамент басшысы стандартқа сүйене отырып әрекет еткендігін айтып, экологиялық кодексте БАҚ-та хабарлама жариялануы тиіс деген тармақтар мүлде қарастырылмағандығын түсіндірді. Бұл мәселе бойынша кеңес мүшелері заңды құжаттарды реттеу бойынша жоғары органдарға ұсыныс жасайтындықтарын айтып, Энергетика министрлігінің экологияны реттеу және бақылау комитетінің жауапсыздығына, заңды құжаттармен өздерінің қарамағындағы ведомстволарды қамтамасыз етпегендігіне сыни пікірлерін білдірді. Бұл кеңеске комитет өкілдері де шақырылған екен, бірақ, олардан бірде-бір адам келіп, төбе көрсетпеді. Департамент басшысының сөзіне қарағанда, қызметтік тексерістер барысында ұсынылған ұсыныстар мен олардың сауалдарына да комитеттен жа-уаптар келмепті. Осыған байланысты Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы істі қарауды тоқтату туралы ұсынысын білдіріп, кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.
Аталмыш департамент басшысының орынбасары Әнуар Нұрсейітов те комитеттің тексерістері кезінде анықталған заң бұзушылықтармен келіспейтіндігін айтып, өзінің қабылдаған шешімдері мен іс-әрекеттері лауазымдық міндеттеріне сай екендігін айтты. Бұл туралы комитетке өзінің лауазымдық міндеттері туралы құжаттың көшірмесін жіберіп, кейбір қарама-қайшылық тудыратын қызметтерді бір нормаға сәйкес келтіру керектігін білдірген ұсыныстарын да жолдапты. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, комитеттен ешбір жауап келмеген.
Кеңес мүшелері қызметтерді ұсынудың заңды құжаттарын реттеу туралы жоғарыға ұсыныс жіберу туралы шешім қабылдап, істі қарауды тоқтатты. Сонымен бірге, департамент басшылығына алдағы уақытта осындай заңды құжаттардың сәйкеспейтін тұстарына тап болғанда мемлекеттік қызмет істері департаментіне немесе жоғары органдарға хабарлап, ретке келтіріп отыру керектігін ескертті.
Қызмет тәртібін нығайту, сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алу бойынша жұмыс қорытындылары туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Көшекбай Біржекеев есеп берді. Жарлыкөл өзенінің маңайын абаттандыру жұмыстары бойынша тексерулер кезінде анықталған заң бұзушылықтарға байланысты қазір сотта істер қаралып жатыр.  Бұл орайда, кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беретін кейбір мемлекеттік қызмет түрлерін халыққа қызмет көрсету орталығының бір терезе қағидасы бойынша реттеу жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар