Балалардың жаңа демалыс орны ашылмақшы

Бұрын «Балалар теміржолы саябағы» болған үлкен алаңда қазір құрылыс және көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл жер балаларға арналған үлкен демалыс саябағына айналады деп күтілуде.

 

Жасыл желегі жайқалып өскен саябақтың ішінде балаларға арналған демалыс орындары, ойын-сауық нысандары болмаса да, кешқұрым осы маңайдың адамдары таза ауамен тыныс-тау үшін осында ағылады. Қаланың күйбелең тірлігінен шаршаған тұрғындар демалыс күндері мұнда өздерінің бала-шағасымен келіп, табиғат аясында тамақтанып, ойнап, демалыстарын ұйымдастырып жатқанын талай көрдік. Қазір бұл аймақта жүргізіліп жатқан көркейту, абаттандыру жұмыстарына қаланың осы бір аймағында тұрып жатқан халық дән риза.
– Мен «Жеке батыр» базарынан алыс емес жерде, Алматы көшесінде тұрамын. Кешкісін ұлым мен жолдасым үшеуіміз осы саябаққа келіп, таза ауамен тыныстап демаламыз. Ұлым маған «Анашым, бұл жерді неге орталықтағы саябақтай етіп жасамайды?» деп жиі сұрайтын. Енді баламның арманы толық орындалмаса да, біраз көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр, –деді Ләззат Асқарқызы.   
Саябақтағы құрылыс жұмыстары жоба бойынша 2015 жылы басталып, онда спорт алаңы мен көпшілік әжетхана секілді екі нысанның құрылысы енгізілген еді. Қазір мұнда ғимаратты жөндеу, су, жылу, кәріз желілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылдың тамыз айының соңына дейін желілер толық орнатылып болады. Бүгінде жұмыс жоспары 70 пайызға орындалған. Сонымен бірге, қазір мұнда кеспе тастарды қалау, қоршау орнату жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жұмыс алаңына 48 адам мен 4 техника жұмылдырылыпты.  
Алдағы уақытта саябақта баскетбол, футбол секілді басқа да ойын  алаңдары салынады деп күтілуде. Сонымен бірге, бұл ауданда «Оқушылар сарайын» салу, аквапарк, этноауыл, тағы да басқа ойын-сауық ғимараттарын салу жоспарға алынып отыр.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар